Ақбастаулықтардың Наурыз тойлау дәстүрі елге үлгі боларлықтай
Ақбастау ауылы Шымкенттен 20-25 шақырым қашықтықта орын тепкен. Бүгінде 300 үй тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан, қаймағы бұзылмаған ауыл. Халқы – еңбекқор, мал, егін шаруашылығымен айналысады. Жастар жағы аудан орталығы мен Шымкентке қатынап жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Наурызға ерекше көзқарас. Наурыз көже қалай жасалады?
Оқи отырыңыз: Наурыз. Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп қай күнді мерекелеген?
Наурыз тойын әр жылы әр жылғылар ұйымдастырады
Ауылда мектеп, балабақша, медпункт бар. Әрбір үйге ауызсу, табиғи газ тартылған. Жолы тегіс. Ақбастаудың халқы ұйымшыл. Той-томалақ, өлім-жітімде таудай тірлікті біріге атқарып тастайды. Ауылда соңғы жылдары дәстүрге айналған бір үрдіс бар. Наурыз тойын әр жылы әр жылғылар ұйымдастырып, дүркіретіп атап өтеді.
– Наурыз – ізгілік пен мейірімділіктің, жаңарудың мерекесі. Жыл басы. Биыл 1972-73 жылғы жігіттер ұйымдастырды. Барлық жұмыс осы жылғы жігіттердің мойнына жүктеледі. Бір ай бұрын қанша ақшадан шығаратынымызды, қай іске кімнің жауапты болатынын талқылап, іс-шара жоспарын түздік. Ұйымшылдық танытқан достарыма, Наурызды атап өтуге ат салысқан әрбір ауыл тұрғынына алғысымды білдіремін, – дейді ұйымдастыру ісінің бас-қасында жүрген Жәнібек Оразбеков.
Оқи отырыңыз: Құнын жоғалтпаған қазақтың киіз үйі шетелде де сұранысқа ие
Наурызға дайындық бір апта бұрын басталған
Наурыз жақындаған сайын осы жылғы ер-азаматтардың келіншектерінде де тыным жоқ. Олар бір үйге жиналып, бір ауылға жететін дастарханның қамын жасайды. Шара-шара бауырсақ пісіреді. Тәттілер мен салаттың түр-түрін дайындайды.
Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?
– 60 зуаладан астам қамыр жайдық. Бауырсақ, самса, қаттама пісіріп жатырмыз. Бір аптадан бері осы үйден шықпаймыз. Біздің арамызда әртүрлі мамандық иелері бар. Бірақ негізгі қызметіміз – келіндік қызмет, – дейді алты баланың анасы Гаухар Бейсенова.
– Бір-бір әулеттің отанасымыз. Қандай шаруа болмасын бірігіп атқарып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүреміз. Ауылымыздың биылғы Наурызын өткізуге біздер жауапты болғандықтан, дастарханды барынша жайнатып жаю үшін тағамдарымызды дәмді пісіруге тырысып жатырмыз, – дейді Гаухар Бейсенова.
Оқи отырыңыз: Қазақтың ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүрі. Тест: біліміңізді тексеріңіз
– Осы ауылға 19 жасымда келін болып түстім. Биыл жұбайыммен шаңырақ көтергеніме 24 жыл толады. Бір отбасын дөңгелетіп кетуіме енемнің септігі көп тиді. Отбасы құндылықтарын жоғары қойдық. Бүгінде төрт ұл-қызды тәрбиелеп отырмыз. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін асыға күтеміз. Биыл эстафета кезегі біздің ер-азаматтарымыздың мойнында. Келіншектер қауымы екі-үш күннен бері қарбаласпыз, – Гүлнәр Бектемірова.
Оқи отырыңыз: Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?
– Біріміз қамыр илеп, біріміз лаулаған оттың басында бауырсақ пісіріп, біріміз ыдыс-аяқ жуып, енді біріміз малдың ішек-қарнын тазалап жатырмыз. Көптен күткен ұлы мерекенің сән-салтанатпен атап өтілуі, дастарханымыздың жайнап тұруы бізге байланысты. Сондықтан өз үйіміздің тірліктерін тастап, түн жарымы ауғанша сіз-біздесіп, атқарып жатырмыз, – дейді Гүлнар Бектемірова.
"Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда"...
Наурыздың арайлы таңы атты. Төрт түлігін өріске өргізген соң, ауыл халқы ұлттық киімдерін киіп алаңға қарай аяңдады. Өйткені Наурыз той осы жерде тойланады. Орталыққа жиналған қариялар, ақ жаулықты аналар амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып, бірін-бірі құттықтап жатты.
Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам. Бұрындары көше-көше болып, сайысқа түсіп тойлайтын едік. Жалпыхалықтық сипат алу үшін қазір әр жылы туғандар ұйымдастырып, атқарып жүр. Өзім осы ауылда туып-өстім. Он баланы тәрбиеледік, – дейді ауыл ақсақалының бірі Мият Мәліков.
Оқи отырыңыз: Ошақ туралы. Жерошақ қоңырсыту және жерошақ бәйге
– Бүгінде олардан 43 немере, 15 шөберем бар. Қалада тұратын немерелерімді шақырып, ауылдың Наурызын көрсетуге тырысамын. Өйткені, қазақтың салт-дәстүріне куә болады, ауыл халқының ұйымшылдығын көреді, тірліктеріне қолқабыс жасайды, – дейді Мият ақсақал.
Шынында да ауылда Наурыз ерекше тойланады. "Ұлыстың ұлы күні қазан толса, сол күні ақ мол болар" дегендей екі-үш тай қазанда наурыз көже пісірілді, енді бірінде палау басылды. Жасы да, үлкені де наурыз көжеден дәм татады. Үлкендердің өнегелі әңгімесін естиді.
Наурыздың сәні – наурыз көже ғой. Наурызкөжені тойып ішсең, келесі жылға дейін тоқ жүресің деген сөз бар. Оны қыз-келіншектер дәмді етіп дайындапты.
– Ал өзім 400-500 адамға жететіндей палау бастым. Қол, көз үйренген. Өйткені 27 жылдан бері палау басамын, – дейді Латиф Мирсалиев.
Ал қыз-жігіттер өз өнерлерін ортаға салып, ақ дастарханға жиналған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысты. Ауылдағы "Димаш" балабақшасы, Нұржан Шойынбаев атындағы жалпы орта мектептің кішкентай өнерпаздары концерт қойып, мерекенің шырайын келтірді.
Ал осы ауылдың жас келіндері сайысқа түсіп, ептіліктерін сынға салды
– Жеті ай бұрын осы ауылға келін болып түстім. Ауылдың Наурызын бірінші рет көріп отырмын. Қалаға қарағанда Наурыз той біздің ауылда ерекше аталып өтілетін секілді, – дейді жас келін Жазира Назарбекова.
– Өйткені, мұнда бәрі бірін-бірі жақсы таниды. Өзім секілді ауылдың жас келіндерімен сынға түстім. Әуелі өзімізді өлеңмен таныстырдық. Өнер көрсеттік. Кеспе кесуден жарыстық. Қамырдың жұқалығына, сапасына қарай апа-әжелеріміз бағасын берді, – дейді Жазира.
Ал жастар жағы арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақша күрес, футбол, волейбол, стол теннисі секілді спорт түрлерінен бағын сынады.
Тойды ұйымдастырушылар тарапынан жеңіске жеткендерге ақшалай сый-сияпат ұсынылды.
Тік тұрып, зыр жүгіріп, қызмет көрсеткен 1972-73 жылғылар ауыл тұрғындарынан ақ бата алып, келесі Наурызды тойлаудың эстафетасын 1974 жылы туған ауылдастарына тапсырды.