Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1 миллион теңгеден төленеді
50 мың теңге мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмек қайтыс болған ардагерлердің жұбайларына да беріледі.Жеңіс күнінің 76 жылдығын мерекелеу аясында биыл Алматыдағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 1 миллион теңгеден төленетін болды. Сондай-ақ, 50 мың теңге мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмек бейбіт уақытта қайтыс болған еңбек майданының қатысушылары мен ардагерлерінің жұбайларына да беріледі.
Ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражатынан 17 мың адамға, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, оларға теңестірілген адамдарға, еңбек майданының қатысушыларына және басқа да санаттарға біржолғы төлемдер жүргізу жоспарлануда. Оған жергілікті бюджеттен - 1,2 млрд.теңге бөлінді. Тиісті шешімді қаланың Мәслихат депутаттары қолдады.
Осылайша төлемдер келесі көлемде бөлінеді:
- 1 млн теңге – ҰОС қатысушылары мен мүгедектері (123 адам);
- 100 мың теңге – ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға, басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің қайта некеге тұрмаған жесірлеріне, Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде жаралану, контузия алу, мертігу, ауру салдарынан қаза тапқан немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің ата-аналарына және қайта тұрмыс құрмаған жұбайларына (4 мыңға жуық адам);
- 50 мың теңге – ҰОС кезінде тылда жұмыс істеген, соның ішінде КСРО медальдарымен және ордендерімен марапатталғандарға, сондай-ақ марапатталмағандарға, қайтыс болған ҰОС мүгедегінің немесе жеңілдіктер бойынша ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамға, қайтыс болған ҰОС қатысушының, партизанның, астыртын күрескердің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған, жалпы ауруы, еңбекте мертігуі және басқа да себептері салдарынан мүгедек деп танылған азаматтың жұбайына қайта некеге отырмаған жағдайда (12 мыңнан астам адам) төленеді.
Оқи отырыңыз: "Хабар" агенттігі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктері жайлы естеліктерді жинайды