2019 жылы кинотеатр ғимаратын жеке инвестор сатып алған. Кәсіпкер алдағы уақытта онда кино көрсетілімдерін іске қосудан бөлек, мұражай мен балаларға арналған балмұздақ кафесін ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы inAlmaty.kz сайты хабарлады.

Алматының қоғамдық кеңесінің отырысы барысында Түрксіб ауданы әкімдігінің өкілдеріне кеңес заманында танымал болған "Шұғыла" балалар кинотеатрының болашағы туралы сұрақ қойылды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, кинотеатр ғимараты жекенің қолында және 2001 жылдан бастап нысанның қожайыны бес рет ауысқан.

"2000 жылдардың басына дейін кинотеатр "Отау Синема" желісіне кірген. Содан кейін ол қараусыз қалды, бірақ 2019 жылы ғимараттың жаңа иесі пайда болды. Бұл өте танымал компания және олар қазір ғимаратты қайта құру үшін техникалық шарттарға құжаттар тапсырды. Олар онда үлкен көне автомобильдер мұражайын ашуды, сонымен қатар кинотеатрдың өзін сақтап, балалар балмұздақ кафесін ашуды жоспарлап отыр. Ғимарат иесінің өзі осы кинотеатрдың жанында өсіп, бала кезінен бастап ондағы балмұздақ кафесіне барған. Ол оны сол стильде қалпына келтіргісі келеді және барлығын ретро автомобильдермен жабдықтап, ретро стильде безендіргісі келеді. Бірақ сонымен бірге кинотеатрдың өзін заманауи үлгіде жабдықтайды", – деді Түрксіб ауданы әкімдігінің қызметкері.


Оқи отырыңыз: 17 сәуірден бастап Алматыда Ashyq жобасына қосылған кинотеатрлар жұмыс істейді


Әкімдік өкілінің айтуынша, ғимараттың сыртындағы алюкобонд материалы алынып, бұрын болған барельефті кеңестік қасбет қалпына келтіріледі.