Тұрғындардың наразылығын тудыратын басты нәрсе автобустардың интервалдары тым ұзарып кеткен. Соның салдарынан жолаушылар қоғамдық көлікті ұзақ уақыт күтуге мәжбүр. Интервал стандартқа сай болуы үшін алғашқы аялдамадан соңғы аялдамаға дейінгі уақыт бір сағатты құрауы тиіс. Ал шын мәнінде, бір бағытқа төрт сағаттан астам уақыт жұмсайтын автобустар бар. Айталық, қазіргі таңда Алматы бойынша ең көп жол жүретін қоғамдық көлік – №124 бағыттағы автобус екен. Ол А нүктесінен Б нүктесіне дейін жету үшін 77 шақырым жолды жүріп өтіп, бұған 260 минут уақыт жұмсайды.

"Қоғамдық көліктердің интервалдары ұзарып кеткенінің өзге де себептері бар. Мәселен, қалада қоғамдық көліктер айналып өтуі керек темір жолдар мен жөндеу жүргізіліп жатқан жерлер бар. Бұл автобустарға қиындық тудырып, уақытты жоспарлауға кедергі келтіреді", – дейді "Алматы Көлік Холдингі" ЖШС маманы Нұрсұлтан Маратов.

Бір бағытта ең аз уақыт жұмсайтын №45 бағыттың уақыты – 190 минут. Оның өзі стандартқа сай емес. Өзге автобустардың жолға жұмсайтын уақыттары төмендегі суретте көрсетілген:


Автобустардың бір бағытқа жұмсайтын уақыты / Сурет "Алматы қаласы көлік холдингі" ЖШС-нен алынды

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Алматы түгел жарықтандырылады. Қаланы тағы қандай өзгеріс күтіп тұр?

Сонымен қатар, қала аумағының кеңеюі де қоғамдық көлік бағыттарының жиі өзгеруіне әкеліп соғады. Тұрғындардың талабы ескеріліп, автобустар қазір ықшам аудандардың ішін түгел аралап, шағын көшелермен де жүреді.

Мәселен, төменде көрсетілген №20 бағытты қоғамдық көліктің жолы тұрғындар талабымен бастапқы қалпынан мүлде өзгеріп кеткен:


№20 бағытты қоғамдық көліктің жолы / Сурет "Алматы қаласы көлік холдингі" ЖШС-нен алынды

Дәл осындай себеппен №56 бағытты қоғамдық көлік те Палладин көшесімен бойлап, ықшам аудан ішіне қарай кіруге мәжбүр болған. Бұған себеп сол жерден автобус қызметін пайдаланатын 45-50 адам болса, есесіне дәл осы автобусқа тұрақты мінетін 600 жолаушы қазір өзге қоғамдық көліктерге мінуге мәжбүр.

Оқи отырыңыз: Болашақта Алматы үздік жүздікке кіреді. Қала әкімі тағы қандай жаңалықтарды айтты?

Жолаушыларды автобус схемасы туралы ақпараттандыру төрт әдіспен жүзеге асады:

  • Салонда аялдамаларды хабарлау;
  • Қоғамдық көлік қозғалысы туралы web-қосымшалар арқылы хабарлау;
  • Электронды табло;
  • Аялдамалардағы карта.

Нұрсұлтан Маратовтың айтуынша, қазір интервалды қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр. Оның сөзінше, мәселені шешу үшін ұзақ маршруттарды екіге бөлу қажет. Интервалды қысқартудың ең тиімді жолы осы. Әйтпесе, 2019 жылы Алматыда төменде тізілген шаралар жүзеге асырылса да, мәселе оң шешімін таппай отыр:

  • Қоғамдық көлік бағыты 87 рет өзгеріске ұшырады;
  • 12 жаңа бағыт пайда болды;
  • Жаңа 200 автобус сатып алынды.

Urban Forum Kazakhstan сарапшысы Роман Барабановтың айтуынша, қоғамдық көлік мәселесін реттеуде қаладағы жер телімдері мәселесін шешу де үлкен рөл атқарады.

"Бізде қазір қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін ірі инвестициялар жетіспейді. Әйтпесе, жақсы нәтиже беретін жобалар аз емес. Мәселен, 2018 жылы күзде іске қосылған БРТ жүйесі тиімділігін көрсетті. Тимириязев көшесімен қоғамдық көлік арқылы жүретін адам саны 100 мыңнан 140 мыңға артты. Егер біз жерді дұрыс пайдалана алсақ, онда қоғамдық көлікті де реттей аламыз", – дейді сарапшы.