Қалаға үдере көшкен қазақ Алматыға сыймай жатыр не Алматы маңынан жер сатып алам десеңіз
Бейресми дерек бойынша қалаға күніне 2,5 млн адам кіріп шығады екен. Бірақ, қала маңындағы құжатсыз салынып жатқан үйлердің тұрғындары бұл есепке кірмейтіні анық. Демек, қалаға қыдырып немесе іссапармен келген жолаушылардан бөлек тағы бір әлеуметтік топ екі ортада есепсіз қалған, "санда да, санақта да" жоқ деген сөз.
Облыс аумағындағы ауылдар Алматыға бейімделуде
Бүгінде қала билігі тарапынан бұрын облыс аумағында болған ауылдарды Алматыға бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр Қарасай мен Іле аудандарының құрамынан алынған ауылдарды жарықпен қамтамасыз етуге қаржы бөлініп, 153 гектар аумаққа электр энергиясы тартылған.
Сонымен қатар Алматы облысының бес әкімшілік бөлінісі – Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандары және Қапшағай қаласының аумағы Алматы агломерациясының ықпалды аймағына енген. Десе де...
Қоянқұста газға қосылу 400 мың теңге тұрады
Іле ауданы аумағына жататын Қоянқұс ауылы бар. Қала шекарасынан 2 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Тұрғын үйлер бау-бақшалық мақсаттағы жерге салынып жатыр. Аты айтып тұрғандай, бау-бақшалық мақсаттағы жерге жергілікті атқарушы билік тарапынан коммуникация жүргізу міндеттелмеген.
Осында жаңадан бой көтерген шағын ауылдың атын «Қазақстан» деп қойыпты. Тұрғындардың елге, жерге деген құрметі болса керек. Пәтер иелері кооператив (ПИК) ретінде тіркелген екен.
Бұл – әуел баста Байсерке ауылшаруашылығы кооперативінің егістік алқабы болған жер телімдері. Бір қыстың ішінде бастапқы мақсаты өзгертіліп, жеке адамдар арқылы бөлшек саудаға шығарылған. Жарық желісі мен көгілдір отын құбырларын тұрғындар өз күшімен тартқан, ауыз су құбырын да қалталарынан ақша шығарып жүргізіп жатыр.
– Қалаға жақын жер болғандықтан, сатып алдық. 10-20 минутта орталыққа жетіп барасың. Бірақ, жол да, су да жоқ, электр қуатынан тарықтық. Тұрғындар жиналып ПИК құрғанбыз, әр үй басынан 150 000 теңге мен 250 000 теңге аралығында ақша жинап, жарық мәселесін шештік.
Қол созым жерден газ магистралі өтіп жатыр. Оны да ортақ ақша шығарып, келісімін алдық, көгілдір отын әр отбасына 400 мың теңгеге түсті. Міне, су құбырын жүргізіп жатырмыз. 170 мың теңгеден айналды үй басына.
Ауылда екі жүздің үстінде үй бар, салынып жатқаны қаншама. Әр үйде 3-4 баладан бар. Олар жақын маңдағы мектептерге қатынайды. Қолы ұзындар қаладан оқытады. Тіркеу жағы қиын, үйлердің құжатын жөндеу үшін кедергі көп, – дейді өзін Гүлжан деп таныстырған ауыл тұрғыны.
Жыл сайын жаңа мектеп салынады, бірақ бала сыймай жатыр...
Дәл осы Іле ауданында мектеп жетіспеушілігі айқын сезіліп отыр. Облыс тарапынан пәрменді шаралардың жасалып жатқанына қарамастан, мектепке бала сыймай жатыр.
Қоянқұс ауылында бүгінге дейін 3 ауысымда жұмыс істеп келген 600 орындық мектеп бұрынан бар. 2000-ның үстінде оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліпті. Оқушылар қатары тез толып кетіпті, оқу екі ауысымда жүргізіледі.
"Іле ауданның аумағындағы Ащыбұлақ округінде бірден 3 мектепті аштық, сонда да оқушы сыймай жатыр. Кеше көзіммен көріп келдім. Ойлаңызшы, әр ашылған жаңа мектепте кемінде 30 адамнан тұратын педагогикалық ұжым болады. Жаңа жұмыс орындары ашылды деп қуануға болатын шығар, бірақ, сапалы кадрды табу қиын.
Біз бұл мәселемен жыл сайын бетпе-бет келеміз. ЖОО бітірген жас маман көп, тек ауыл мектебіне баруға ықыластары жоқ. Айлық аз, әлеуметтік пакет қызықтырмайды. Бастапқыда қаладан, басқа жерден қатынап істейді де, бірінші тоқсаннан кейін жұмыстан шығып кетеді.
Білім сапасы туралы сын осыдан кейін айтылады ғой. Біз әдіскерлер өз міндетімізді ғана білеміз, басқа ақпаратты білім басқармасынан аласыз ғой..." дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинеттің қызметкері.
«Сорбұлақтың» иісі қолқаны қабады
Ал Батыр деп аталатын ауыл Алматыға жиырма шақырымдай жерде орналасқан. Халық көп шоғырланған. Жердің бағасы басқа жерлерге қарағанда қолжетімді болғандықтан əлі де үй салушылар көп. Тіпті сол ауылды жағалай Береке, Атамекен ауылдары бой түзей бастады.
Алғашқы лекпен бірге жер сатып алып, қайта сата алмай жүрген адамдар да бар. Алты сотық жердің бағасы – бір миллион теңге шамасында. Сондықтан мұнда жер телімдерін сатуға шығарған хабарландырудан көз сүрінеді. Жарық мəселесін шешкенімен, газбен қамтамасыз етілмеген. Ауыз су проблемасы тағы бар. Сапасы нашар су скважинадан ішеді.
Бұдан бөлек, әсіресе қолқаны қабатын сасық иіс жаман. Жұрт мұны жақын маңдағы Алматының сарқынды сулар жинақталатын Сорбұлақ су қоймасымен байланыстырады. Жел солтүстік-батыс бағыттан тұрған күні ауыл тұрғындары есік-терезе ашудан қалады.
Сорбұлақ су жинақтағыш қоймасының іске қосылғанына 40 жылдан асты. Осы уақыт аралығында бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, жасанды көлден айналаға төніп отырған қауіп–қатер азайған жоқ. Керісінше, Алматы қаласының жылдам дамуы, мегаполистегі халық санының күрт өсуі Сорбұлақ қоймасындағы шаруашылық-тұрмыстық және өнеркәсіптік су қалдығының мөлшерін арттырып жіберді.
Жайтөбедегі жер телімдерінің бағасы әртүрлі
Алматымен шекаралас Іле, Қарасай, Талғар сияқты облыстың жақын аудандарының аумағында жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерінің бағасына сұраныс артып тұр. Бірақ, қаланы төрт бұрышынан қоршап тұрған аудандардағы баға әр алуан.
krisha.kz сайтындағы жарнамаларды сараптап, жер бағасын қолдану мақсатын нақтыламасақ 3 топқа бөлуге болады деп түйдік:
Қала шекарасынан 2-10 шақырым қашықтықта орналасқан 6 және 10 сотық жер телімдері – 3 млн теңге мен 10 млн теңге аралығында;
Қаладан 20 шақырымға алыстаған аумақтардан 6-8 сотық жер телімін 1 млн теңгеден бастап 3 млн теңгеге дейін сатып алуға болады.
Байтөбенің бағасы дағдарысқа қарамай ұшынып тұр
Табиғаты тамылжыған тау етегіндегі демалыс орындарына жақын орналасқан, қарапайым жұрт VIP аймақ атап кеткен жерлер.
Бұл жердегі баға басқа жер телімдеріне қарағанда 2 есеге дейін жоғары және ондай аумақта бос жатқан жерді табу қиындау. Ол жерлер әлдеқашан жекешеленіп, қазір коттеждер қалашығы бой көтерген сәулетті ауылға айналған.
VIP аймақтарды негізінен Талғар ауданы мен Қарасай ауданы аумағынан іздеген дұрыс. Әрине, қалтаңызда кемі 15 млн теңгеден көп қаражат болса...
Жер сатып аларда нені ескеру керек?
Алматы маңынан жер сатып аларда ескеретін бірнеше маңызды мәселе бар. Еліміздің басқа жағына қарағанда мегаполистің орналасқан аумағы жер сілкінісі қаупі жоғары аймаққа жатады. Тау етегінде болғандықтан су тасқыны мен лай көшкіні де қатер төндіреді. Яғни, кез келген жерді сатып алмас бұрын оның заңды түрде рәсімделгенінен бөлек, техникалық мінездемесін сұрауды назарда ұстаңыз.
Аумақтағы барлық жер телімдерінің картасы мен техникалық сипаттамасы әр ауданның сәулет және қала құрылысы бөлімінде сақталады. Осы бөлімге құжаттарыңыздың көшірмесін тапсырып, жер телімі жайлы толық ақпарат алуға болады.
– Көп жағдайда жеке адамдардан телімдерді сатып алушылар нотариус арқылы рәсімдегеннен кейін, құрылысты бастап кетеді. Бұл – заң бұзушылық. Қазір кез келген құрылыс жүргізуге рұхсат алу міндеттелген. Оны Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау бөлімі жүзеге асырады.
Ал аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі аумақтағы жердің әр сотығын есепке алып, оның техникалық сипаттамасын жасап отырады. Ол сипаттамаға жердің сейсмикалық қауіптілігі, су қорғау аймақтарына қатыстылығы, жер рельефтерінің ерекшелігіне қатысты топырақ көшкіні қаупі сияқты міндетті жұмыстар кіреді.
Сондықтан жер сатып алардан бұрын азаматтар мемлекеттік тіркеу актісінің көшірмесін біздің бөлімге ұсынып, сатып алатын жер туралы толық мәліметті алуына болады.
Мысалға, Іле ауданы аумағы жоғары сейсмикалық қауіптілік аймағына жатады, кейбір нүктелерде 9 балға дейін жер асты дүмпуі болуы ықтимал. Әр азамат өз қауіпсіздігін ойлап, құрылыс салмас бұрын техникалық мінездеме алуға құқылы, – деді бізге Алматы облысы Іле ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Мәдина Әлібекқызы.
Құжатқа мұқият болыңыз...
Екіншіден, жер сатып аларда заң талаптарын сақтаңыз. Болмаған жағдайда алаяқтардың алдауына түсіп қалуыңыз мүмкін. Нотариус-заңгер Шынар Мейрамбекқызы Қапас төмендегідей кеңес береді:
– Жер сатып алмақшы болсаңыз, сатушыдан мынадай құжаттарды талап етіңіз:
1. Егер сатушы жердің бірінші қожайыны болса, жер учаскесін бөліп беру туралы ауылдық аумақ әкімінің шешімі немесе аудандық әкімдіктің қаулысы;
2. Ол алып-сатушы болса немесе үшінші тараптың өкілі болса, нотариалды куәландырылған сату-сатып алу келісім-шарт жасалады;
3. Осы аталған құжаттардың аудандық әділет басқармасы мен жер бөлімінде тіркелгендігіне мұқият назар аударыңыз;
4. Бұдан бөлек мемлекеттік тіркеуден өткен жер учаскесінің барлығына Меншік құқығын беретін мемлекеттік Акт беріледі. Сатушыда оның түпнұсқасы болуы керек;
5. Нотариус жер телімінің кепілге қойылмағандығы және де басқа заңмен көзделетін шектеулерге жатпайтындығын туралы анықтама шығарады;
6. Осыдан кейін барып, жер телімін өз атыңызға аудару үшін сатушы мен сатып алушы ретінде жер учаскесін сату-сатып алу келісім-шартын жасау керек. Ол келісім-шартты аудандық әділет басқармасына нотариус онлайн режимде тіркейді, бұл бір тәулік ішінде жүзеге асады.
"Қазір халықтың құқықтық сауаты көтеріліп келеді. Бұрындары жеңіл жолмен, арзан жерді сатып алуға ұмтылыс болатын. Бұл тоқтады. Өз тәжірибемде клиентті алдап кету оқиғасы болған емес" дейді заңгер.
Бас жоспарда жоқ ауылдар
2011 және 2014 жылдар аралығында қала құрамына облыс аумағынан 92 мың тұрғыны бар 27 ауыл қосылған. Іле ауданының 12 мың тұрғыны орналасқан 604 гектар жер, Қарасай ауданынан 16 мың гектар жер, Талғар ауданынан 6,5 мың гектар аумақ кірген. Нәтижесінде Алматының бас жоспары өзгерді.
– Алматының жаңадан жасалған бас жоспарында қала маңындағы ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту ойда бар. Оған газ, жарық, кәріз жүйелеріне қосылу, қатынас жолдарды жөндеу кіреді. Көгалдандыру талабы да нақтыланған. Рас, қазіргі қалпында ауылдардың күйі нашар.
Бұрын облыста болған ауылдарды қойғанда, қала ішіндегі Шаңырақ сияқты шағын аудандардың жағдайы енді түзеліп келеді. Сондықтан, іргедегі елдімекендердің барлығына қала талабына сай күрделі жөндеу жұмыстары жасалады деп кесіп айту қиын. Бұл уақыт пен қаржыға тіреледі, – дейді Алматының бас жоспарын жасауға қатысқан сәулетші Алтай Сатыбалдиев.
5 нәрсеге дайын бол...
Алматы маңындағы жаңадан пайда болған ауыл тұрғындарының басынан кешіп отырған әлеуметтік проблемаларды 5 топқа бөлуге болады. Жер алып үй салмас бұрын мына мәселелерді шешуге дайын болыңыз:
Ауыз су тапшылығын тек өз күшіңізбен шешесіз;
Көгілдір отынға қосылу үшін артық қаржы жұмсайсыз;
Электр желісіне қосылу үшін де ақша бересіз;
Ауыл ішілік жолдарды жөндеуге үлес қосасыз;
Қалаға қатынайтын қоғамдық көлікте жүйке жұқартпаймын десеңіз, жеке көлік алу керек болады. Болмаса жүйкеңізді сақтаудың басқа жайын ойластырасыз..