Алматыда вакциналау электронды паспортын сату туралы ақпараттан соң арнайы қызметтік тергеу басталды
Ақпаратта бірнеше емхананың вакцина алғаны жайында электронды паспорт сататыны хабарланған.Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында "Коронавиурсқа қарсы вакциналаудан өткеннен кейінгі электронды паспорт сату бойынша жаңа бизнес" туралы материал жарияланды. Қоғамдық денсаулық басқармасы мұндай іс-әрекеттің қылмыстық сипатта екенін және заңмен қудаланатынын ресми түрде хабарлады. Аталмыш материал бойынша арнайы қызметтік тергеу жұмыстары басталды.
"Қазіргі уақытта вакцина алғандығы туралы электрондық паспортты беру фактісі расталмады. Сонымен қатар, барлық медициналық ұйым мен РЭДО-ның ақпараттық жүйелері және дерекқорлары толық салыстырып тексерілуде. Аталған ақпарат расталған жағдайда, тергеу нәтижелері заңға сәйкес шаралар қолдану үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі", – делінген Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, Қоғамдық денсаулық басқармасы вакциналау мәселелері бойынша жүйелерге қол жеткізе алатын қызметкерлермен алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Қызметтік тергеу барысы туралы ақпарат қосымша хабарланады.
Еске сала кетсек, "Евразия" бірінші арнасы алматылық алаяқтардың 15 мың теңгеге вакциналау паспортын сататыны жайлы ақпарат таратты. Вакциналау электронды паспорты вакцина алғаннан кейін eGov.kz порталы арқылы беріледі.