Алматы облысын ауыз сумен қамтамасыз етуге бөлінген 500 млрд теңге қайда кетті? Жаңалықтарға шолу
249 көпбалалы отбасы баспаналы болды
Елімізде көпбалалы отбасыларға пәтер беру басталды. Тұрғын үй қатынастары жөніндегі жаңа заң жүзеге асырылған алғашқы күні елімізде 249 отбасы баспаналы болды. Құжаттың қабылдануы Үкімет пен әкімдіктерге қысқа мерзім ішінде мұқтаж жандарды қысқа мерзім ішінде пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2019 жылы елімізде 6 мың көпбалалы отбасыға баспана беру жоспарланып отыр. Оның 1,2 мыңы пәтерге осы мамыр айында қол жеткізеді.
Қаламқастағы өрт бұрғылау компаниясы қызметкерлерінің кінәсінен болған
ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қаламқас кен орнындағы апатқа байланысты жүргізілген тергеу жұмыстарының қорытындысын жариялады. Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажановтың айтуынша, комиссия "Си Бу" Инженерлік Бұрғылау Компаниясы" ЖШС-нің ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғанын анықтаған.
Мамандар ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны, мұнай және газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулардың талаптарын бұзып, цементтің қатаюын күтудің белгіленген уақытын (24 сағат) есептемеген. Бұған қоса өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативті-құқықтық акт талаптарын сақтамаған. Осыған байланысты тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жолданыпты.
ForteBank Kassa Nova банкінің 100% акциясын сатып алды
"Банк Kassa Nova" АҚ еншілес банк ретінде жұмысын жалғастыра отырып, салымшылар, кредиторлар мен инвесторлар алдындағы міндеттерін орындайтын болады.
Президент әлеуметтік көмектерге мұқтаждарды анықтауды тапсырды
Алматы облысында ресми сапармен жүрген Қ.Тоқаев Талдықорған қаласында жұртшылықпен кездесті. Онда мемлекет басшысы аймақтағы апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептердің проблемасы алдағы 2-3 жылдың көлемінде шешілу керектігін айтты. Бұл ретте өңірге қажетті 20 мектептің құрылысына 2020-2021 жылдары 29 млрд теңге бөлу қажеттігі сөз болды.
Облыс әкіміне медицина саласындағы кадрлар тапшылығын жоюды жүктеді. "7-20-25" бағдарламасы бойынша тұрғын үй сертификаттарын беруді тапсырды. Осы орайда Президент мемлекеттен берілетін жәрдемақыны тек оған мұқтаждар ғана алуы керектігін баса айтты.
Елордада жылу 4 мамырда өшіріледі
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек хабарлады. Шенеуніктердің айтуынша, биыл жылу маусымы кезінде қалада айтарлықтай апат болмаған.
Жатақханадан шыққан өрт кезінде 32 адам құтқарылды
Елорданың Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан жатақхананың екінші қабатындағы бөлме отқа оранды. 20 шаршы метр аумақты қамтыған өрт кезінде оқиға орнынан 32 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 28-і – балалар. Ал, 350 адам оқиға орнынан өздігінен шыға алды. Медициналық көмекке жүгінген 20 адамның 14-і – балалар. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Алматы облысын ауыз сумен қамтамасыз етуге бөлінген 500 млрд теңге қайда кетті?
Облыстағы жүздеген ауыл-аймақтың ауыз су проблемасы әлі шешілмеген. Соңғы 20 жылдың көлемінде бөлінген осыншама қаражаттың қайда кеткені белгісіз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев облысқа сапары кезінде осы мәселеге байланысты Есеп комитеті мен құқық қорғау органдары жауап беру тиістігін айтты.
Алматы облысының әкімі А.Батталов "басқа аймақтарға қарағанда бізде халықты ауыз сумен қамту деңгейі (86%) жоғары" деп ақталды. Айтуынша, облыстағы 732 ауылдың 200-інде ғана су жоқ.
Жұматай Әлиев Президенттікке үміткерлер тізімінен шығып қалды
Орталық сайлау комиссиясының жанынан құрылған лингивистикалық комиссия "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігінен ұсынылған кандидатты мемлекеттік тіл сынағынан өтпеді деп мәлімдеді.
Комиссия мүшесі Әділ Ахметовтың айтуынша, кандидат өзіне берілген уақытты толық пайдаланғанмен, жазба жұмысында 19 қате (пунктуациялық, стилистикалық) жіберген. Оған комиссия мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген шешім шығарды.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Доллар бағамы тағы да төмендеді. Қазақстан қор биржасының (KASE) бейсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 1 доллар үшін 380,78 теңгені құрады. Сейсенбі күнгі сауда-саттықпен салыстырғанда, шетел валютасының бағамы 0,35 теңгеге арзандады.
24.kz: Еліміздегі орташа айлық жалақының мөлшері анықталды. Жыл басында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 168 мың 489 теңгені құрады. Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда биыл қаңтар мен наурыз айлары аралығында орташа айлық жалақы 10,5%-ға дейін өсті. Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы кен өндіру өнеркәсібінде – 401 мың теңге. Ең төменгі деңгейі ауыл шаруашылығында, орман және балық шаруашылығында тіркелді – 93 мың теңге.