Елімізде хакерлерге жаза күшейтілмек

Осы мақсатта ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Қылмыстық кодексінің "Ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе телекоммуникациялар желісіне құқыққа сыйымсыз қол жеткізу" аталатын 205 бабына өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

Қолданыстағы қылмыстық кодексте хакерлерге ақпаратқа заңсыз қол сұққаны үшін 160 АЕК көлемінде айыппұл мен 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалатыны жазылған. Ал, жаңа өзгерістерде министрлік айыппұл көлемін 300 АЕК дейін көбейтуді, ал қамауға алу мерзімін 75 тәулікке дейін белгілеуді ұсынған. Әзірге заң жобасы ашық үкімет порталында, 2-ші қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.

Жәрдемақыны заңсыз алғандардан Үкімет қаржысы қайтарылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындап, төлеу қағидасына енгізілетін өзгерістерді әзірледі. Жоба 3-ші қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Қолданыстағы қағидаға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз, не артық алғандар ерікті түрде, бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтаруы тиіс. Еңбек министрлігі үкіметтің қаржысын қайтарып алу қағидасына қатысты құжатқа жаңа бөлім енгізіпті. Оған сәйсек, егер атаулы әлеуметтік көмекті алу мақсатында азаматтардың жалған ақпараттарды беру деректері анықталса халықты жұмыспен қамту орталығы немесе жергілікті әкім бұл туралы жазбаша түрде бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға ескертуі тиіс. Бұдан соң уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алушыға артық қаржыны ерікті түрде қайтару туралы жазбаша хабарлама жолдайды. Хабарлама жіберілген күннен бастап жәрдемақы төлеу тоқтатылады.

Егер жәрдемақы алушы хабарлама алғаннан кейін бір айдың ішінде негізсіз алған қаражатын Үкіметке ерікті түрде қайтармаса, құзіретті орган сотқа жүгінеді.

Жобада атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасының еңбекке жарамды жастағы мүшелерін жұмысқа орналастырудан бас тарту жағдайын реттеуге арналған өзгерістер де қарастырылған. Бұған қоса өзгерістер енгізілген жаңа құжатта жәрдемақы төлеу мерзімінің аяталатын кезі туралы да жазылған.

Сағынтаев Алматыдағы бала-бақшаларды тексеруді тапсырды

Алматы әкімі Б.Сағынтаев қалалық білім бөліміне айына 50-70 теңге төлемақыны талап ететін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметін тексеруді жүктеді. Әкім жекеменшік бала-бақшаларды субсидиялау бойынша шаралардың қабылданғанына қарамастан бақшаның ай сайынғы төлемі қымбаттап отырғанын алға тартты. Бұл ретте бағаның ата-аналармен қосымша қызметерге жасалған келісім-шарттарды талдау, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер түрі мен ақысын қайта қарау тапсырылды.

Б.Сағынтаев сондай-ақ, алдағы 3 жылда бала-бақша тапшылығын жою үшін бюджет қазынасының тағы 6,5 млрд теңгеге толығатынын хабарлады. Әкімнің айтуынша,, қалада бала-бақшаға кезекте тұрғандар саны жыл сайын артып отыр. Қазір 1 жастан 6 жасқа дейінгі 56 мыңнан астам баланың бақша кезегінде тұрғаны белгілі болды.

Судағы экологиялық қауіпсіздік ережелері күшейтіледі

Теңіз кемелерінен "нөлдік" сарқынды суларды шығаруды қамтамасыз ету үшін ҚР Индустия және инфрақрылымдық даму министрлігі жаңа ережені бекітілді. Құжат кемелерден ластануды болдырмау жөніндегі халықаралық конвенцияның техникалық талаптарын іске асыруға бағытталған. Ережеде теңіздің ластануына алып келетін кеме бортында операциялар жүргізу тәртібі анықталады, мысалы, кемеге отын құю, жүк бөліктерін жуу, теңізге ағызылған шаруашылық мақсаттарында жұмсалған сарқынды суларды сүзу және шығару. Бұдан басқа теңізге мұнай, сұйық химиялық заттарды, сарқынды сулар мен қоқыстарды шығаруды болдырмауға арналған кемелерде арнайы жабдықтар мен жүйелердің болуы және олардың атқаратын жұмысы бойынша талаптар белгіленеді.

Ережелер теңіздің кемелерден ластану тәуекелін азайту жөніндегі біріздендірілген халықаралық талаптардың сақталуын және тиісінше шетелдік порттарда отандық кемелердің оларды бұзғаны үшін кідіруін болдырмауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ кеме иесі тарапынан теңіз ортасын ластау салдарын жоюға арналған шығындардың ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді.

2020 жылдан бастап Үздік мұғалімдерге арнайы грант бөлінеді

Алматы әкімі Б.Сағынтаев осылай деп мәлімдеді. Әкімнің гранты еңбекте зор табыстарға жеткен мұғалімдерге келер жылдан бастап табысталады. "Марапатқа лайықтыларды мұғалімдердің өзі анықтауға атсалысуы керек" дейді әкім.

Бұдан бөлек әкімдік еңбек жолын енді бастаған мектеп мұғалімдерін қолдау туралы шешім қабылдаған. Биыл 700-ге жуық жас мұғалім бюджет қаражаты есебінен 20 АЕК көлемінде грант алады. Сонымен қатар жыл сайын қаладағы үздік педагогикалық ұйымға 24 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталады. Биыл бұл марапатқа Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясы лайықты деп танылды. 24 млн 211 мың теңгелік сертификатты мектеп директорына әкімнің өзі табыстады. Қаражат толықтай мектеп шотына аударылады. Мектеп әкімшілігі ақшаның мектептің материалдық-техникалық тұрғыды жабдықталуына жұмсалатынын мәлім етті.

Арыстағы құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі екінші рет кейінге қалдырылды

Түркістан облысының әкімдігі апатты аймақта жарылыстан қираған ғимараттарды толықтай қалпына келтіруді 1-ші қыркүйекке қарай аяқтауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Әкімдік таратқан ақпаратқа сүйенсек, бүгінге дейін аймақта 7 мыңнан астам үйді жөндеу аяқталған. 23 үй жаңадан салынған. Секторлардағы жұмыстарын Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары толықтай аяқтаған. "Түркістан облысының әкімі Ө.Шүкеев қалған өңірлерге жоспарлы жұмыстарын қыркүйекке дейін бітіруді тапсырды" деп жазылған таратылған хабарламада.

Алматы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды

Бұл қызметке бұған дейін Мәдениет және спорт министрінің орынбасары болған Ерлан Қожағапанов келді.

Е.Қожағапанов 1994 жылдан 2007 жылға дейін мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда жұмыс істепті. 2007 жылдан 2013 жылға дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2013-2016 жылдары ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы, ҚР Футбол федерациясының президенті болса, 2016 жылдан бастап 2017 жылға дейін ҚР премьер-министрінің кеңесшісі қызметін атқарған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда жауын жауып, ауа температурасы төмендейді. 20-22 тамызда Қазақстанға Батыс Сібір өңірлерінен суық атмосфералық ағындармен циклон ығысып, олар республиканың солтүстік, орталық және шығыс облыстарына қарай жылжиды. Соның салдарынан республиканың кей аймақтарында найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жел күшейеді. Сондай-ақ бұршақ жауып, ауа температурасы төмендеуі ықтимал. Батыста және оңтүстікте жауын-шашынсыз ауа райы сақталса, оңтүстікте ыстық бәсеңси түседі.

Baq.kz: Оқушылар жаңа оқу жылында қалай демалады? 1 сынып оқушылары 33 апта, 2-11(12) сынып оқушылары 34 апта оқиды. Күзгі каникулдар – 28 қазаннан 3 қарашаға дейін (жеті күн). Қысқы каникулдар – 30 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін (он күн). Көктемгі каникулдар – 21 наурыздан 2 сәуірге дейін (13 күн). Сондай-ақ, министрліктегілердің мәліметіне сүйенсек, 1 сынып оқушыларына тағы 3-9 ақпан аралығында (жеті күн) қосымша каникул беріледі.