"7-20-25" талаптары төмендетілді: халыққа бастапқы жарнаны 20 пайыздан артық сомада құюға мүмкіндік берілді. Жаңалықтарға шолу
Арыста жойқын жарылыс болды
ҚР Қорғаныс министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, Арыс елді мекеніндегі №44856 әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында жарылыс болған. Әзірге зардап шеккендер мен құрбандар жоқ деген хабар бар. Өңірдегі оқыс оқиғадан кейін мәлімдеме жасаған Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев қала халқын толығымен жақын маңдағы аудандарға эвакуациялайтындары туралы хабарлады. Қаладан тіпті ауруханада жатқан пациенттер де (200-ге жуық) көшіріліп жатыр.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев тиісті органдарға жарылыс зардаптарын жоюға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыс себебін анықтауға тапсырма берді. Оқиға орнына Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев ұшып шықты. Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің 8 (7252) 44-94-72, 35-33-66 жедел желі нөмірі оқиғаның мән-жайына қатысты ақпарат тарату үшін тәулік бойы жұмыс істейді. ҚР Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі жарылыс болған жердегі өрт толықтай жойылғаннан кейін экологтар қоршаған ортаға келтірілген зардаптарды анықтайтынын мәлімдеді.
Сайлау күні сиясы өшіп кететін қалам туралы түсірілген видео рас болып шықты
Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) видеоның сайлау күні Алматы облысының Қайназар ауылындағы №200-ші сайлау учаскесінде түсірілгенін растады. 10-шы маусымда ОСК мүшесі З.Баймолдина журналистерге желіде тараған дәл осы видеоны жалған деп мәлімдеген болатын.
Сайлауда бақылаушы болған Т.Почанов құқық бұзу анықталғаннан кейін оқиға орнына полицейлер барғанын айтады. Тәртіп сақшылары сайлау комиссиясының мүшелеріне сұрау салған. Әйелдердің бірі оған осындай қалам сатып алуды тапсырғанын растаған. "Сатып әкелген қаламының сиясы өшіп кететінін білмедім" депті әлгі әйел.
– Видеоны біздің байқаушылардың бірі жіберді. Ол Алматы облысында болатын. Ол өзінің учаскесінде осындай қаламдардың барын білген, содан соң видео түсірген, – дейді Т.Почанов.
Президент журналистердің кәсіби мерекесін бекіту туралы тапсырма берді
Бұл туралы Қ.Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
"Үкіметке арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ" делінген мемлекет басшысының жазбасында.
Ақтөбеде ҰБТ комиссиясын "сатып алу" үшін ақша жинаған аудан әкімінің орынбасары ұсталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Мұғалжар ауданы әкімі орынбасары мен Қандыағаш ауылының мектеп директорының пара беруге ниеттенді деген күдікке ілінгенін хабарлады. Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, олар ауданның білім мекемесі басшыларына Білім және ғылым министрлігінің комиссия қызметкерлеріне ҰБТ-ның көрсеткішін оң нәтижемен көрсетсін деген мақсатта комиссия мүшелерін қымбат мейрамхана мен қонақүйлерге апаруды міндеттеген.
"2019 жылдың 20 маусымында атап өткен адамдар мектеп директорынан 540 мың теңге алған, бұл ақша Ембі қаласының жеті білім мекемесінен жиналған. Күдіктілерді тұтқынға алу процессуалдық шарасы жүргізілген жоқ, себебі олар өз кінәларын мойындады. Тергеу шаралары жүріп жатыр" делінген хабарламада.
Банктер шілдеден бастап "7-20-25" бойынша 20 пайыздан артық бастапқы жарна сомасын қабылдай алады
Ұлттық банк "7-20-25" бағдарламасының шартына осындай өзгеріс енгізді. Бұдан былай қарыз алушының қалауы бойынша тұрғын үй құнының 20 пайызынан артық соманы алғашқы жарна ретінде төлеуге рұқсат беріледі. Оның нәтижесінде негізгі борыш сомасы азайып, банктердің қарыз алушының төлем қабілеттілігіне қоятын талаптары төмендейді.
– Бұрынғы талап бойынша бекітілген бастапқы жарнаның тұрақты мөлшері қолында 20 пайыздан артық сомасы бар клиенттерге біраз қолайсыздықтар туғызғаны рас. Ал қазір азаматтар бастапқы жарнаны көбейту арқылы ипотеканы мақұлдау мүмкіндігін арттыра алады, – деп хабарлады "Баспана" ипотекалық ұйымы серіктес-банктермен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қ.Әбдірайымов.
Қазір банктер тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бағдарлама бойынша несиені 8 банк береді: ЦентрКредит банкі, Сбербанкі, Халық банкі, АТФ Банк, Jýsan bank, Bank RBK, Евразия банкі мен ForteBank.
21 мың теңге 277 мың отбасыға тағайындалды
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев мәлім етті. Айтуынша, жыл басынан бері 1,3 млн адамға 67,7 млрд теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек берілген. Көп балалы, аз қамтылған отбасыларға тағайындалған жәрдемақының орташа сомасы 105 мың теңге болған. Құжаттарының талапқа сәйкес толтырылмауына байланысты 18,5 мың отбасыға жәрдемақы тағайындалмаған.
Министрдің айтуынша, зейнетақылардың жеткілікті мөлшерін қамтамасыз ету үшін декреттік демалыста жүрген әйелдерге зейнетақы жарналары субсидияланады. Биылғы жылы осы мақсатқа 5,8 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта Қазақстанда алты және одан да көп баласы бар 237 мыңға жуық көпбалалы ана бар. Оларға жәрдемақы төлеуге жыл сайын 45 млрд теңге бөлінеді екен.
Qazaq Banki-не депозитке 13 млн теңге салған салымшы ақшасын әлі алмапты
BTБ банкі Qazaq Banki-нің салымшыларына жинақтарын қайтаруды биылғы жылдың 24-ші желтоқсанына дейін жалғастырады. Азаматтарға ақшаларын барынша тез және уақытында қайтару мақсатында банктің ел бойынша 17 филиалы мен 28 бөлімшесі жұмыс істейді.
2018 жылдың 24 желтоқсанынан бері салымшыларға 20,2 млрд теңге қайтарылған. Банктің депозитінде жатқан 325 млн теңгеге әлі сұрау салынбаған. Ең жоғары сомада (13,4 млн теңге) қаражат құйған салымшы қаражатын қайтарып алуға әлі өтініш бермепті.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Банк басшысы баспана алудың жолдарын көрсетіп, кеңес берді. "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі" АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банкте тұрғын үй саласындағы тәуекелдер талданған. Соған сәйкес доллар сатып алумен әуестенгендер соңғы уақытта ұтылып жүр. "Қазір нарықтан көріп отырғанымыздай, баға төмендеді. Жастар өз қалауындағы пәтерді алғысы келсе, ақша жинауға кеңес берер едім. Себебі нарықта ұсыныс көбейеді", – деді ол.
Baq.kz: Оңтүстікте 44 градусқа дейін күн ысиды. Синоптиктердің болжамы бойынша, 25-27 маусымда кәдімгідей жаз айы басталады. Республиканың оңтүстігінде ыстық және жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, оған Иран аймағынан түсетін жылы ауа себеп болады. Алдағы үш тәулікте күндізгі температура 30…35°С, кей жерлерде 37…40°С дейін күтіледі, қиыр оңтүстікте плюс 44°С дейін болжанады. Қазақстанның солтүстік жартысына қысқа мерзімге температураның жоғарылауы мен жауын-шашынның тоқтатылуынан кейін, Ресейдің Еуропалық территориясының солтүстік аймағынан суық атмосфералық фронт жылжиды. Онымен алдағы күндері жаңбыр жауады, кей жерде қатты, найзағай ойнайды, екпінді жел және ауа температурасының төмендеуі күтіледі.