Алты мың вольт электр тоғынан қорықпайтын тау-кен шеберін ЭКСПО-дағы шіл еден шошытты (видео)
ERG Тобына қарасты "Шұбаркөл көмір" компаниясының тау-кен шебері Асхат Шәбденов пен оның 249 әріптесі таңмен таласа Қарағандыдан елордаға қарай жолға шықты. Сапар мақсаты – Экспо-2017 көрмесін аралап, кәсіптеріне қатысты жаңа білім үйрену. Кейін, көрмеден алған әсерлерін, оқудан үйренген дүниелерін Қарағандыдан келе алмаған басқа әріптестеріне жеткізеді.
"Компания қызметкерлері арасынан 250 жұмысшыны таңдап, Экспо көрмесі мен Астанадағы ауқымды семинарға жолдама берді. Еңбегі еленгендердің арасында мен де бар екенмін. Қатты қуанып тұрмын. Әзірге, сапарымыздан не күтерімді білмеймін. Экспо-2017 көрмесінің тақырыбы "Болашақ энергиясы" болғандықтан, осы саладағы қандай да бір ерекше жаңалықтармен танысамыз деген үміттемін", – дейді Қарағандыдан елордаға жолға шыққалы тұрған Асхат Шәбденов.
Бас-аяғы 61 мыңнан аса адам жұмыс істейтін ERG компаниясы Қазақстанның төрт аймағынан 6500 қызметкерін жаз бойы кезең-кезеңімен Астанаға әкелуді жоспарлап отыр. Қарағандының алдында Ақтөбе мен Хромтаудан 500 қызметкер келген болатын. Алдымен осы 6500 қызметкерге дағдарыспен күресудің жолдарын, дағдарысқа дайын болудың амалдарын, ұжымда нәтижелі жұмыс істеу мүмкіндіктерін, урбанизацияның себеп-салдарларын, кейбір мамандықтар жойылса, қалай әрекет етудің жолдарын үйрету мақсаты көзделген. Ал, осы 6500 адам көрген-білгендерін қалған әріптестеріне жеткізеді.
"ЭКСПО дегеніміз жалғыз ғана шар емес екен"
"Шұбаркөл көмір" қызметкерлері мінген үш автобус таңғы сағат 06.00-да Қарағандыдан қозғалып, сағат 10.30-да Астанаға, дәлірек айтсақ, Экспо-2017 көрмесінің дәл жанындағы EXPO village қалашығына келіп тоқтады. Ұйқылары қанбай, жолдан шаршаса да, көңіл-күйлері түспеген шұбаркөлдіктер жатын орындарына лезде орналасып, ЭКСПО көрмесіне асықты. Оларды қарсы алған ERG компаниясындағы астаналық әріптестері қауіпсіздік шараларын еске салып, компанияның бірдей формасын таратты.
Қызылсары жейде мен ERG компаниясының логотипі салынған телпек киген 250 адам төрт топқа бөлінді. Осылайша, уақыт үнемдеген шұбаркөлдіктер ЭКСПО-2017 көрмесінің бақылау пунктінен тез өтіп, топ-тобымен ұжымдық фотоға түсті. Үшінші топқа бөлінген Асхат Шәбденовпен бірге біз экскурсияны Германия павильонынан бастадық.
Германия павильонына кіре сала кенші жігіттердің көздеріне соңғы үлгідегі BMW i8 машинасы оттай басылды. Бірі "тамаша көлік" десе, енді бірі "Қарағандының жолдарына шыдамайды ғой" деп әзілдесіп, электр тоғынан қуат алатын темір тұлпардың жанында суретке түсу үшін кәдімгі кезекке тұрды.
Германия павильоны қарағандылық қонақтарды лазерь шоуымен де таңдай қақтырып, естен кетпес әсер қалдырды.
Түскі асқа дейін Германиядан бөлек, Испания, Австрия, Әзірбайжан, Түркия және Ресей елдерінің павильондарында болған Асхат пен әріптестері қалған уақыттарын тек Қазақстанның павильонын аралауға арнады.
Экспоға келушілердің көптігі сонша, "Нұр әлем" павильонына кіру үшін шұбаркөлдіктер бір сағат кезекте тұрды. Асхат Шәбденов Экспо-2017 көрмесі бір емес, бірнеше рет келіп көруге лайық шара екен дейді.
"Басқа павильондарға қарағанда, Қазақстанның павильоны өте ерекше екен. Әсіресе шіл еденнен зәремнің ұшқаны-ай. Тіпті, жүре алмай қалдым. Биіктіктен қатты қорқатынымды ЭКСПО көрмесіне келгенде білдім.
«Нұр әлем» павильонының әр қабаты әртүрлі тақырыпқа арналыпты. Мысалы, өзімізге жақын ғарыш тақырыбы. Барлық қабатты аралап үлгердім, тек күн энергиясына кіре алмадық. Өйткені, бір-бір жарым сағат кезек күту керек. Жалпы, басқа күндері де осындай кезек пе, жоқ па, білмеймін, бірақ біз аралаған күні адам өте көп болды. Сыртта да, іште де кезек.
Қазақстанның павильонынан басқа айсбергтің бір бөлшегін ұстатқан Ресейдің, өзіміздің мамандығымызға жақын тақырыптағы Түркия елінің және өмірді бимен көрсеткен Израильдің павильондары қатты әсер қалдырды. Мен өзім ЭКСПО көрмесін тек бір шар ғана шығар деп ойлағанмын, олай емес екен. Бір айдан соң отбасыммен бірге келіп, тағы аралаймын".
Көмір табатын кеншінің баламалы қуатқа қатысты көзқарасы қандай?
Асхат Шәбдендов "Шұбаркөл көмір" кенішінде 10 жылдан бері жұмыс істейді. Компаниядағы білікті тау-кен шебері. Халықты дәстүрлі қуат көзі, яғни, көмірмен қамтып отырған кеншінің күн, жел, су энергиясына деген көзқарасы өзгеше екен.
Loading...
"Қазір әлемде 7,5 млрд адам бар десек, енді бір 40-50 жылда 10 млрд адамға жетеді дейді. Бірақ, көмір мен мұнай, яғни, қазба байлықтар мәңгілік емес, таусылады ғой. Сондықтан, жерден, желден, күн мен судан таза энергияға алуды үйренсек, біз ұтар едік. Осылайша, табиғи ресурстарымызды да үнемдеуге болады. Ал, Қазақстанда өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесінің тақырыбы дәл осы проблемаларды қозғап отыр.
Сондықтан, біз бүкіл әлемге керек тақырыпты жан-жақты ашып, бүкіл әлемнің назарына түсіп отырмыз деуге болады. Ал, кенші ретінде айтарым, егер Қазақстан баламалы қуат көздерін дамытса, мен мамандығымды өзгертіп, жаңа талапқа икемделуге дайынмын", – дейді Асхат Шәбденов.
ЭКСПО-2017 көрмесінде кеншілердің жанына жақын павильон Түркия елінікі болып шықты. Асхат екі қабатты павильонды ұзақ аралады. Бауырлас түркі халқының ұтқырлығына, ұқыптылығына таң қалды.
Түріктер шыныдан жасалған әр баспалдақтың ішіне қазба байлықтарды маржандай тізіп қойған. Әрі еденді де шілден жасап, астына жылу магистралінің үлгісін орнатыпты. Бұның барлығы Асхаттың жұмысында күнде кездесетін элементтер. Түркия павильонының қызметкерлеріне зор алғысын айтып, суретке түсті.
Дағдарыс пен сын-қатер: Компания да, жеке тұлға да үнемі қозғалыста болуы керек
Іссапардың екінші күнінде шұбаркөлдіктер екі топқа бөлініп, "Компанияның қазіргі кездегі тұрақты даму жүйесі" атты оқыту, шеберлікті арттыру тренингіне қатысты. Болашақ энергиясы, дағдарысқа қарсы күрестің жоспары мен ERG компаниясының 5 жылдан кейінгі тыныс-тіршілігі жан-жақты айтылды. Саладағы біліктілікті арттыруға бағытталған оқу Асхаттың да, өзге әріптестерінің де көкейіне терең ой салған.
"Тренингтің басында ERG компаниялары тобының дағдарысқа ұшыраған кездерін еске алдық. Бұл – 2008 бен 2015 жылдар еді. 2008 жылы тек біздің компания емес, Қазақстан түгелдей осы кезеңнен өтті деуге болады. Бірақ, компания құрамындағы кәсіпорындар бірінің шығынын бірі жауып тұрды. Яғни, металл бағасы құлдыраса, оның шығынын көмір жауып отырды. Ал, бүгінгі оқуда компания мен жеке адамды салыстыра отырып, дағдарыстың алдын алу жолдары, дағдарысқа тап болса, одан шығудың амалдарын үйретті. Ең басты түйгеніміз – компания болсын, жеке қызметкер болсын алға ұмтылуы керек, дамуы ешқашан тоқтамауы керек екен", – дейді Асхат Шәбденов.
Семинарда айтылған басты мәселелердің бірі – ұжымдағы қарым-қатынас және басшылық пен қызметкер арасындағы байланысты нығайту туралы болды. Қатарынан 15 күн 180 адаммен бірге жұмыс істейтін Асхат Шәбденов үшін бұл өте керек тәжірибе болғаны сөзсіз.
"Менің жарты өмірім жұмыста өтіп жатыр десем, артық айтқандық емес. Себебі,15 күн жұмыс істеп, 15 күн демаламын. Бір ауысымдағы адамдар тату отбасыға айналдық, өйткені, екі апта бойы бір дастарханнан шәй ішіп, бір жерде ұйықтаймыз. Ал, 15 күн демалыстан соң, жұмысты да, ұжымды да сағынып келеміз. Біздің жұмыста ең бастысы – сыйластық. Бәріміз ер адамбыз, сондықтан, ерегесу, ашу-ыза болған жерде жұмыс жүрмейді. Орысы бар, қазағы бар, татары бар, әзірбайжаны бар, бір үйдің ағайынды жігіттері сияқтымыз. Бөлінбейміз. Бөлінгенді бөрі жейтінін білеміз. Ұжым болғаннан кейін қиындықта да, қуанышта да бір-бірімізді ұмытпаймыз".
Міне, ең кіші дегенде, биіктігі 10 метр, жалпақтығы 14 метр экскаваторда, алты мың вольт электр тоғымен жұмыс істейтін тау-кен шебері Асхат бұл екі күндік сапардан жеке басыма да, жұмысыма да қажет тәжірибе жинап қайттым дейді.