https://informburo.kz/kaz/bilim-ministrligi-magistratura%D2%93a-grant%D2%9Ba-t%D2%AFsushilerge-keshendi-testileudi%D2%A3-92974.htmlБаланың келешекте мықты маман болып қалыптасуына мұғалім орасан зор ықпал етеді. Осыны ең алдымен ұстаздың өзі түйсігінен өткізгенде ғана саналы ұрпақты тәрбиелей алады. Ол үшін заман ағымына ілесіп, жаңа жүйемен оқушыларға сабақ үйретіп қана қоймай, дәрежесін де өсіруі керек. Сонда ғана білікті маман ретінде жоғары жалақыға қол жеткізе алады. Осы тұста "көптен бері тілге тиек етіп жүрген жаңартылған мазмұнды қалай тереңірек түсінуге болады?" деген заңды сұрақ туындайды.

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігіндегі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова толығырақ жауап берді.

Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанның білім саласында не өзгереді?

Жаңартылған мазмұнға көшу 2016-2017 оқу жылынан басталды

– Өсіп келе жатқан балалардың алған ақпаратты жүйелей алуы үшін функционалдық сауаттылықты дамыту бағытында мектептегі оқу бағдарламалары өзгертілді. Мұндай оқу жүйесі дамыған елдердің басым көпшілігінде қолданылады. Жаңартылған білім мазмұнын енгізу елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінен бастау алды. Осы тәжірибені жалпы білім беру мектептеріне таратуды 30 пилоттық мектеп негізінде бастадық. Нәтижесін көргеннен кейін еліміздегі барлық мектептерде оқу бағдарламаларын өзгерту керек деп шештік, – дейді Шолпан Каринова.

Оқи отырыңыз: Шетел университеттерінде тегін білім алуға болады. Гранттар мен стипендиялар топтамасы

Назарбаев зияткерлік мектептері мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы үстаздары бірлесіп, оқу бағдарламасын даярлаған. ТМД мемлекеттері мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі негізге алынып, халықаралық стандарттар ескерілген. Осылайша қазақстандық жаңа жүйе қалыптастырылды.

Оқу орындарында жоба сатылап енгізілетін болады

Өздеріңізге белгілі, 2016 жылдан бастап 1, 2, 5 және 7 сынып жаңартылған мазмұнға көшті. Ал, 2018 жылғы қыркүйектен бастап 3, 6 және 8 сыныптарға енгізіледі. Одан кейін 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 4, 9, 10 сынып, 2020 жылы 11 сынып сабақтарын басқаша өтетін болады.


Осыған дейін 1 сыныпта жаңартылған мазмұнда сабақ өткізілген / egemen.kz сайтынан алынды

Енді оқу бағдарламасы қалай өзгереді?

– Жаңартылған білім мазмұны бойынша Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері үшін Жүйелік әдістемелік кешен әзірленді. Ол кешенде әр пән бойынша сабаққа қажетті толық материалдар жинақталған. Бұл – бүгінгі мұғалім жұмысына үлкен демеу, әрі қолдау Мектептердің деңгейіне байланысты әр түрлі бағытта қарастырылды, – дейді Шолпан Каринова. – Мұғалімдер бұрынғыдай ертеңгі болатын сабағының жоспарын жазып әуре болмайды. Әрбір сағатқа арнайы бағдарлама әзірленді. Соны оқушының бойына сіңіре білсе болғаны.

Осы тұста Ыбырай Алтынсариннің "егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес. Оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс" деген сөзі еске еріксіз оралады.

Оқушы білімінің бағалануы да өзгереді

Ұзақ жылдар бойы оқушылардың білім деңгейі 2, 3, 4, 5 деген бағамен өлшеніп келді. Тоқсандық, жылдық бағалар қойылатын еді.

Бұл бағалау жүйесінің өзгертуді қажет ететіндігін мұғалімдер соңғы жылдар үнемі айтып келді. Енді критериалды бағалау жүйесіне сай қалыптастырушы және жиынтық баға арқылы оқушының білімі бағаланады. Баға қою кезінде балл мен баға қойылмайды. Мұны қалай түсінуге болады?

Критериалды бағалау жүйесінде (қалыптастырушы бағалау) мұғалімнің көзқарасына аса назар аударылып жүр. Оқушы:

  • Тақырыпты қандай деңгейде игерді?
  • Қай тұсын жетілдіру қажет?
  • Оқушы білімін қаншалықты пайдалана алды?

Осы және т.б. сұрақтардың жауабын ұстаз оқушыға, ата-анаға кері байланыс арқылы түсіндіреді. Бағалау жүйесінің елу пайызы осы әдіс бойынша жүзеге асады. Содан кейін тоқсан аяқталар кезде оқушылардан әдеттегідей бақылау жұмысы алынады.

Мұндағы баға – оқушының оқу бағдарламасын қаншалықты қабылдағанының дәлелі. Сондықтан, әр сабаққа қойылған мұғалім пікірі мен жиынтық бақылаудың қосындысынан тоқсан қорытылады. Осындай бағалау тәсілі I, II тоқсаннан бері қолданыста.

Ғаламтор қолжетімді мектептер электронды күнделікке көшеді

Кең жолақты интернет, қажетінше компьютерлер, локалды жүйе бар болса, мектеп электронды құжат айналымына көшетін болады. Білім саласын қағазбастылықтан арылту үшін құжаттар электронды форматта толтырылады.

Мұғалім бұрынғыдай күнделіктің көшірмесін жасай алмайды. Ал, оқушы күнделігімді жоғалттым деп сылтау айта алмайды.

Тіркелген баға қайтадан өшірілмейді. Ұстаз қағаз журналын электронды журналмен қатар жүгізуге міндетті емес. Мұны мектеп әкімшілігі талап етпеуі керек. Сонымен қатар ұялы телефондарға қосымша орналастырылып, бағалау жүйесі енеді.

Ата-ана енгізілген қосымшаға тіркелу арқылы мектепке бармай-ақ баласының оқу үлгерімін, сабаққа қатысуын қадағалай алады.

"География пәніне ешқандай өзгеріс енген жоқ"

Жұрт алып тастады деп шулаған "Қазақстан географиясы"-на келетін болсақ.

– Мұндай арнаулы пән болған емес. Бүгінге дейін тек еліміздің ғана географиясы емес, әлем бойынша қарастырылып келді. Бұл билогия, химия, физика пәніне де қатысты.

8 сыныпта – "Физикалық география", 9 сыныпта – "Экономикалық және әлеуметтік география", 10-11 сыныпта – "География" атты оқулықпен арнайы пән оқытылып келді, оқытыла береді. Өз мемлекетіміздің географиясы осының ішінде айтылатын болады, – дейді Шолпан Каринова.


"Қолға алған жоба толыққанды игерсек, Президент жолдауы жүзеге асады", – дейді Шолпан Каринова / bilim-all.kz сайтынан алынды

Келесі жылдан бастап "нөлевойлар" сабақтарын латынмен оқуы мүмкін

Бұл туралы 2018 жылдың 18 қаңтар күні Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Ол: – Нөлінші сыныптан бастау мәселесі мұғалімдермен талқыланып жатыр. Оқулықтар дайындалып болған соң, сараптамаға ұсынылатын болады. Біздің ойымызша, нөлінші сыныпты бірден латын әліпбиінен бастап кету керек. Себебі, 400 мыңға жуық балаға оқулықтарды кирилл әрпімен басып шығарып, бірер жылдың ішінде оны тағы латынға көшіріп басу мүмкін емес, ол көп қаржыны қажет етеді, – деген болатын.

– Төрт топ Премьер-министрдің төрағалығымен өтетін ұлттық комиссияға қарайды. Оларға жұмыстарымызды көрсетіп, ұсыныстарымызды айтып отырамыз. Комиссия бірнеше ай жұмыс істеп, бес айдың ішінде соңғы нақты шешімін шығарады. Сөйтіп жаздың басында латынға көше бастаймыз. Уақыт тығыз болғандықтан, дайындалған жаңа оқулықтар сараптамадан өтпесе, біз нөлінші сыныпты латын әліпбиінде оқытуды келер жылы пилоттық жоба ретінде бастаймыз. Мұндай жағдайда толықтай 2020 жылы енгізілетін болады, – деді министр.

Бұл – жаңа Әліпби туралы заң бекітіле салысымен кірісетін іс.

Енді оқулықтар мектептегі оқушы санына қарай беріледі

– Бүгінге дейін әрбір мектепте төрт жыл сайын кітап жаңартылатын. Ендігі кезекте оқулықтар Білім стандарттарына, оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізілген жағдайда, оқушы санына байланысты сатылып алынатын болады.

Бүгінгі таңда келесі оқу жылына дайындық барысында 3,6,8 сыныптарға арналған оқулықтар дайындалып жатыр. Оқулық макеттері республикалық "Оқулық" орталығының арнайы сайтында қоғамдық бағалауға жүктелген. Кітаптың сапасын кез-келген адам көріп, өз пікірін білдіре алады.

Оқулықтарды әзірлеу, сараптамадан, апробациядан өткізу жұмыстарына да оқулық сапасын жақсартуға байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді.

Кітаптың сапасын сіз де көріп, пікіріңізді білдіре аласыз. Қателіктерді алдын алуға септігіңіз тиіп қалар, бәлкім. Сайт сілтемесін, мақаланың соңына қарай көре аласыздар.

Сандық технологияға байланысты роботтарға үйрене бастаймыз

Кез-келген салаға жаңашылдық енсе, үрке қарайтын әдетіміз. "Робототехниканың" қосымша берілетіндігі туралы естіген жұрт маман жайын сөз етті. Мәселе – ашылған кабинеттің "мұражай" болып қалмауында жатыр.

– Технология қарыштап дамыған шақта көштен қалып қоймау керек. Оқушы компьютердегі бағдарламалар арқылы роботтың қимылын, әрекетін басқара алады. Оның тағы да басқа әдістері жетерлік. Осының бәрін бес саусағындай білетін маман керек.

Оқу жоспары инвариантты (міндетті) және вариативті екі бөліктен тұрады. Сондағы вариативті бөлігі есебінен "Робототехниканы" мектептерде оқушылар таңдаған жағдайда, тиісті маман болғанда беріледі. Және де "Робототехника" қосымша білім беру мекемелерінде үйірмелер ретінде оқытылады. Оны игеру үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінде арнайы бапкерлер дайындалды, – дейді Шолпан Каринова.

Осы уақытқа дейін 2500 информатика пәнінің мұғалімдері біліктілік арттыру курстарынан өтті.

Министр BilimLand жүйесін барлық мектептерде қолданылуын қадағалайтын болды

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев цифрлық технологияларды меңгере алмай жатқан мектептерді анықтауды тапсырды. Бұл мәселеге директорлар тікелей жауап беретінін айтты.

– Бізде BilimLand жүйесіне барлық мектептер қосылған. Әр қала бойынша қолымда статистика бар деп айта аламын. Мәселен, Павлодар қаласындағы 35-ші мектеп қыркүйек айының алғашқы күндері-ақ 14 мың лекцияны жүктеп алған. Ал 5-ші мектеп лекцияны 283 рет қана жүктеген. Айырмашылықты байқайсыз ба? Демек, біреуге бұл керек, екіншіге мүлде қажеті жоқ, – дейді министр.

– Бұдан былай 35-ші және 5-ші мектептің үлгерімін біле аламыз. Цифрлық білім ресурстарының оқу материалдарының бастамасында өте ыңғайлы екендігі анықталып отыр. Мұғалімдер неге осыны қолданбайды? Өйткені, білмейді немесе түсінбейді. Себебі, оларда видежобалар жоқ. BilimLand жүйесіне ақша төлеп отырып, қалайша оны 280 рет қана қолдануға болады. Дәл сол уақытта, дәл сол соманы төлеген басқа мектеп 14 мың рет қолданса... Бұл мүлде біліксіз басқару дегенді білдіреді ғой, – деді министр.


"Болашақ" бағдарламасымен оқып келген түлектердің IT салада бірлесе жасаған жұмысын барша мектептер қолдануы керек / profit.kz сайтынан алынды

Бүгінде ғылым ағылшын тілінде сөйлеп тұр

2019 жылдың қыркүйегіне дейін 10-11 сынып оқушылары физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытылады деп күтілуде. Бүгінде бұл сұрақ педагогикалық қауымдастықта, қоғамда қызу талқыланып жатыр. Содан кейін нақты шешімі белгілі болады.

Тілді меңгеру деңгейін көтеру үшін мұғалімдер: "Назарбаев Университеті", "Назарбаев зияткерлік мектептері", "Ustaz professional development centre" оқу орталығы және "Өрлеу" базасы сияқты бірнеше оқу орталықтарында бір емес, бірнеше рет дәріс алды. Белгілі нәтижеге қол жеткізген соң, діттеген мақсатты жүзеге асыруға кіріседі.

Министрлік білім беруді үш тілде біртіндеп көшіруге дайындықты қамтамасыз ету мақсатында:

– жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуды енгізуге арналған пилоттық мектептер жобасын іске асыру;

– үш тілде оқыту үшін педагогикалық колледждер және жоғары оқу орындарында педагогикалық кадрларды даярлау;

– үш тілде оқытатын мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі;

– ағылшын тіліндегі жаратылыстану циклінің пәндері бойынша оқулықтар мен ОӘК-ті апробациялау;

– үш тілде оқыту үшін қажетті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс жүргізу.

Қазақша түсіндіргеннің өзінде қиналып қалатындықтан, оқушы ол қиын пәндерді ағылшын тілінде қалай қабылдайды екен деген үрейдің бары сөзсіз. Бірақ, осы төрт пәнді таңдаған болашақ түлектер ағылшын тілін еркін меңгеруі керек. Сол кезде ғана білікті мамандардың шоғыры қалыптаса бастайды. Мысалы, сұранысқа сай құрылғыны ойлап табу үшін ағылшын тілін жетік білмесе болмайды. Себебі, оның ішкі құрылысы ағылшын тіліндегі бағдарламалар арқылы басқарылады.

Қазіргі таңда әлемде адамдардың басым бөлігі (2016 ж. – 1,5 миллиард) ағылшын тілінде сөйлеседі. Жаңа ғылыми әлемде интернет желісінің жартысынан астамына (55,7%) ағылшын тілінде қол жеткізуге болады.

Ғалымдардың пікірінше, медициналық білімнің 30% әр бес жыл сайын жаңартылып отырады. Ондай ақпараттың ағынына ешқандай ел ілесе алмайды. Мұндай жаңа ақпаратты аударуды ешқандай елдің бюджеті көтере алмайды. Дәл осылай ақпараттық технологиялар био және нанотехнологияда, самолет құрастыру, робототехника және т.б. салаларда дамып жатыр.

Бес күндік оқу жүйесіне көшуді мектеп шешеді

Ата-аналардан, мұғалімдерден келген хаттар мен сұрақтарды қарастыра отырып, оқушыға деген жүктемені азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жан-жақты қарастырылып, үйге берілген тапсырманы орындаудың ұзақтығы 130 минуттан аспауы керектігі туралы норма министрліктің 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 184 бұйрығымен бекітілді.

Бескүндік оқу жүйесіне көшуге нормативтік негіздеме жасалды. Егер мектепте барлық жағдайлар жасалса, оның ішінде кабинеттер саны жеткілікті болса, мектепте бір немесе екі ауысымда оқып, оқу процесін толыққанды ұйымдастыру мүмкін болса, бес күндік оқу аптасына көшу туралы шешімді білім беру ұйымының әкімшілігі, ата-аналар комитеті, сондай-ақ қамқоршылық кеңестің келісімімен қабылдайды.

Мұғалімнің айлық жүктемесі 16 сағатқа дейін азаюы мүмкін

Қазір мұғалім бір айда он сегіз сағат сабақ өткізуі тиіс. Оқушылар берілген ақпаратты толыққанды қорыта алмағандықтан, 16 сағатқа азайту жағы қарастырылып жатыр.

– Бізге бес күндік оқу жүйесіне көшу туралы сұрақ көптеп түсті. Егер мектепте мұғалім саны жеткілікті болса, белгіленген оқу бағдарламасын бес күнге сыйғыза алған жағдайда бұл әдісті құптарлық деп таптық. Демек, бұл мәселені санитарлық талап тұрғысынан шешу мектеп басшылығының құзіретіне кіреді, – дейді ол.

"Оқушы 45 сағат сабақта болмаса, келесі жылға қалады деген сыбыс – жалған"

Жаңа білім реформасына өзгерістер енгізілгелі бері, әлеуметтік желілерден түрлі пікір мен сыбыстарды кездестіріп жаттық. Соның бірі – балаңыз 45 сағат сабақта болмаса, келесі жылы қайта оқитын болады. Бұл мәселенің көтерілуі мүлдем негізсіз, дәлелсіз екенін Шолпан Каринова айтты.

Оның айтуынша, келесі жылға қалдыру оқушының оқу үлгеріміне ғана байланысты. Үш немесе одан да көп пәннен төмен қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсетсе, білім дәрежесінің төмен екендігі айқындалады. Баланың қанша сабақтан қалғаны маңызды емес, бағдарламаны қаншалықты игергеніне байланысты шешіледі.

Оқушы сырқаттанған жағдайда, үйде немесе емдеу мекемелерінде оқыту сияқты түрлері де бар. Әрине, мұның бәрі арнайы бұйрық арқылы реттеледі.

Қанық түсті форма киюге тыйым салынбайды

– "Қазақстан бойынша оқушылардың барлығы бірдей формаға көшуі тиіс" деген ұстаным жоқ. Әрбір мектеп, ата-ана, мұғаліммен ақылдаса отырып, форма үлгісін бекітеді. Әдеттегідей бәрі бірегей киіммен жүруі тиіс. Үлгісі, түсі, сапасы мектеп ішінде шешіледі. Әр өңірдің ауа-райына байланысты форманың матасы таңдалады.

Мысалы, солтүстік пен орталықта қыс суық болатындықтан, трикотаж маталарынан тігетін болса, керісінше оңтүстікте ыңғайлысына жүгінеді. Шығыс пен батыстың да көзқарасы осыған байланысты. Тұтынатындардың басым көпшілігі қыз баласы үшін белдемше мен жейденің үстінен киетін кеудешені құп көрсе, ұлдарға костьюм-шалбар екені түсінікті, – дейді Шолпан Каринова.

Балалар 6 жасында мектепке барады

2019 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін оқу бағдарламалары енгізілгелі жатыр. 5 жастан бастап балалар мектепке дайындық орталықтарына бара алады. Осы күнге дейін мектепке 7 жасқа толған немесе аз ғана уақыт қалғандар баратын болса, енді 6 жасында мектептің табалдырығын аттауына болады.

Арнайы зерттеулердің нәтижесінде, балалардың зейіні ерте бастан қалыптаса бастағаны дәлелденіп отыр. Білімге деген құштарлығын суытып алмау жолында осындай бастамалар көтеріліп жатыр. Күні ертең мектеп та­бал­дырығын аттаған жеткін­шек әріп танып, жазып, әріпті бір-бірімен қосу арқылы оқуы керек екенін аңғартады. Қазірдің өзінде осы тәсілдің қолданылып жүр.

Аттестация екі кезеңнен тұрады


Ұстаздардың біліктілігі тестен өткен соң өсіп, жалақы артады / informburo.kz графикасы

– Оқытушы бір жылда екі рет тест тапсырмайды, екі кезеңнен өтеді. Біріншісі, квалл тест. Оны кез-келген мұғалім тапсыра алады. Тіпті балабақшада, мектепке дейінгі оқыту мекемелерінде, өнер саласында т.б. қызмет етіп жүрген ұстаздарға да қатысты. Бұл – оқытушыға ешқандай кесірін тигізбейді. Тестен өтпей қалғанның өзінде осыған дейін алған категориясы сақталады. Заң бойынша, біліктілікті бес жылдың ішінде тартып алуға ешқандай құқық жоқ.

Мынаны ескерген жөн: егер мұғалім тезірек дәрежесін көтеру керек болған жағдайда, қазірдің өзінде бұл тәсіл кезектен тыс жүзеге асып жатыр. Ал, кезекті аттестацияны жұмысқа енді ғана орналасқан мұғалім де тапсыра алады. Бұл жерде ұстаздың қалауына қарайы. Тесті тапсыру құны әзірге нақты бекітілген жоқ.

Екіншісі, кешенді қорытындылау жүйесі бұрыннан енгізілген. Мұғалімдерге жаңалық емес. Жылда арнайы оқыту орталықтарына (курстарға) барып оқып келгендегі сертификаттары, түрлі конкурстардағы мақтау қағаздары жинақталатын еді. Үйреншікті тәсіл бәз қалпында қала береді.

Осы екі кезеңнен өткенде ғана мұғалім жалақысын 20-50 пайызға көтере алады.

БЛА (базалық лауазымды айлық) мөлшері деген не және қалай анықталады?

  • Азаматтық қызметшілерге;
  • Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне;
  • Қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі енгізілген. Мөлшері Үкіметтің қаулысы негізінде анықталады.

Базалық лауазымды айлық мөлшері / ҚР Еңбек кодексінің негізінде шыққан қаулылар

Мұғалімнің жалақысының қалай өсетінін толығырақ білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз.

Сиясы кеппеген оқулықтар туралы пікір білдіргіңіз келсе, осыны түрте салыңыз.

Білім және ғылым саласы бойынша туындаған сұрақтарыңызды, осы жерде қоя аласыздар.