Пәтер иелерін осы қуанышымен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова құттықтап, оларға үйдің кілтін табыс етті.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында баспананың кілтін алған Бақыт Селимбекова өзін лоторея билетін ұтып алған адамдай сезініп тұрғанын жеткізді. Үш жыл бұрын кезекке тұрған ол биыл баспаналы боламын деп ойламаған. Банкке құжат өткізген соң бір аптаның ішінде баспана іздестіруіне рұқсат алған. Ол бүгін 42 шаршы метрден тұратын Ақсай 5 ықшам ауданында орналасқан пәтердің кілтін қолына алды. Тіпті балалары баспананы көру үшін мектепке бармаған.


Бақыт Әлімбекова балалырымен жаңа пәтерін көруге келді / Фото informburo.kz

Алты жыл бойына пәтер жалдап, бөтеннің босағасынан шаршаған балалар енді басқа пәтерге көшпейтініне қуанышты. Олар Алматының көркін аядай жалдамалы пәтердің емес, енді өз үйлерінің терезесінен қарап, тамашалайтын болды.


Бақыт балаларымен қаланың әсем табиғатын тамашалап тұр / Фото informburo.kz

Бақыт баспана қарастырған уақытта мектеп пен балабақшаның жақын болуын басты назарға алған. Баласының үлкені Дәулет биыл 11 сыныпты бітіріп жатыр. Ал үш жастағы кенжесі Жарқын балабақшаға барады. Анасына кішкентайларды бағуға көмек көрсетіп жүретін қыздың үлкені Жания көп қабатты үйдің ауласындағы балалар ойнайтын алаңның бар болғанына ерекше қуанды. Енді ол бауырларын сол алаңда ойнататынын айтты.


Ойын алаңында Бақыттың балалары алаңсыз ойнайтын болды / Фото informburo.kz

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне баспананың алғашқы жарнасы 1 млн теңгені Алматы қаласының әкімдігі төлеген. Жеке фирмада еден жуушы болып жұмыс жасайтын Бақыт үйді 19 жылға рәсімдеді.


Әлімбековтар отбасының алған үйі автобус аялдамасына да жақын. Ол балаларының қаланың кез келген жеріне қиналмай жететінін айтты / Фото informburo.kz

Ақсай 5 ықшам ауданының бүгінгі жаңа тұрғындарының бірі төрт баланың анасы – Наталья Мыктыбаева. Ол да армандаған пәтеріне қол жеткізді. Үлкен қызы 15 жаста. Кенжесі 2-де. Туысқандарының үйін паналап жүрген олар енді кенжесін балабақшаға беріп, жұмысқа шығуды жоспарлап отыр.


Наталья үлкен қызымен жаңа пәтерін көруге келді / Фото informburo.kz

Наталья үлкен қызымен үйлеріне жақын орналасқан мектепке құжаттарын тапсыру туралы талқылап тұр. Енді ол терезеден ауладағы алаңда ойнап жүрген балаларын бақылап отыруға мүмкіндік болатынын айтты.


Наталья қызымен терезеден қарап тұр / Фото informburo.kz

– Елбасының тапсырмасы бойынша біз көпбасылы отбасыларға барынша қолдау көрсетудеміз. Дәл 2 апта бұрын Мемлекет Басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші Аналарды қолдау орталығы ашылып, онда шамамен 1000 отбасы аталған бағдарлама бойынша қажетті ақпаратты алды. Сондай-ақ, 400-ден астам балалар тегін балабақшаға бара бастады. Ал, 3 мың үздік оқушы мен студент наурыз айынан бастап жергілікті бюджет есебінен ай сайын шәкіртақы алуда. Бұған қоса, жаңа мамандықтар бойынша жұмысқа орналастыру мен қайта білім беру шаралары жүргізілуде, – деді Бауыржан Бәйбек.

Келіп түскен өтінімдерді қарастыру барысында "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысушылардың көпшілігі үй кезегіне 2016-2018 жылдар аралығында тұрғаны анықталды. Олар кезек бойынша 6-10 мыңшы орында болғандықтан, үйді ең кем дегенде 5-6 жылдан кейін алулары жоспарланған болатын. Алайда, "Бақытты отбасы" бағдарламасының арқасында, олар бүгін көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп, жаңа қоныс иесі атанды.


Фото informburo.kz

"Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысу үшін өтініштер бір ай бойы http://www.baqytty-otbasy.kz порталында онлайн-режимінде қабылданды. Одан кейін, қала әкімдігі құжаттарды тексеріп, жеңілдетілген несиеге үміткерлер тізімін бекітіп, олардың төлем қабілеттілігін анықтау мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жолдама берді.

– Қазіргі сәтте, 345 отбасы Тұрғын үй құрылыс банкіне хабарласып, несие алу үшін өтініш берді. Олардың 195-сі өздігінен пәтер тауып, несиені рәсімдеуге дайындық үстінде. Ал 12 отбасыға 180 млн теңгелік сомаға несие берілді. Олар бастапқы жарнасы 10%-ды құрайтын несиені жылдық 2 пайызбен алды. Ал бастапқы жарнаны төлей алмайтын отбасыларға Алматы қаласының әкімдігі көмек ретінде 1 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификаттарын берді, – деп атап өтті Жанар Жұбаниязова.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша займдар жаңа үйлерден пәтер сатып алу мақсатында беріледі. Несиенің ең жоғары сомасы 15 млн теңгені құрайды.