Алматыда ауруханаға тәулігіне 300 науқас коронавируспен жатқызылса, локдаун енгізіледі
Егер Алматыда ауруханаға күн сайын covid-19 жұқтырған 300 науқастан жатқызылатын болса, қалада локдаун жарияланады. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Оның айтуынша, қалада карантиндік шектеулерді қатаңдату өз тиімділігін көрсетті. Сондықтан, жағдайды ушықтырып алмай, шектеу шараларын сақтау қажет.
"Біз шектеу шараларын одан әрі жалғастыруымыз керек. Өйткені, жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін. Бүгінгі таңда бізде ауруханаларда 3 400 төсек-орны бар, олардың жүктемесі 40%-дан аспайды. Бұл ретте бізде 7 мың резервтік төсек-орын болды, бірақ ол да таусылуы мүмкін", – деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитардың түсіндіруінше, егер Алматыда күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырудың 5 мың жаңа жағдайы тіркелетін болса, онда барлық төсектер бір инкубациялық кезең аяқталғанға дейін бос болмайды.
"Егер тәулігіне 300 адам ауруханаға жатқызылса да, әрине, қала локдаунға жабылады. Егер біз алдын алу шараларын әрі қарай қабылдамасақ, онда бізге бүкіл салалардың жұмысын тоқтатып, толығымен оқшаулану керек болады. Біздің міндетіміз – бұған жол бермеу. Сондықтан, ерте бастан қамданған жөн", – деді Бас санитар дәрігер.
Оның айтуынша, локдаун қоғамдық тамақтану орындарының, сауда орталықтарының, қызмет көрсету саласының қызметін толық тоқтата тұруды көздейді. Әрі халық арасындағы қозғалысқа да тыйым салынады. Оқушылар мен студенттерді толығымен қашықтан оқытуға ауыстыру қажет болады. Тәулігіне 300 адам ауруханаға жатса, қалада ішкі локдаун жарияланады, бірақ, халықтың жүріп-тұруына тыйым салынбайды. Ал науқас саны 500-ге жеткен кезде қала толық жабылады.
Жандарбек Бекшин қазір қоғамдық ұйымдармен, бизнес өкілдерімен қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және "қызыл аймақтан" шығу үшін қандай шаралар қабылдау керектігін талқылау қажет екенін айтты. Сондай-ақ, ол "елде коронавирустың жаңа штамдарын жұқтыру жағдайлары тіркелді ме?" деген сұраққа да жауап берді.
"Әзірге Қазақстанда басқа штамдар жоқ. Менің ойымша, екі аптадан кейін біз жаңа штамдардың бар-жоғын айта аламыз", – деді Жандарбек Бекшин.