Зейнетақы қорынан 450 млрд теңге "ҚазАгро" холдингінің облигацияларына құйылды

Зейнетақы қаражаты 10% сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға қарызға берілген. ҚР Ұлттық банкі атап өткендей, "ҚазАгро" холдингі – бағалы қағаздар нарығындағы сенімді қарыз алушы. Оған салынған инвестиция Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшыларына жыл сайын біршама инвестициялық кіріс әкелетін болады. Екінші жағынан, саланы қаржылай қалыпқа келтіру есебінен агроөнеркәсіптік секторды одан әрі дамытуға және жетілдіруге жол ашылады-мыс.

Коммуналдық қызметтер тарифтерінің төмендеуінен қазақстандықтар 27,5 млрд теңге үнемдейді

ҚР Ұлттық экономика министрлігі аймақтардағы тарифтердің төмендеуіне байланысты халықтың үнемдейтін қаражатын осылай есептеп тастапты. Вице-министр С.Жұманғариннің айтуынша, бірқатар өңірлерде коммуналдық тарифтер аразандаған. Мәселен, Алматы қаласында орташа ауданы 60 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерге қазір коммуналдық қызметтер үшін 14 483 теңге төленсе, келесі жылдан бастап аталған төлем 13 128 теңге болады, яғни 1 353 теңгеге түскен. Ал, Астанада екі бөлмелі пәтердің коммуналдық төлемдері 10 666 теңгеден 9 604 теңгеге арзандайды. Шымкенттіктер айына орта есеппен шығатын 13 778 теңгенің орнына 12 447 теңге төлеп, 1340 теңге үнемдейді екен.

Қазақстанда жаңа пәтерлер бір жылда 5 пайызға қымбаттапты

Елімізде жаңа пәтерлер нарығындағы баға саясаты тұрақтанған. Бір жылдың ішінде жаңадан салынған пәтерлердің шаршы метрінің бағасы 5 пайызға артып, 266 мың теңгеге жеткен. Кейбір қалаларда бастапқы нарықтағы пәтерлердің құны төмендегені байқалады. Мысалы, Ақтауда баға 4,2%-ға, ал Көкшетауда 4,5%-ға, Павлодар мен Петропавлда 24%-ға арзандаған. Бұл аталған аймақтарда мемлекеттік бағдарлама бойынша үйлердің жаппай салынуымен түсіндіріліп отыр.

Алматыдағы бірқатар кондитерлік цехтың өнімдерін зең басып, көгеріп кеткені анықталды

Қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті мамандары жүргізген тексеру нәтижесінде көптеген тағам шығаратын цех жұмыстарында азық-түлік (тұз, ашытқы, құрғақ жемістер) қауіпсіздігін растайтын құжаттар түгел болмй шықты. Цехтарда жұмысшылардың денсаулығын тексермейді екен. Анықталған сорақылықтар мұнымен де бітпейді. Қоймаларда ауа температурасы мен ылғал көрсеткішін өлшейтін және зарарсыздандыратын құралдары жоқ болып шықты. Ал тоқашты байытылмаған (фортификацияланбаған) ұннан пісірген.

"Balkaymak" ЖШС сауда үйінің "Ай" печеньелерінен микроағзалар табылды. "Медовый со сгущенкой" өнімінен де микроағзалар табылған, өнімдері көгеріп кеткені анықталған. "Медовик" тортынан да микробтар табылған, көгере бастаған. "Магия любви" тәтті өнімін де зең басқан, көгеріп кеткен. Осылайша санитарлық норманы бұзған 14 кондитерлік цехқа 697 450 теңге айыппұл салынды.

Жайық өзенінен 5 тоннна өлген балық шығарылды

Мемлекеттік органдар Атырау облысында не себепті балық жаппай қырылып жатқанын әлі анықтау үстінде. Өлі балықтар Жайықтың әр тұсынан қалқып шығып жатыр. Балық өлекселерінің видеосы әлеуметтік желілерде де қаптап жүр. Атыраулықтар бұл жағдайдың қауіпті тұсы барын айта бастаған. Ал, орман шаруашылығы комитеті оны жоққа шығарып отыр. "Қазіргі уақытта Жайыққа су ағызатын барлық кәсіпорындар тексеріліп жатыр", – деп хабарлады Комитеттің баспасөз қызметінен.

Жамбыл облысындағы газ өңдеу зауытынан өрт шығып, екі жұмысшы зардап шекті

20 желтоқсан күні сағат 08.27 кезінде "Амангелді ГӨЗ" ЖШС-нің Тараз филиалында мұнайды қыздыру пешін қосқан кезде, мұржадағы газ және ауа қоспасы жарылып, мұнай қалдықтары өртеніп кеткен. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, өрт сағат 08.39-да ауыздықталып, 09.08-де толығымен сөндірілген. Оқиға салдарынан 1987 және 1995 жылғы екі жұмысшы күйіп қалып, ауруханаға жеткізілген.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем жүйесі енгізіледі

Келер жылдан бастап жылдық табысы ең төменгі жалақыдан аспайтын бейресми жұмыспен қамтылғандарға бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізіледі. Заң жобасын әзірлеушілердің сөзіне қарағанда, БЖТ-ны төлеу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. БЖТ жұмыс істейтін азаматтарға 4 міндетті төлемді бір реттік төлеммен алмастырады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Sputniknews.kz: Латын әліпбиіндегі қазақша пернетақта қандай болады? Қазақ тілінің жаңа пернетақтасының екі нұсқасы білім және ғылым министрлігіне жіберілді. Пернетақтаны жасап шығарғандар қазақ тілінде ең жиі қолданылатын әріптерді анықтаған. Олардың қорытындысы бойынша, сөздік қордың 80%-ында негізінен 42 әріптің 19-ы пайдаланылады. Бірінші нұсқада стандартты пернетақтаны толықтай өзгертіп, көбінесе қатар кездесетін әріптерді бірге орналастырды. Екінші нұсқада стандартты пернетақта еш өзгертілмеген, бірақ оң жақта латын әріптерінің батырмалары тұрады.

Inform.kz: Есірткі сатқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі таратушыларға қатысты қатаң жазаны қолдану керектігін айтты. "Есірткіні таратушыларға қатысты сенаторлар сот әрі қылмыстық қудалау тәртібін күшейтуге күш салуы керек. Осы орайда, қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыру жауапкершілігін немесе одан да қатаң жазаны қарастырған жөн болар. Өйткені бұл мәселе мемлекеттің ұлтық мүдделерімен шектесіп тұр. Сондықтан осы заңсыз әрекеттер лаңкестік іс-қимылдарға теңестірілуі мүмкін", – деді Қ.Тоқаев Сенаттың жалпы отырысында.