22-23 қыркүйек күндері Астанадағы Mega Silk Way сауда-ойынсауық кешенінде 7-20-25 бағдарламасына (әрі қарай – Бағдарлама) арналған жәрмеңке өтті. Біз жәрмеңкеге қатысқан банктер мен салған тұрғын үйлерін сатылымға шығарған компания өкілдерімен сұқбаттасып, несиеге үй алуға қатысты қажетті қосымша ақпараттарды біліп қайттық.

Өтініш берушіге қандай талаптар қойылады?


Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын шарттар / Сурет "Баспана" ипотекалық ұйым сайтынан алынды

Негізі тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап тек қарыз алушыға ғана қолданылады.

Соңғы талап бойынша, отбасындағы әрбір адамға шаққанда ауданы 15 шаршы метрден төмен жатақханадағы бөлмесі болса және апатты үй есепке алынбайды деп көрсетілген. Тек апатты үй туралы жергілікті әкімдіктен анықтама әкеліп растау қажет.

Бұл туралы аталған Бағдарламаның жүргізуші операторы "Баспана" ипотекалық ұйымы хабарлады.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Төлем қабілеті қалай анықталады?

"Қарыз алушы кірісінің ең төмен деңгейі Бағдарламада белгіленбеген. Сонымен қатар қарыз алушының ипотекалық қарызды өтей алатындай расталған кірісінің жеткілікті болуғаны керек. Қарыз алушының кірісі жеткіліксіз болса, қосалқы қарыз алушыны тартуға рұқсат етіледі" делінген "Баспана" АҚ сайтында.

Бұл үшін: Жұмыс орнынан және ай сайынғы кірісіңізді растайтын анықтама әкеліп тапсырасыз. Басқа табыс көздері болса, оған да анықтама керек.

Сонымен бірге алғашқы салымды, яғни сатып алынатын үйдің 20%-ын төлеуге жиналған ақшаның барлығы жайлы анықтама талап етіледі.

Егер кіріс жетпейтін көлемде болса, кепіл беретін немесе қосалқы қарыз алушылыққа келісімін беретін адамды тартуға болады. Оның да кіріс жағдайы жоғарыдағы тәсілмен тексеріледі.

Келесі сатыда, несие алушының және отбасы мүшелерінің әрбірінің басында төленіп бітпеген несиелері болмауы керек.

Сондай-ақ, банктер ортақ база арқылы өтініш беруші мен оларға кепілдік беретін азаматтардың, отбасы мүшелерінің зейнетақы төлеміне қарай кірісті мөлшерлей алады және несие тарихы арқылы қарызды қайтару мүмкіндігін де тексереді.

Кей банктерде кіріс бойынша жеке кәсіпкерліктен берілетін анықтама танылмайды. Несиені алдын ала жауып тастауға болады. Ол үшін айыппұл салынбайды.

Оқи отырыңыз: "5-10-20" жаңа тұрғын үй бағдарламасы. Артықшылықтары мен шарттары қандай?

"7-20-25" бағдарламасы. Жасқа қарай несие салмағы да өседі

"7-20-25" бағдарламасына қатысуға жас шектемесі көзделмеген. Алайда әр банк өз шектемесін ұсынады.


7-20-25 бағдарламасына арналған жәрмеңке өтті / Сурет informburo.kz

Мысалы, Центркредит банкте Бағдарламаға қатысуға 21 жастан бастап рұқсат берілген. Жасыңызға 25 жылды қосқанда зеинеткерліктен, яғни ерлер 63, әйелдер 58 жастан аспауы керек. Егер сіздің жасыңыз 40-та болса, оған 25-ті қосқанда, 65 жаста болғандықтан сізге аталған бағдарлама бойынша несие 23 жылға ғана беріледі. Бұл туралы Центркредит банкінің қызыметкері Байтөре Қуанышұлы айтып берді.

Ал Халық банкінің аға менеджері Гүлмира Мамелянованың айтуынша, мұнда қазірше жас шегі ер мен әйелге де бірдей, 21-60 аралығында. Яғни сіздің жасыңызды 60-тан шегеру арқылы қанша жылға несие беретіндігін біле аласыз.

Оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. 2019 жылы жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?


25 млн теңгеге дейін несие бере алады / Сурет "Баспана" ипотекалық ұйым сайтынан алынды

Атап айтқанда жасамыстарға яғни, 40-50 жастағылар үшін 23-13 жыл аралығында ғана несие берілетіндіктен, ай сайынғы төлемнің сомасы да салмақты болмақ.

Бағдарламаға қатысу үшін отбасындағы ең төменгі ықтимал айлық шығын қалай есептеледі?

Центркредит банкінің қызметкері Байтөре Қуанышұлының сөзіне қарағанда, зейнетақы қорындағы салымыңыз бен жұмыс орныңыздан әкелген анықтамаға сәйкес сіздің ай сайынғы табысыңыз есептеледі. Сонымен бірге банктің ішкі саясатына сәйкес ықтимал шығын да есептеледі.

– Мысалы, балиғатқа толмаған 3 баласы бар әке-шеше үшін ең төменгі ықтимал ай сайынғы шығыс былай есептелді:

Біз балиғат жасынан асқан әр отбасы мүшесі үшін ай сайынғы өмір сүруіне кететін "тұрмыстық шығын шегін" 37 000 теңге (15 х 2 405 (айлық есептік көрсеткіш) = 36 075) болады деп санаймыз. Ал 18 жасқа толмағандар үшін оның жартысы (18 500 теңге) есептеледі. Сонда олардың айлық шығыны ең төмен болғанда 18 500 х 3 + 2 х 37 000 = 129 500 теңгені құрайды. Бұл – банктің ішкі есебі, – дейді Байтөре Қуанышұлы.

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?

Қосымша ықтимал шығын тағы бар

– Оған тағы үйдің коммуналдық ақысы, балалардың оқуына кететін қаражат, әр күнгі жол қаражаты, демалыс пен емделуге кететін жорамал төлемдер қосылады.

Мысалы, жоғарыдағы отбасы үшін ай сайынғы коммуналдық ақыға – 10 000, екі үлкен азаматтың жол қаражатына – 10 000, әр бала үшін ай сайын – 15 000, демалыс не емделуге – 30 000 теңге. Тағысын тағылар.

Мөлшермен 100 000 теңге қосымша шығын. Сонымен отбасының айлық ықтимал жалпы шығыны 229 500 (129 500+100 000) теңге мөлшерінде болады деп есептелінеді, – деп түсіндірді Байтөре Қуанышұлы.

20 миллион теңгенің үйін алу үшін ең төменгі айлық кіріс қанша болу керек?

Байтөре Қуанышұлы былай есептеп берді:

– 20 млн теңгенің 20%-ы – 4 млн. Сонда қалған 16 млн теңгені 25 жылға бөліп төлеу керек. Оған 7 пайыздық үстемені қосқанда ай сайын 113 000 теңгеден шығады.

Сонда ең төменгі айлық жалақы осы ай сайынғы төлейтін соманың 2 есесіне тең болуы керек, яғни, 226 000 (113 000 х 2) теңге.

Осы үйді алу үшін жоғарыда мысал келтірген балиғатқа толмаған 3 баласы бар отбасының ең төменгі орташа табысын есептесек:

  • Отбасының айлық ең төменгі ықтимал шығыны – 129 500 теңге;
  • Айлық қосымша ықтимал шығын – 100 000 теңге;
  • Үйдің бағасына байланысты белгіленген ең төменгі жалақы – 226 000 теңге.
  • Жалпы: 129 500 + 100 000 + 226 000 = 455 500 теңге.

455 500 теңге – осы отбасы үшін 20 миллион теңгенің үйін алуға мүмкіндік беретін ең төменгі айлық кірістің мөлшері, – деп түсіндірді.

Ай сайынғы төлем мөлшерін қосымша есептеу үшін мына калькуляторды пайдаланыңыз.

Сіздің жалақыңыздан қолыңызға таза түсетіні 350 000 теңге болса?

Байтөре Қуанышұлынан "Айлық жалақыдан барлық алымдарды тартып қалғанда қолға тиетіні 350 000 теңге болса, бағасы 20 миллион теңгелік пәтерді алу үшін не істеуім керек?" – деп сұрадым. Оған 19%-ды (зейнетақы қорына аударымдар мен басқа да міндетті төлемдер) қоссақ, банктің есебіне алу үшін сізге 416 500 теңге мөлшерінде айлық жалақы кіретіндігін анықтайды.

– Яғни жоғарыда мысалға алған отбасыға 20 млн теңгелік үйді алу үшін тағы (455 500 – 416 500 = 39 000) 39 000 теңге жетпейді екен. Ол үшін қосалқы қарыз алушы іздеу керек болады, – деді Байтөре.

Қосалқы қарыз алушыға кімдер қатысады және қалай?

Қосалқы қарыз алушының да міндеті мен жауапкершілігі Бағдарламаға қатысқан адаммен тең. Қойылатын талаптар да бірдей.

Жұбайыңыз және басқа туыстарыңыз бен дос-жарандарыңыз қосалқы қарыз алушы бола алады. Тек жұмысы болуы шарт. Былайша айтқанда сіз төлей алмай қалғанда, сіз үшін төлеуге мүмкіндігі бар адам болуы керек деген сөз.

Өтініш тапсырып болған соң

Осылайша алдымен сатып алатын үйді салушы компаниямен келісіп, сосын халыққа қызмет көрсету орталығынан міндетті құжаттарды жинап алып банкке өтініш тастайсыз.

Өтініш 7-10 күн ішінде банктегі арнайы комиссияның мақұлдауынан өтуі тиіс.

Қандай банктерден несие ала аласыз?

Ұлттық банктің шешімімен қазір алты банк жұмыс жасап отыр. Олар Центркредит банк, АТФ банк, Халық банк, РБК банк, Цесна банк, Еуразиялық банк.


"7-20-25" бағдарламасы бойынша несие беретін банктер / Сурет "Баспана" ипотекалық ұйым сайтынан алынды

Жыл соңына дейін тағы 3-і қосылып жалпы саны 9-ға жетеді. Олар: Форте банк, Сбер банк, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі.

Центркредит банкі пәтер сатып алуға екі бағдарлама бойынша несие береді

  • Біріншісі – "7-20-25" бағдарламасы.
  • Екіншісі – 16,5% несие бағдарламасы.

Банктің қызметкері Байтөре Қуанышұлы:

– Бізде "7-20-25" және басқа да бағдарлама арқылы үй ала аласыз. Ол үшін ең алдымен төлем қабілетіңізді дәлелдеуіңіз керек. Әрине, қарыздарыңыз болмасын немесе өте аз болғаны абзал. Сонымен бірге зейнетақы есебіңіздегі 6 не 12 ай бойы түскен салымыңыз тексеріледі.

Екінші бағдарлама үшін 16,5 пайыздық үстемемен 15 жылға дейін қарыз бере алады. Онда ұсынылған жылжымайтын мүлікті банкке кепілдікке қою арқылы 70 пайыздық құнына дейін ақшаны қарызға ала аласыз. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйде, кеңсе де сатып ала аласыз, – дейді.

Халық банкі аталған Бағдарлама бойынша құжат қабылдауды өткен аптада ғана бастапты

"7-20-25" бағдарламасы бойынша кеңес берген банктің аға менеджері Гүлмира Мамелянованың айтуынша, 20 миллион теңгелік пәтерді алу үшін 16 миллион теңге 25 жылға беріледі. Қалған 4 млн теңгенің 20 пайыздық бастапқы жарна ретінде өз қалтаңыздан шығатынын ұмытпаңыз.

– Сонда ай сайынғы төлем 113 100 теңге болады. Онда сіздің ең төменгі жалақыңыз кемі 226 200 теңгеден басталуы керек. Мұндай жағдайда сіз өз жалақыңыздың 50%-ын несиеге қалдыруға жазбаша келісім бересіз. Алайда басқа қарыздарыңыз болмасын, – деп отыр.


Құрылыс компаниялары да өз бағдарламалары бойынша несие береді / Сурет informburo.kz

25 жыл ауырмаңыз, өліп-талып жұмыс істеп қарызды қайтарыңыз. Болмаса үйден айырыласыз

"Бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар мерзімділік, қайтарымдылық талаптарымен ұсынылады. Сатып алынатын тұрғын үй ипотекалық қарыз бойынша кепілмен қамтамасыз ету болып табылады. Тиісінше, егер қарыз алушы ипотекасын өтемеген жағдайда, банк кепіл ұстаушы ретінде оны өндіріп алуға құқылы. Осылайша, ипотекалық қарыз бойынша уақтылы төлемдер жасаудың маңыздылығын түсіну қажет" – делінген "Баспана" ипотекалық ұйымның хабарламасында.

Тұрғын үй жинақ банкінде

Мұнда салымыңыз болса, "50%+50%", "7-20-25", "Нұрлы жер" бағдарламаларына да қатыса аласыз. Бұл туралы банктің кеңесшісі Көкішова Айнура Дәлелханқызы айтып берді.

– "50%+50%" – ең алдымен депозит ашасыз да, 3 жыл ақша жинасаңыз, сол жинаған көлемде несиені 5%-бен 6 жылға беріледі. Егер 5 млн жинасаңыз, оған 5 млн несие қосып береді. 6 жылда 800 000 теңге ғана артық төлейсіз.

Ал 50%-ын бір жолда салсаңыз, онда жылдық өсімі 8,5%-бен несие береді. Мұнда 5 млн жинағыңызға қосып 5 млн несие беріледі. 9 жылда 3,3 млн теңгені үстемелеп төлейсіз.

Егер 50%-ын бір жылда жинап болсаңыз, несие екі жыл 8,5%-бен беріледі де, қалған жылдарында 4,8% өсіммен төлейсіз. Егер 5 млн жинасаңыз. оған 5 млн несие беріледі. 9 жылда 2,2 млн теңгені үстемелеп төлейсіз.

Ескі үйлерді қалай аламыз?

"7-20-25" бағдарламасы тек жаңа үйлерге арналған. Ал ескі үйлерді де алуға болады

Ол үшін банктің өзге бағдарламаларына жүгіну керек. Жоғарыдағы банктер тұрғын үйдің құнының 50%-н төлеген жағдайда қалғанын несиеге береді. Несие пайызы әр түрлі.

Құрылыс компанияларының ұсыныстары да әр түрлі

Әр құрылыс компаниясы өздерінің жаңадан пайдалануға берілген және алда пайдалануға берілетін тұрғын үйлерімен таныстырды. Бағдарламаға ұсынылған үйлердегі пәтер бағасы әр шаршы метрі үшін 220 000 теңгеден басталады. Маңыздысы, компаниялардың үйінің сапасы мен бағасын салыстыра отырып шешім қабылдау керек.

Үйді салған құрылыс компаниясымен кәдімгідей саудаласу арқылы да бағаны төмен шекке түсіруге болады. Мысалы, Сейфолла Асғат деген азаматтың айтуынша, шаршы метрі 240 мың теңгелік пәтерді алуға барғанда үйді салған компаниямен қайтадан саудаласып, әр шаршы метрін 16,25 пайызға түсіріп, 201 мың теңгеден алғанын айтты.

Есхат Қабылкерім, мұғалім: "Мен осы бағдарлама бойынша бірнеше құрылыс компаниясына бардым. Олардың әрқайысында құрылыс салушы команияға және үйдің тұрған жеріне байланысты баға да әртүрлі. 1-2 бөлмелі үйлер тез сатылып кетеді немесе осындай бағдарламаларға тез ілігеді. Ал құрылысы енді басталып жатқан үйлердегі пәтердің бағасы төмен болады. Сол кезде ақша салып қойып, үй пайдалануға берілген кезде сол алдыңғы келіскен баға бойынша "7-20-25" бағдарламасына енгізуге болады. Алайда алаяқтарға ұрынып қалмау керек. Сонымен бірге биік үйлерден гөрі 5-8 қабатты үйлердегі пәтерлер өтімді. Ә шаршы метрінің бағасы 240-300 мың теңгенің айналасындағы пәтерлер көп".

Мысалы, Рахымжан Қошқарбаев көшесі бойында арнайы эконом класпен 1-2 бөлмелі етіп салынған бір тұрғынүй кешеніндегі барлық пәтерлер шаршы метрі 240 мың теңгеден сатылған. Олар желтоқсан айында дәл осындай етіп салынған тағы бір үйдің пайдалануға берілетінін айтып, таныстыру жасады.

Ал Ұлы Дала көшесінде беріліп жатқан үйлердегі пәтердің шаршы метрінің бағасы 300 мың теңгеден басталып тұр. Осыдан екі ай бұрын шаршы метрі 260 мың теңгеден болатын. Онда 2-4 бөлмелі үйлер бар.

Тіптен, қала төңірегінде, яғни Қосшы ауылы жақтағы Лесная Полянада жаңадан пайдалануға берілген үйлердегі пәтерлер сатылымға шыққан. Ондағы пәтер бағасы шаршы метріне 200 мың теңгеден басталады. Мұндай үйлер қаланың батысындағы және шығысындағы шеткері жерлерде де салынып жатыр.

Қорытынды. "7-20-25" бағдарламасы бойынша үй алғыңыз келсе

Ең алдымен, ай сайын төлейтін мүмкіндігіңізді тым жоғары бағаламаңыз. Себебі, тұрмыста қиналып қаласыз.

Екіншіден, 20%-дық алғашқы салымды ұтымды бизнеске салу арқылы ақшаңызды еселеуге болатын мүмкіндікті де қарастырыңыз.

Үшіншіден, қосымша кіріс көзінің болғаны дұрыс. Біреудің есебінен күн көруге тырыспаңыз. Экономикалық көзқарасыңызды жетілдіруге күш салыңыз.

Төртінші, егер пәтер жалдап тұрып жатсаңыз, жалдау ақысын несиеге төлеу жағын қарастырған дұрыс.

Бесіншіден, артық үйіңіз болса, екіншісін алып жалға беру арқылы өзіңізге салмақ түсірмей несиені жабу жағын қарастыру керек. Басқа да орайларын келтіруге болады. Мысалы, кей құрылыс компанияларымен келісіп, бөліп төлеу мүмкіндіктерін қарастырыңыз.

Алтыншыдан, несие алар кезде кемі 3 банктен кеңес алыңыз. Сонда көп нәрселерге көзіңіз жетеді. Үй беруші құрылыс компаниясымен немесе үй иесімен барынша саудаласып, бағасын түсіруге тырысыңыз.

Жетіншіден, үйлі болудың жолы тек несиеге тіреліп тұрған жоқ. Қала маңындағы жерлер қатты қымбет емес. Жер алып, үй салуға болады. 10 сотық жерге төрт үй салуға болатынын да ескеріңіз. Кейін бала-шағаңызға керек болады.