Көше өнерпаздарының сахнасына айналған Алматыдағы Жібек жолы көшесінің орталық алаңы бірнеше жылдан бері ел арасында Арбат деп аталады. Мұнда жаны әнге құмар кез келген адам сүйікті аспабында ойнап, өлең айта алады. Тіпті аспапта ойнай білмегендерге үйренуге мүмкіндік бар.

27 жасар Жәнібек Төлеуов Арбатта екі жылдан бері ән айтады. Сұранысқа ие әрі көпшіліктің көңілінен шығатын әндерді шебер орындайды.

– Мен 9 сыныптан бері гитара тартып, өлең айтқанды жақсы көремін. Аспазға оқығанмын. Мамандығым бойынша біраз уақыт жұмыс жасаған соң бәрібір өзімнің сүйікті ісіме қайтып келдім. Мен өлең айтқаннан ләззәт аламын.



"Дауыл" тобы құрылғанға дейін Жәнібек Арбатта жалғыз өлең айтқан / Фото informburo.kz


Кешкі уақытта Арбатқа барсаңыз, қолдарына түрлі музыкалық аспаптарын ұстаған әр жастағы орындаушыларды көруге болады. Бірі ретро, бірі заманауи өлеңдерді айтып, қыдырушылардың көңілін көтереді. Тіпті көшедегі көлденең көк аттылар да тұра қалып тыңдайды.

– Мен Арбатта екі жылдай жалғыз ән айтып жүрдім. Сосын жеке дауыста мен сияқты ән айтып жүрген жігіттермен танысып, араласа бастадым. Бұл жерде адамдар бірін-бірі жатырқамайды. Кейін үш дауыста өлең айта бастадық. Осылайша топ құрылды, – дейді "Дауыл" тобының мүшесі Жәнібек.

Арбатта құрылған "Дауыл" тобының ән салып жүргеніне бір жыл ғана болған. Бұл топтың ерекшелігі джем мен гитарада ойнап, бірге ән салады.

Арбат сахнасында тек үш сағат өнер көрсетеді

Арбаттағы көше өнерпаздарын жағдайы төмен немесе қайыршылар деп қабылдау қате пікір. Өйткені жастарды ақша табу қызықтырмайды, оларға ең бірінші тыңдаушыларының қолдауы мен қошеметтері керек, одан кейін өзінің өнерін паш ету маңызды. Өйткені олар осы жерде көреремен алдына шығып үйренеді, қолдаушылар табады. Ең бастысы тыңдаушыларының қошеметінен өздері шабыт алады.

Loading...

– Күніне Арбатта екі-үш сағат қана өлең айтамыз. Біз үшін өнерімізді көрсетуге жеткілікті. Мұнда біздің тыңдаушыларымыз бар. А студио тобының, Марсельдің тағы да басқа әншілердің өлеңдерін айтамыз. Енді енді өз әндерімізді шығара бастадық. Алайда авторлық құқығымыз қорғалмағандықтан, оларды көшеде орындай алмаймыз, – деді топ мүшесі Жәнібек.

Серенада айту сәнге айналды

Көше өнерпаздарының арнайы музыкалық білімдері жоқ. Жекелеген ән орындаушылар да музыкалық білімің бар ма деген сауалға басын шайқайды. Бірақ әнді орындаулары әсерлі. Тіпті жандарынан өтіп бара жатқандар еріксіз тоқтап, тыңдап тұрады.

– Біз үшін серенада айту қызық. Қазір жігіттер қыздарға сөз айтудың түрлі әдістерін ойлап табады. Соның бірі – серенада айту. Сөздерін өздері ұсынады. Жігіт жүрегінен шыққан сөздерін серенда арқылы жеткізеді. Біз серенада айтқан кезде жігіттің ұсынысынан бас тартқан қыз болған жоқ, – деді Жәнібек.

Ретро әндерге сұраныс көп

– Кейбір тыңдармандар арнайы келіп, өздерінің сүйікті өлеңдерін айту,а тапсырыс береді. Әсіресе, ретро әндерді сүйіп тыңдайтындардың ішінен қасымызда тұрып, қосылып шырқайтындары бар. Жанды дауыста айтқандықтан өзедері қаттыәсер алады. Сондықтан ретро әндерге тыңдарман көп жиналады.

– Тіпті әндерімізді ұнатқан кей адамдар тойға шақырып жатады. Әрине ол кезде тегін өнер көрсетпейміз. 40-50 мың теңге көлемінде сыйақы аламыз. Ал бұл жерде де табысымыз жаман емес. Күніне он мың теңге табуға болады. Біз өзіміздің студияда күнде дайындаламыз. Көшеде кез келген әнді айтып кетпейміз. Тек тыңдармандар өтініп сұраған кезде ғана айтамыз.

"Дауылдатып өлең айтып, қайыршы емес, өнер иесі екенімді дәлелдедім"

– Ал топтың "Дауыл" деп аталуына мен себепші болдым. Бір ағам үйіне барып өнер көрсеткенімізде риза болып, "сендер әнді айтқан кезде дауылдатып айтасыңдар" дейтін. Сол есімде қалған болар топ мүшелеріне "Дауыл" деп атайық ұсыныс жасаған едім. Олар қарсы болған жоқ.

– Қазір мен еш жерде жұмыс жасап жүрген жоқпын. Ата-анам басында көшеде ән айтқаныма қарсы болды. Басқа балалар сияқты білім алып, белгілі бір мамандық иесі болғанымды қалады. Қазір мойынсұнды. Өйткені менің таңдауыма құрметпен қарайды. Мен оларға көшеде тұратын қайыршы емес, өнер иесі екенімді дәделдедім.

Арбатта бишілер де бар

– Мен көшеде өскен балалардың бірімін. Күндіз жұмыс істеймін. Биден сабақ беремін. Ал гитара тартуды бес жыл бұрын үйрендім. Кешке келіп, осында би билеп, ән айтамын. Өйткені бұл жерде өлең айтатын адамдардың дені кешке жиналады, – деді Милорд.

Loading...

Милорд Маковедцский 27 жаста. Хореограф. Бас гитарада ойнайды. Ол көшеде гитараны тоққа қосып ойнай алмайтын болғандықтан, өнерімді толық көрсете алмай отырмын дейді. Әрі он жылдан бері бимен айналысады. Топ мүшесі Жәнібекпен бірнеше жыл тойларда бірге рэп билеп, табыс тапқан. Кей кездері айтқан әндерге билеп, көшеде кішігірім қойылым қояды.

Арбатта студенттер де өнер көрсетеді

"Дауыл" тобының үшінші мүшесі 21 жастағы Қанат Әмірқұл – Қазақ Технологиялық университетінің студенті. Топта джем аспабында ойнайды.

– Мына джем аспабында ойнауды осында үйрендім. Арбатта өнер көрсетіп жүрген жігіттен 50 мың теңгеге сатып алдым. Әр елдің джем аспабы әртүрлі болады. Менің қолымдағы американдық үлгісі. Гитарада да ойнай аламын.


Топ мүшесі Қанат джем мен гитарада ойнауды арбатта үйренген / Фото informburo.kz

– Арнайы музыкалық білім алу ойымда бар. Кішігірім конкурстарға қатысып көрдім. Нәтижесіз болды. Үлкен сахналарды жаулап алғымыз келеді. Сахнада өнер көрсетуге шақырып, бізге ұсыныс жасаған адамдар болды. Бірақ артынан өздері үнсіз қалады. Қазір үлкен сахнаға жол ашып беретін продюсер болса, қарсы болмас едік, – дейді.

Өнерге қошемет көрсетушілер табылады

– Басымыздан түрлі қызық оқиғалар да өтеді. Бірде Шарын шатқалына дем алушылар өздерімен бірге тегін барып қайтуға шақырған. Қайтар жолда түсіп қалып, Көлсайға бармақ болдық. Қалтамызда он мың теңге ғана бар. Бір адамды 4500 теңгеге апарады таксистер. Ал біз ән айттып, барған жерде көңілдерін көтеріп, қайтарда сол демалушылармен тегін қайттық. Ән айтудың осындай көмек беретін кездері болады.

Көше өнерпаздары қыстың қатты суық күндері ғана өнер көрсетпейді. Өйткені саусақтары суықтан икемге келмейді екен.



"Дауыл" тобы заманауи әндермен қатар ретро әндерді де орындап жүр/ Фото informburo.kz


– Қақаған аязды күндері де өнер көрсеткен кезіміз болған. Өйткені бірнеше күн қатарынан Арбатта өнер көрсетпей қалсақ, талантымызды тұншықтырғандай боламыз. Біздің тоңғанымызға қарамай, өлең айтып тұрғанымызды көрген адамдар кофе, шәй ұсынатын кездері болды. Бірақ өздері тыңдап тұра алмайды. Өйткені күн суық.

– Көшеде өнер көрсетуге ешкім кедергі келтірмейді. Біз заң бұзған емеспіз. Қайта Алматы қонақтарының көңілін көтереміз. Мақсатым нағыз өнерпаз ретінде танылу.

Джем суырып салма талантын дамытады

Джем музыкалық аспабы көше өнерпаздары арасында кең тараған. Кез келген тақырыпта суырып салма талантын көрсетуге мүмкіндік беретін бірден-бір құрал. Джем аспабын ұру арқылы рок стилінде де өлең айтуға болады. Көше өнерпаздары оны өздерінің әндеріне дем беретін әрі сүйемелдейтін аспап деп есептейді. Оны тыңғылықты үйренуге бір-екі апта керек. Ал гитара тартуды меңгеруге бұдан да көп уақыт кетеді.

Жәнібек бүгін көшеде ән айтқанмен, болашақтарының жарқын болатынан сенімді.

– Біз өмір бойы көшеде ән айтып жүре бермейміз. Қазір бұл жерде уақытты жақсы өткіземіз. Әрі ақша табамыз. Жаңа достармен танысамыз. Әндеріміз тыңдарманның жүрегінен орын тапса, үлкен сахналарға жол ашылуы мүмкін, – дейді Жәнібек.

Әлемге танымал жұлдыздар да көшеде өлең айтудан бастаған

Жалпы көшедегі өнерпаздық басқа елдерде кең тараған. Оларға көшедегі тыңдармандар үлкен қошемет көрсетіп, қолдау көрсетеді. Тіпті бірге би билеп, ән айтады. Ресейдің Москва қаласындағы метро станцияларында арнайы байқаулар да өткізіліп тұрады.

Әлемге аты танымал біраз әншілердің музыкаға қатысты өмір баспалдақтары көше мен метрода ән салудан басталған екен. Солардың бірі, ағылшын әншісі Стингтің өткен өмірін Лондон метросымен байланыстырады. Бірнеше музыкалық премиялардың лауреаты атанған ол бір күндері метроға түсіп, жастық шағын еске алған. Сол кезде 40 фунт стерлинг тапқан екен.

Ал Джастин Бибер де сабақ арасында қолына гитара алып, көшені басына көтере айтқан әсем даусымен көрермен жинаған. Әлі де концерттерінде бос орын болмайтын оның танымал болуына көшеде өлең айтуы себеп болған.

Әлемге танымал U2 рок тобының әншісі Боно да отанына деген сүйіспеншілігін білдіру үшін Ирландия астанасы Дублиннің көшелерінде Рождество қарсаңында тұрғындармен бірге мерекелік өлең айтқан.

Алмас кездік қын түбінде жатпайды. Осылайша туа біткен талант иелерінің әнге, өнерге деген шексіз махаббаттары көше арқылы оларды әлемге танытқан.