Адам – ерекше құпия жаратылыс. Өз ағзаңыз жайлы не білесіз?
Расымен де, біз өзіміз жайлы не білеміз? Иә, біз – адамбыз. Он екі мүшенің иесі, жан-жануардың ақылдысы да – біз, өзге мақұлықтардан қауашақтағы миымыз үлкен деп мақтанып жатамыз. Бізде екі көз бен құлақ, қол-аяқ, он саусақ, отыз екі тіс бар. Мұны бес жасар баладан сұрасаңыз да, жатқа соғып береді. Өйткені, бала күннен санамақ қылып, бұл мәліметтерді санамызға сіңіріп тастаған. Алайда, сіз өз денеңізде қанша жасуша барын айтып бере аласыз ба?..
Ағза
Бұл сұраққа келгенде енді мүдіруге тура келеді. Себебі, оны анамыз айтқан жоқ, әкеміз еске салмапты, биолог апайымыз да ескертпеді, тіпті, ҰБТ-да да мұндай сұрақтар жоқ. Сондықтан да, жадыңызда жүрсін деп адам жаратылысындағы қызық деректерді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сонымен, жасушаға келсек, адам бойында барлығы 10 000 000 000 000 жасуша бар екен. Жазбаша айтсақ, 10 триллион деуге болады. Әрине, шамамен алғанда, әйтпесе әлемде оның әрбірін жіпке тізіп алған бірде-бір ғалым жоқ.
Адам бойындағы қызықты мәліметтердің көбі – денеміздегі суға қатысты. Судың қасиеті көп, денеміздің қимыл-қозғалысқа икемділігі де – 60 пайыз судан тұратындығымыздан деп сайрасақ та, сүйекте қанша, қанда қанша, мида қанша көлемде су бар екеніне келгенде, тағы да тосылуға тура келеді. Қызығы, сұп-сұйық қандағы судың үлесі одан гөрі әлдеқайда тығыздау боп саналатын мидағы мөлшерден аздау келеді.
Қан құрамында 80 пайыз су болса, мида – 85 пайыз. Сол сияқты бұлшықеттің (75 пайыз), бауырдың (70 пайыз), тіпті қатты сүйек (25 пайыз) пен май тіндерінің (20 пайыз) құрамында да су бар.
Мұны ғалымдар әрбір орган бойындағы судың мөлшеріне емес, оның қалай құралып тұрғанына қарай жақсы жұмыс жасайтындығымен түсіндіреді. Мәселен, қарапайым медузаны қолмен ұстауға мүмкін болғанымен, оның 98 пайызы – судан тұратынын бәріміз біле бермейміз.
Оқи отырыңыз: Қазақ жас ерекшелігіне неге мән берген?
Жоғарыда денеміз 60 пайыз судан тұрады деп атап өттік қой, ал қалған 40 пайыз ше? Тағы да "қатты заттардан" деп құтыла саламыз, шындығында, бұл үлестің 19 пайызы – ақуыздар, 15 пайызы – май мен май тектес заттар, 5 пайызы – минералдық заттар және қалған 1 пайызы – көмірсулар.
Адам денесін сұйықтық пен қатты заттарға бөлсек, осылай, ал элементтерге жіктейтін болсақ, ересек ер кісінің бүкіл денесінің негізі 4 элементтен ғана тұратынына көз жеткізуге болады. Олар:
- оттегі;
- көміртегі;
- сутегі;
- азот.
Элементтің саны ғана аз демесек, ересек адам салмағының 70 келісін осы элементтер ғана құрайды. Бұдан бөлек кальций мен фосфордың да мөлшері салыстырмалы түрде алғанда жоғары, екеуінің үлес салмағы – 2 келі шамасында. Ондаған грамм мөлшерде калий, күкірт, хлор, 6 грамм темір бар. Осы тұс тағы қызық, өйткені, темір жетіспеушілігінен анемияға шалдыққан науқастар елімізде шаш-етектен. "Гемоглобинім түсіп кетіпті" деп басын көтере алмай жататындарды жиі көреміз. Сондағы түсіп кететін гемоглобин емес, оның құрамындағы темірдің мөлшері. Ал адам бойындағы темірдің қалыпты мөлшері – бар болғаны 6 грамм ғана. Соның өзін жеткізе алмай жатамыз...
Сүйек пен бұлшық ет
Мектепте тәнтану пәнінде бізге "адам бойында 200-ден астам сүйек болады, бірақ есейе келе олар бірігіп, саны азаяды" деп оқытатын. Сүйектің санын нақты айтпайтын. Расымен де, ешкім, тіпті дәрігерлер де адам бойындағы сүйектің нақты есебін дәл басып айтып бере алмайды. Оның себептері бар.
- Біріншіден, әрбір адамдағы сүйек саны әртүрлі келеді. Адамдардың 20 пайызының дерлік омыртқаларында ауытқу болады. Әрбір жиырмасыншы адамда артық қабырға сүйек кездеседі. Қызығы, мұндай оқиға ер адамдарда әйелдерге қарағанда 3 есе жиі ұшырасады екен.
- Екіншіден, жас ұлғайған сайын сүйектер бір-бірімен жалғасып, бірігіп кететіні тағы бар. Мұндайда бірігіп кеткен сүйекті екеуге не біреуге санарын ғалымдардың өзі білмейді. Айталық, құйымшақ сегізкөзі 5 біріге өскен омыртқадан тұрады. Сонда бұл 5 сүйек пе, әлде жалғыз ба? Осындай келіспеушіліктер тумауы үшін де ғалымдар адам денесінде 200-ден аса сүйек бар деп долбарлы пікір айтады.
Ең ұзын сүйек – сан сүйегі. Әдетте оның ұзындығы адам бойының 27,5 пайызын құрайды. Сондықтан өзіңіздің бұл сүйегіңіздің ұзындығын білгіңіз келсе, оны математикалық жолмен оп-оңай есептеп алуыңызға болады. Ал ең қысқа сүйек – үзеңгі, бұл – ішкі құлақта болатын сүйектердің бірі, оның ұзындығы – 3-4 миллиметр ғана. Дәл осы сүйектің бұлшық еті – адам денесіндегі ең кішкентай бұлшық ет болып табылады.
Бұлшық еттің санын да ғалымдар сүйек секілді тап басып айта алмайды. Шамамен адам денесінде 400 бен 680-нің арасында бұлшық ет болады. Саны қанша болса да, ер адам бойындағы бұлшық еттің үлесі – 40 пайызды құраса, әйелдерде – 30 пайызды алады. Бірақ, қызығы, ірі денесіне қарамастан, адам бойында ең көп дегенде 700-ге жуық бұлшық ет болса, кіп-кішкентай шегірткеде 900-дей бұлшық ет бар екен, ал кейбір жұлдызқұрттарда бұлшық ет саны 4 мыңға дейін жетеді.
Оқи отырыңыз: Ұлттың жеті қорғаны: қазақтың жағдайы қалай?
Дем
Адам, яғни сіз бен біз қалыпты күнделікті өмірде әр минут сайын 12-20 мәрте дем алып, күніне 400-500 литр оттегі жұтады екенбіз. Бұл жерде де бір қызық бар, жан-жануар денесі үлкейген сайын оның 1 минутта алатын дем саны азая түседі.
Мәселен, бізден дене тұрқы үлкен жылқының аталмыш уақыт шегіндегі демінің саны – 12 болса, кішкентай көртышқанның дем саны – 60, ал шымшықтікі – 108-ге жетеді. Тағы бір қызық – біздің тыныс алуымыз тек қимыл-қозғалысқа түсуімізге ғана емес, сонымен бірге жыл мезгілдерінің ауысуына қарай да өзгеріп отырады екен. Ғалымдардың айтуынша, көктемде адамдар күздегіге қарағанда 3 есе жиірек тыныс алады.
Жүрек
Жүректің соғысында да біз біле бермейтін құпиялар көп. Айталық, ересек адамның жүрегі күніне 10 мың литрге дейін қан айдап отырады. Жүрек әрбір соққан сайын аортаға 130 миллилитр қан құйылады. Қалыпты жағдайда жүрек бір минутта 60-80 мәрте соғатын болса, бір күндегі оның соғысын өзіңіз-ақ есептей беріңіз. Бұл жерде де жыныстық айырмашылық бар екен, оны әйелдердің жүрегі ерлердікіне қарағанда әр минутта 6-7 рет артығырақ соғатынынан көруге болады.
Ал адам физикалық қозғалысқа түсіп, жүрекке жүк түскен кезде ол минутына 200 мәртеге дейін соғуы мүмкін. Бұл мөлшер қоянның қалыпты жүрек соғысымен бірдей. Ал жүрегі ең жиі соғатын жануарлардың бірі ретінде тышқан саналады. Оның жүрегі қалыпты жағдайда минутына 500 мәртеге дейін соғады. Алып жануар саналатын пілдің жүрегі болса, минутына бар болғаны 20 рет қана соғады.
Оқи отырыңыз: Қазақ ұғымындағы қанның қасиеті мен қасіреті. Қан, тамыр ұстау және қан алу мен сіңіру туралы тарихи түсініктер
Жүректен айдалған қанның адам денесін аралап өтетін жолы – қан тамырларының жалпы ұзындығы қандай ұзақтықты құрайтынын білесіз бе? Оның ұзындығы – 100 мың шақырым шамалас. Қалыпты жағдайда адам бойындағы барлық қан көлемінің ширек бөлігі бұлшық еттерде, екінші ширегі – бүйректе, 15 пайызы – ішек қабырғаларында, 10 пайызы – бауырда, 8 пайызы – мида, 4 пайызы – жүректің көктамырында, қалған 13 пайызы – өкпе мен өзге де дене мүшелерінде болады. Адам денесінде күн сайын 25 грамм қан жаңарып отырады.
Жұлын
Тағы бір адам сенгісіз қызық мәлімет – жұлынмен байланысты. Адам денесіндегі жұлын атаулының бәрін қосқанда, бар болғаны 2600 грамды құраса да, ол шамамен алғанда ер адам 70 жас жасаса, бұл уақыт аралығында 650 келі эритроцит пен 1 тонна лейкоцит бөліп шығарады екен. Адамның миы арқылы 1 минутта 740-750 миллилитр қан ағып өтеді. Мидың ең үлкен болатын шағы – адамның 20-29 жас аралығы. Әйелдерде – 15-19 жас. Осы жастан кейін күн сайын 30-50 мың жүйке жасушалары өліп отырады. Ми салмағы – адам денесінің салмағының 46-дан бір бөлігін құрайды. Ал пілде бұл көрсеткіш – 1/560.
Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект деген не және оның адамзатқа қаупі қандай?
Көз
Әңгімемізді осы мақаланы оқуда ең көп еңбек сіңіріп жатқан көзбен түйіндейік. Құпия қарапайым көзде де көп. Мәселен, қос жанарыңыздың 130-250 таза түс пен 5-10 миллион аралас түстерді айыра алатынын білесіз бе? Сондай-ақ қараңғы жерге кіргенде, бір-екі минутта көзіміз үйренгендей болғанымен, ал шындығында адам көзінің қараңғыға толық бейімделуі үшін 60-80 минут қажет.