Алматыдағы Globus сауда ойын-сауық орталығында екпе алған тұрғындары арасында жүлделі ұтыс ойындары өтті. Орталық базасындағы егу пунктінде коронавирусқа қарсы екпе алған жүзден астам алматылыққа олжалы болса, бас жүлде IPhone 12-ні 20 жастағы медбике Әлім Марғұл иеленді.

"Егу пункті біздің орталықта орналасқандықтан оны алу өте ыңғайлы болды. Қала тұрғындары келіп, екпе жасай бастады. Оларға қолдау көрсетіп, сыйлықтар ойнатуды шештік. Бұл Globus СОО-ның қолдауы", – деді Globus орталығының маркетологы Далия Жақыпова.


Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында екпе алғандар арасында тау велосипеді, тоңазытқыш және Samsung Galaxy S21 ойнатылады


Сол күні Globus орталығында бірқатар басқа жүлделер ойнатылды.

Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарларда және қаланың сауда ойын-сауық орталығында 212 вакцинация пункттері жұмыс істейді. 1 260 адамнан тұратын 308 егу бригадасы жұмылдырылды.

Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2 маусымдағы жағдай бойынша вакцинаны 307 981 адам алды, оның ішінде 5 115 полиция қызметкері, 23 240 педагог, 29 136 медицина қызметкері. Егілгендердің жалпы санынан 60 жастан асқан  30 737 адамды құрайды. Бүгінде екі компонентпен егілгендер саны – 190 036 адам.