Әли Оқапов пен Гүлназ Жоланова қатысқан той видеосы тексерілуде
Шараға қатысушылар арасында Әли Оқапов, Индира Еділбаева, Гүлназ Жоланова мен бірнеше Instagram-блогер бар.Әлеуметтік желіде қазақстандық танымал жұлдыздардың қатысуымен өткен тойдың видеосы тарады. Бұл фактіні Алматы қаласының мониторингілік тобы тексеріп жатыр, деп хабарлайды Информбюро ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Видеодан кеш Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиеваның ұлы әнші Диас Аблаевтың туған күніне орай ұйымдастырылғанын аңғаруға болады. Шараға қатысушылар арасында Әли Оқапов, Индира Еділбаева, Гүлназ Жоланова мен бірнеше Instagram-блогер бар.
Қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Алматының мониторингілік тобы қазір бұл деректі зерттеп жатыр.
"Материал мониторинг тобына жіберілді. Іс-шара қай жерде өткенін анықтаймыз", – деді Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов.
Оның айтуынша, егер карантин талаптары бұзылғаны анықталса, мекеме иесіне 670 910 теңге (230 АЕК, 1 АЕК – 2 917 теңгеге тең), ал жеке тұлғаларға 87 510 теңге (30 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.