Орталық қалалық клиникалық ауруханаға коронавирус инфекциясын жұқтырған 72 жастағы науқас ауыр жағдайда жеткізілді. Дәрігерлер шұғыл компьютерлік томография жасап, тексеру кезінде науқастың өкпесінің 90 пайызы зақымданғаны анықталыпты. Стационарда 6 күн жатқаннан кейін де науқастың жағдайы түзелмей, оң аяғында ауырсыну пайда болған.

Осыдан кейін дәрігерлер дереу қарияның аяғының төменгі жағына ультрадыбыстық зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде оң жақ аяқтың тері астындағы тамырларының жедел ісіп келе жатқан варикозды-тромброфлебиті диагнозы белгілі болды. Науқасқа шұғыл түрде хирургиялық көмек көрсетіліп, сол күні дәрігерлер кроссэктомия отасын жасады.

"Кроссэктомия – бұл аяқтың тамырларына жасалатын хирургиялық операция. Ота кезінде тері астындағы үлкен тамыр мен оның санның көктамырына құятын орны анықталды. Санның көктамырынан 0,5-1,5 см аралықта тері астындағы тамыр, сондай-ақ оның барлық салалары байланды. Барлық манипуляциялар өте мұқият жүзеге асырылады, өйткені жамбас артериясы жақын орналасқан. Оның үстіне, ұйыған қанның тері астындағы тамырдан жамбасқа қарай ауысу қаупі болды. Операция шамамен 1,5 сағатқа созылды. Ота сәтті өтті", – дейді ОҚКА хирургі Нұрлыбек Амангелдин.


Оқи отырыңыз: Коронавирусқа қарсы екпе алғандардың ағзасында антидене екі жылға дейін сақталады


Қария 16 күн бойы КВИ-дан ауруханада емделді және операциядан кейін төсек режимінде болды. Дәрігерлердің шұғыл көмегінің арқасында науқастың жағдайы оңалып, үйіне шығарылды.