5 мың теңгелік ақшаны алғанда абай болыңыз! Ұлттық банк ескертеді. Жаңалықтарға шолу
Жолсеріктердің пойызда әйелді зорлаған оқиғасынан кейін лауазымды тұлғалар қалай жазаланды?
"Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтың айтуынша, пойыз басшысы қызметінен кетті. Осы фактіден кейін "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның жолсеріктері жұмысымен айналысатын Бас директорының орынбасары Едіге Мыхановқа қатаң сөгіс берілген. Осы компанияның Ақтөбе облыстық филиалы директоры лауазымынан босатылған.
Оқи отырыңыз: Жолсерік пен жолаушы: пойыздарда қандай қызметтер көрсетілуі тиіс?
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін заңнамамен талап етілсе, Ұлттық компания өкілі жәбірленушіге өтемақы төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Президент түрмедегі сотталғандарды азаптау деректерін тексеруді тапсырды
"Алматы облысының, Заречное ауылындағы түзету мекемесінде (ТМ) жазасын өтеушілерді азаптау деректеріне қатысты Бас прокурорға жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырдым. ТМ-нің 5 қызметкері ұсталды, бірқатары жұмыстан босатылды. ІІМ-не ТМ жаңғырту тапсырылды. Азаматтық бақылауды күшейту қажет", деп жазды Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Президенттің кадрлық резервіне 35 жастан аспаған үміткерлер қатыса алады
Іріктелгендердің сондай-ақ жоғары білімі және 5 жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Кандидаттар теориялық білімдерін тексеретін тест тапсырады, содан соң комиссия олардың көшбасшылық қасиеттерін, ойлау қабілеттерін, стратегиялық ой-өрісін тексереді. Содан кейін әңгімелесуге шақырылады.
Оқи отырыңыз: "Жаңа ақша-несие саясатын әзірлеуді міндеттеймін". Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы қандай тапсырмалар берді?
Ең соңында ұсынылған кандидатты ұлттық комиссия қарайды. Іріктеудің барлық кезеңінен сүрінбей өткендер үш жылға Президенттің кадрлық резервіне қойылады. Оған қоса олар білім беру бағдарламаларына сай оқиды, әрі жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерге тағайындалады.
Заңсыз билет саудасы жойылмай тұр
Осы мақсатта биыл 1-ші шілдеден бастап іске қосылған "Мобиус" жүйесі де нәтиже бермеген. ҚР Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы Жасұлан Еламанов жаңа жүйеден айналып өтіп, заңсыз билет саудасын қыздырып отырғандардың қатары сейілмей отырғанын айтады.
Оқи отырыңыз: Мереке қарсаңында пойыз билеттері екі есеге жуық қымбаттап жатыр
– Шымкент қаласындағы вокзалдардан бір күннің ішінде билетті заңсыз сатып жүрген 6 адамды ұстадық. Олардың бәрі әкімшілік құқық бұзу кодексінің 449-бабы бойынша жауапқа тартылды. Дәл осындай жағдай Алматы қаласының вокзалдарында да бар, – дейді прокурор. "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қ.Әлмағамбетов алып-сатарларға жазаны күшейтпесе, оларды тоқтату мүмкін еместігін алға тартты
5 мың теңгелік ақшаны алғанда абай болыңыз
Қазақстан Ұлттық банкі 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 мың теңгелік қолдан жасалған банкноттарды айналымнан алу дерегі жиілеп кеткені жайында хабарлады. Жалған банкноттардың сериялық нөмірі – ВВ 5547994, бірақ басқа да нөмірлері болуы мүмкін екен.
"Қолдан жасалған, жалған банкноттарды қорғалған қағазда компьютерлік техниканы пайдалана отырып жасаған. Банкноттың бүкіл бетінде геометриялық фигура түріндегі сутамғы белгілеріне дейін бар. Сонымен бірге оларда мифтік "Самұрық" құсы түріндегі сутамғы белгінің имитациясы салынған" делінген ҰБ таратқан хабарламада.
Оқи отырыңыз: Шілде айында теңге құлдырады. Бұл – жыл сайынғы дәстүр ме? Тамыз айында ол үдей ме?
Бас банктегілердің түсіндірулерінше, ультракүлгін жарықпен қарағанда қолдан жасалған банкнотта көгілдір түсі болмайды. Мұндай банкноттардың түрлі-түсті талшықтарын жалған ақша жасаушылар қолдан бояумен салады. 5 мың теңгелік жалған банкноттың түстері түпнұсқасына қарағанда көмескілеу көрінеді.
Елімізде ипотека алушылардың қарасы көбейіпті
Екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиелері бір айда 4,5%-ға өсті және бірден рекордтық 30,5%-ға жетіп, 1,49 трлн теңге болды. Бұл экономикаға берілген несиелер жиынтығының 11,6%-ын құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 1,14 трлн теңге болған.
Еліміздегі пайыз мөлшерлемесі төмен әрі тиімді ипотека беретін банктер қатарында Altyn Bank (15,4%), Сбербанк (15,6% ) және РБК банкі (16%) аталып отыр.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Ең төменгі алғашқы жарна бойынша ForteBank көш бастап тұр - 15%. Ал, Altyn Bank, Tengri Bank және АТФ банктері сатып алатын баспана құнының 20%-ын құюды талап етеді.
Жеңілдетілген несие алуға мыңнан астам өтініш түскен, 180-ін мақұлдаған
"Бақытты отбасы" бағдарламасымен баспана сатып алу несиесі 2% жылдық мөлшерлемемен беріледі. Бағдарлама 1-ші шілдеде іске қосылғанмен, оған астанада өтінішті 17-шілдеден бастап қалбылдаған. Бас қалада пайызы жеңіл кредитті алуға 399 өтінім түскен, тек 80-і мақұлданған. Ал, Қазақстан бойынша түскен 1129 өтінім иесінің 180-не несие берілген.
Оқи отырыңыз: Несие тарихы несібесіз қалдырмай ма?
"Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі"-нің Астана қаласындағы филиалыдиректорының орынбасары Ж.Ізімбетова несие алуға ниеттілердің өтінімдерінің мақұлданбауының басты себептерін атады. Олардың арасында несие бойынша берешектері , несиені төлеуге табысы жетпейтіндер, зейнетақы аударымдары уақытылы жүргізілмегендер мен төлем қабілетін растай алмағандар бар. Банк өкілінің айтуынша, 105 мың жалақымен азаматтарға 15 млн тұратын пәтер сатып алуға болады. Алайда мұндайда оның басқа несиесі болмауы шарт.
8 млн жарна жинамай зейнетақы жинақтарыңызға жолай алмайсыз
Ашық үкімет порталында зейнетақымен қамсыздандыру мәселесіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу тұжырымдамасының жобасы талқыланып жатыр. Бұған дейін қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияны таңдауға құқық берілетіні туралы хабарланған болатын. Қазір бұл шаруаны Ұлттық банк үйлестіріп отыр.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын кімдер мерзімінен бұрын ала алады? Үкімет пен Ұлттық банк ұсыныстары қандай?
Жаңа тұжырымдамада мұндай құқық тек қаражаты шекті мөлшерге жеткілікті азаматтарға берілетіні жазылған. Биыл әйелдерге бұл сома – 10,1 млн теңгеден астам, ер адамдарға - 8,2 млн теңгеден астам болып белгіленген. Шекті баға жыл сайын тағайындалып отырады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Бұршақ, найзағай, аптап: Бірнеше өңірде ескерту жарияланды. 1 тамыз күндіз Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде 36°С аптап ыстық күтіледі. Қызылорда облысында таңертең және күндіз кей жерлерде найзағай ойнап, дауыл тұрады. Күндіз 42 градус аптап ыстық болады. Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай жарқылдап, бұршақ жауады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел батысқа ауысады. Желдің екпіні түнде кей жерлерде – 15-20 м/с, күндіз – 15-20 м/с, екпіні – 23 м/с дейін күшейеді.
24.kz: 1 $= 384,20 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 384,20 теңге болды.
Qamshy.kz: Қазақстандықтар мейрамханада қанша ақша қалдырды? 2018 жылы қазақстандықтар кафелер мен мейрамханаларда 524,8 миллиард теңгеге отырған. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 11,1 пайызға жоғары. Аталған қаржының 153,2 миллиард теңгесін алматылықтар қалдырса, елордалықтар 81,3 миллиард теңгеге тойлапты. Бұдан бөлек, Атырау облысы көлеміндегі кафе және мейрамханалар 73,3 млрд теңге пайда тапса, Қарағанды облысы 25,3 млрд теңге, Түркістан облысы 24,8 млрд теңге, Ақтөбе облысы 23,1 млрд теңге, Маңғыстау облысы 21,8 млрд теңге көлемінде табыс тапқан. Ал БҚО-дағы тамақтану көрсеткіші - 20,7 млрд теңге, ШҚО-да - 20,1 млрд теңге, Қызылорда облысында - 12,8 млрд теңге, Ақмола облысында - 12,5 млрд теңге көлемінде.