Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдай Астанада да байқалған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Астана бюджеті 27,6 пайызға кеміген.

Үкімет мемлекеттегі донор аймақтардың санын алтауға жеткізе алмай әлек

Экономист Мағбат Спанов Алматы, Астана, Ақтау мен Атырау қалаларын әзірге донорлар дейді. Оның өзінде тек Алматы мен Астанада бизнес субьектілерінің көптігі мен Атырау мен Ақтауда мұнай өндірісінің болғандығынан ғана.

– Үкімет дотацияға онша тәуелді емес аймақтарға Алматы облысы мен Қарағандыны жатқызады. Өйткені Алматы облысының экономикасын Хоргос бекеті, Қарағандыны географиялық жағынан Астанаға жақындығы көтеріп тұр. Бұл жерлердегі бизнестегі белсенділік Алматы мен Астанаға байланысты, – дейді Мағбат Спанов.

Алматыда тек мықтылар ғана ашық нарықтағы айналымға шыға алады.

Алматы мемлекет бюджетінің бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр деген Үкіметтің бояуы қалың мәліметінің беті ашылып қалды. Астанада да бизнес субьектілері санының азайғаны байқалады деп БАҚ жариялай бастады.

Алматы әкімдігі экономиканы басқару және бюджетті жоспарлау басқармасының жетекшісі Ілияс Өсеров өткен аптадағы жиында қаладағы бизнес субьектілерінің басым көпшілігі жабылып жатыр деген мәліметті растады. Оның айтуынша, әзірге бәсекеге төтеп бергендері ғана қалып, тек тіркеліп қойып, санды көбейтіп жүргендердің басым көпшілігі бизнестерін жабуға мәжбүр болған.

Ілияс Өсеров Алматының бизнес климатына бұл жағдайдың әсерін тигізбегенін тілге тиек етті. Керісінше, 2018 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ШОБ өнімдері 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға өсті дейді.

Шағын және орта бизнес субьектілерінің 40 пайызының жабылып қалуынан Алматының донорлық әлеуеті әлсірей ме?

"Бұл – алдағы бірер жылда үкіметті шындап ойландыруы тиіс фактор", – дейді экономистер.

Бізде Ұлттық қорды қоспағанда 4 қала – ел бюджетінің доноры.


2018 жылғы 7 айда бюджетке түскен салық көлемі / Мәліметтер ҰЭМ сайтында жарияланған деректер бойынша дайындалды

Бюджеттің орталықтандырудың кесірінен донор аймақтардың қатары азайды

Экономист Әсет Наурызбаев осындай пікірде. Біздің елдегі жағдай нарық заңына мүлдем кереғар екен. Бюджет төменнен емес, жоғарыда бекітіледі. Бұл фактор аймақтарды ынталандыруды тежеп, орталық пен аймақ арасындағы тізбекте пайда көріп қалатын шенеуніктердің санын еселеп өсіреді екен.

– Бұл дамығандық емес, унитарлы мемлекеттің шарты немесе құрылымы. Жергілікті әкімдердің өкілеттілігін арттыру керек, – дейді Әсет Наурызбаев.

Егер, федералды мемлекеттік құрылым болса, әкімдердің өкілеттілігі ұзарады. Аудандық немесе ауылдық деңгейдегі әкімдердің ынталандыруды күшейтеді екен. Ал біздің жағдайымызда мұның бәрі керісінше болып жатыр.

– Бізде бюджет орталықтан әкімдердің ықпалына, бірінші басшыға жаққандығына байланысты бөлінеді. Әкімдер өздері басқарып отырған аймақтардың нақты қажеттіліктері бойынша есептелген қаражатты сұрамайды, қайткенде орталықтан ақшаның көбірек бөліп алуды көздейді. Бұл күресте реформатор әкімнің емес, бірінші басшы алдында сүйкімі бар әкімдердің жолы болады. Орталықтан бөлінген бюджет әкімдердің жағдайын жақсартып, кейбірінің беделін одан сайын көтереді, – дейді Әсет Наурызбаев.

Бағдарламаларды орындау үшін 5-7 пайыздық өсім керек

Сарапшылар бұл мәселе бойынша берілетін 100 түрлі жауаптың барын, бәрінің қисынды екенін айтады. Ал біздің елдің инвестициялық тартымдылығының төмендігі және аймақтарды дамытуға тек қана мемлекеттің мүдделі болып отырғандығы – нақты жағдайды көрсететін шындыққа жақыны.


Мағбат Спанов / Сурет әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Экономист Мағбат Спанов қысқарған бюджеттің әсері еліміздің барлық аймақтарында сезіліп жатқанын айтады. Біз таңдап алған экономикалық модель ескірді, кәдеге жарамайтын болып қалды. Енді оны жаңғырту керек.

– Экономикада инновация жоқ. Шенеуніктер экономикалық картинаны талдаудың орнына

популизммен айналысады. Елбасы қаттырақ айта бастағанда бір қозғалыс болады. Кейін бәрі таз қалпына түседі, – дейді ол.

Оның айтуынша, сауатты және біздің реалды өміріміздің шеңберіне лайықтаған бағдарламалардың жоқтығынан ІЖӨ 2-2,5 пайыздың айналасында қалыпты.

– Бағдарламаларды орындау үшін бізге кемінде 5-7 пайыздық өсім керек. Меніңше, Үкімет экономикалық ашығу дегеннің не екенін білмейді. Қымбат мұнай дәуірінің елесінен әлі шыға алмай жүр. Мұнай заманы қайта оралады деп үміттенеді, – дейді Мағбат Спанов.


2017 жылы маусым айына дейін бюджетке түскен салық көлемі / ҰЭМ сайтындағы мәліметтер бойынша дайындалды

Экономика сарапшыларының айтуынша, республикалық маңызы бар қала атанғанның өзінде Шымкенттің жеке, тәуелсіз бюджеті болмайды. Себебі, елімізде өзін-өзі басқарудың жергілікті функциясы әлі толығымен енгізілген жоқ.

– Жүйесі дамыған унитарлы елдерде кез келген қала өз бюджетін өзі басқарады. Мәселен, Еуропадағы 8000 тұрғыны бар бір қалашығындағы тәртіпті 24 полиция қызметкері ғана қадағалайды. Қала бюджеті осынша полицияның еңбекақысын төлеуге жетеді. Басы артық шығынды және артық штаты ұстамай шектеу әр қаланың жекелей дамуына негіз болады. Елімізде үкімет өзін-өзі басқару жүйесін енгізудің халықаралық тәртіптерін әзірге қолданып отырған жоқ. Сондықтан бюджет тапшылығы бар облыстар донор аймақтарға қаржылай тәуелді. Болмаса, донорлар шарықтап дамып, ал табысы аз аймақтардың экономикасы одан әрмен құлдырап кетер еді, – дейді Мағбат Спанов

Бұл жүйені әлемдік тәжірибеде елдердің социалистік бірлігі деп атайды. Қазір ол қолданыстан шыға бастады.

Тіпті Ресейдің өзі бұл жүйеден бас тартып жатыр.

Аймақтар өзін-өзі асырау керек. Ал бізде билік басындағы шенеуніктер өз құлқынын тойдыруды ойлаумен жүр

Аймақтардың өзін өзі асыруы керек. Солай болуы тиіс екені бәрімізге белгілі. Бірақ "қалай-қайтіп? " деген сұраққа жауап жоқ.

Саясаттанушы Замир Қаражанов Қазақстанда таңдаулы төрттіктен өзге аймақтардың донорлық деңгейге көтеріле алмауы экономикалық саясат үшін жақсы емес дейді.


Замир Қаранжанов / Сурет әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Бұған мемлекеттік саясат, оны жүзеге асыратын шенеуніктер де кінәлі. Біздің кейбір шенеуніктердің бойындағы іскерлік қабілет жоқ, сондықтан қаржының көзін табуды білмейді деп ешкім кінә арта алмайды.

Олар өз қабілеттерін халық алдындағы міндетін атқаруға емес, өзінің құлқыны мен тума-туысының, өз айналасының пайдасына бағыттайтыны жиі-жиі байқалып жүр.

Шенеуніктердің мүддесін әртараптандырмай нәтижеге қол жеткізу қиын

Бұл – саясаттанушы Замир Қаражановтың пікірі. Оның айтуынша, аймақтардың басым көпшілігінің дотацияда отыруы ел дамуын тежейді. Әрбір аймақ, әрбір елді мекен өз арбасын өзі сүйресе, көш түзелер еді. Түйткілді проблемаларды өздері шешулері үшін аймақтарға серпіліс пен еркіндік керек.

Ауылға немесе аудандарға барған әкімдерге өздері бастаған істі соңына дейін жеткізуге мүмкіндік берілмейді. Екіншіден, бизнес климаттың тартымдылығы да көп мәселені шешеді. Бізде Алматы мен Астананың бизнес климатының тартымдылығына мемлекеттік деңгейде мән беріліп, өзге аймақтар ескерілмейді. Бұл реципиент қалалардың қатарының көбеюіне себеп болып отыр, – дейді ол.

Замир Қаражанов орталықтан алыс орналасқан аймақтардың инвестициялық климаты тартымсыз деген пікірге сенбейтінін айтады. Зауыты, кәсіпорындары бар шағын қалалардың біразының атауларының инвестициялық картадан түсіп қалуына КСРО-ның күйреуі себеп болған. Сол уақыттан бері бұл аймақтарды Үкімет ұмытты деуге болады.

– Дағдарыстан ес жиған және кәсіпорындарының табысты жұмыс істей бастағалы Кентау қала үлгісіндегі елді мекенге айналды. Қазақстанның кәсіпорындарында жұмыс істеп тұрған трансформаторлардың 90 пайызы қазір Кентауда жасалады, – дейді ол.

Байлар да жылайды

Донор аймақтардың азайып, реципиенттердің көбеюі әлемдік құбылыс екен.

2013 жылы АҚШ-та автокөлік индустриясының астанасы Детройт қаласы банкрот болды. Сол кезде АҚШ-тың федералдық соты "Детройт қаласы қарызға батты. Енді оның несие берушілеріне ақшаны қайтаратын мүмкіндігі жоқ" деген мәлімдеме таратты.

Бұл – АҚШ тарихындағы ең ірі муниципалды банкрот қала екен. Қазіргі таңда қарызы 18 млрд долларды құрайды.

Сарапшылар несие берушілерден заңды түрде қорғану үшін қаланы банкрот деп танығандарын айтады. 10 жыл бойы банкрот деп жарияланып, кейін еңсесін түзеген қалалар АҚШ тарихында көп. Енді жыл аяғына дейін Детройт билігі қарыздың құрылымын қайта қарау жөнінде жоспарын сотқа ұсынуы керек. Оның арқасында қала билігі зейнетақы мен өзге де бюджет қызметкерлеріне берілетін төлемақының мөлшерін сақтап қалып, салықты төмендетуге мүмкіндік алады.

Соңғы жүз жылда Детройт – АҚШ-тың көлік астанасы аталып келген. Мұнда "General Motors", "Ford" пен "Chrysler" компанияларының штаб-пәтерлері орналасқан.

Қала экономикасы АҚШ автокөлік өнеркәсібінің дағдарысымен бірге шамамен 40 жыл бұрын құлдырай бастаған екен. Қала тұрғындары жұмыс көзін іздеп жан-жаққа кеткен. Қартайған тұрғындарының кәсіппен айналысып, салық төлеп тұруына мүмкіндіктері болмай қалған.

Америкалық эксперт Эдвард Пинтомен 2 наурызда Алматыда өткен IT халықаралық форумда кездесіп, Детройттың жай-күні жайлы сұрағанбыз.


Эдвард Пинто / Сурет әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

– Детройтқа оның банкроттығын қамтамасыз ететін жаңа старт керек. Қаланың қарт тұрғындары банкроттықтың соңғы кезеңін бастан кешіп жатыр. Банкроттық деп тану жағдайды тұрақтандырып, дамуға жол ашады деп үміттенімін, – дейді Эдвард Пинто.

lawinrussia.ru өткен жылдың 16 қазан күні АҚШ-тың 20 қаласына банкротттық төніп тұрғанын жазды. Олардың муниципальды сала қызметкерлері алдындағы қарызы 118 млрд АҚШ долларына жетіпті. Бұл тізімде Чикаго, Филадельфия және Нью-Йорк бар.

Ал Детройттың банкроттықтан айығып келе жатқаны туралы ақпаратты "lawinrussia.ru" осы жылдың қаңтар айында жариялап отыр.

Әзірге, қала билігі әлеуметтік проблемамен айналыспай, кредиторлармен есеп айырысып жатыр екен.

Каталонияның ызғары бізде де сезілуі мүмкін

Былтыр Испаниялық Каталония референдум өткізіп,"Неге біз өзге аймақтарды асырауымыз керек?" деп талап қойды.

Бұл фактор әлемдегі назар аударарлық құбылысқа айналды. Алдағы бірер жылда бізде де мәселеге айналуы мүмкін.

– Қазақстан бұл жағдайдан сабақ алуы тиіс. Үкіметіміз бен депутаттарымыз әлемдік тәжірибеге үңіліп, жіберген қателіктеріне неге талдау жасамайды? Барлық дамыған елдер кезінде соның бәрін бастан кешкен.

АҚШ-тағы Детройтты еске түсірейік. Көп салықтары мен зейнетақының жоғары аударымдарымен "өз көрін өзі қазған" қала. Бизнес ол қаладан қашып кетті, ал Детройт банкрот болды, – дейді Замир Қаражанов.

Ал кейбір сарапшылар бюджеттің орталықтандырылуы – мемлекеттің тұтастығының кепілі дейді.

ЕО елдерінде біздің бір облысымыздың жеріндей ғана шағын мемлекеттердің пайда болуына орталықтандырылған бюджеттен бас тарту себеп болған деген пікірге басымдық береді. 1975 жылы Нью Йорк те банкроттық шегіне жеткен еді.

Сарапшылар Нью Йоркті банкроттықтан салық реформасының құтқарып қалғанын айтады.

Сол уақытта АҚШ Президенттігіне үміткер болған Джеб Буш көлемді салық реформасын жүргізіп, америкалық компаниялардың шетелден қоныс тауып кетпеуі үшін, корпорация табысына салынатын салықты 35-тен 20 пайызға қысқартуды ұсынды.

Ол сонымен қатар 2 триллион долларды құрайтын корпорацияның шетелдегі табысын қайтару мақсатында оған 10 жыл ішінде бөліп төлеуге болатын бір реттік 8,75% салық салуды ұсына отырып, "салық амнистиясын" жүргізуді ұсынды.

Бірақ сарапшылар АҚШ-тың мемлекеттік құрылымын біздегімен салыстыруға болмайтынын айтады. АҚШ-та әрбір штаттың, әрбір қаланың жеке бюджеті бар. Банкрот деп танылғандардың басым көпшілігі – бір кездері өндіріс ошақтары атанған қалалар.

Бұл – өте күрделі мәселе, мемлекеттердің бөлшектенуі осылай бір-бірімен енші бөліспеуден басталған. Бірақ әлемде тұтас қаланы қайта түлету үшін банкрот деп жариялаған тәжірибе көп. Бұл АҚШ тәжірибесінде жиі кездеседі, – дейді экономист Тауболды Жарылғапов.

Тауболды Жарылғапов біздегі жағдайдың әлемде баламасы жоқ екенін айтады.

Бізде жеріне екі-үш мемлекет сиып кететін кейбір облыстар дотацияда, реципиент аймақ болып отыр.

Егер қалалық орталықтардың дамуы "өз бетінше" жүзеге асырылса, ауылдық жерден халықтың бақыланбайтын көші-қон процестеріне, әлеуметтік-экономикалық маргиналдану аймақтарының пайда болуына әкеп соғуы, өңіраралық үйлеспеушілікті одан әрі нығайтуға ықпал етуі және экономиканы әртараптандыруға кедергі болуы мүмкін, – дейді Тауболды Жарылғапов .

Көршіміз Ресейде де донор аймақтар көтеретін жүктің ауыртпалығы еселеніп кеткен

– Бизнес үшін салық ауыртпалығы төмен болса ғана кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне сеп болады, жұмыс орындарының санын арттырады, жұмыс жасауға деген ниетке түрткі боп, инвесторларды тартады деген қарапайым аксиома сияқты мен үшін. Ақырында бұл бюджетке түсетін салық аударымдарын ұлғайтады.

Салық жүктемесін көбейту жұмыссыздықты, ақырында халықтың наразылығын тудырады. Мемлекеттен ештеңе сұрамайтын өзін-өзі жұмыспен қамтушы адамдар орнына өзіміздің "Детройт" пайда бола ма деген зор қауіп те жоқ емес, – дейді Замир Қаражанов.

"tsargrad.ru" порталы мамыр айының 18 күні көршіміз Ресей Федерациясында тек үш аймақ қана донор, қалғандары – реципиент деп жазды.

Аймақтың дамуы біркелкі емес және экономиканы әртараптандыру бағытымен сәйкес келе бермейді екен. Бұл мәселені шешпек болған Үкіметтің талпынысы жағдайды тіптен қиындатып жіберіпті.

2018 жылдың қаңтар айында "Реальное время" порталы көрші елде салықты тек 3 аймақ қамтамасыз етіп отырғанын қайталап жазыпты. Қалған 72 аймақ реципиенттер қатарына қосылған. 2016 жылы олардың саны 60 болатын. Демек, донор аймақтар көтеретін жүктің ауыртпалығы еселеніп кеткен.

Порталда жазылғандай, 2017 жылы Ресейде 9 трлн рубль салық түскен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 32 пайызға көп. Бірақ соған қарамай 12 аймақтың жағдайы мүлде нашарлап кеткен.

Банкрот: Барған із бар, қайтқан із жоқ

Ресей Федерациясындағы аймақтық мәселелермен айналысатын институттың сарапшысы Дмитрий Журавлев аймақтардың салықты дер кезінде төлеуге мүмкіндігі болса, әлдеқашан төлеп қоятынын айтады.

Бұл жолы билік салықты уақтылы төлемесе, есікті алдарынан жабатындарын губернаторларға ескертіп жатыр.

Дмитрий Журавлев Федералды кеңестің аймақтарды қарызға батырып қоюы тиімді емес деген ойды алға тартады. Себебі банкроттық және одан кейінгі кезең туралы мәселе Ресейде де, ТМД елдерінде де заңдастырылмаған.

– Аймақты банкрот деп таныды. Содан кейінгі процесс – бірінші басшыларды түрмеге отырғызады. Мемлекеттің бұдан проблемасы азаймайды. Керісінше, салық төлеп отыратын бір субьектінің қатары кемиді. Банкрот деп табылған субьектінің дүние-мүлкін саудаға салынады. Бұл әдісті облысқа немесе губернияларға қолдануға болмайды, – дейді Дмитрий Журавлев.

Дмитрий Журавлев донор және рециепиент облыстардың жағдайы 2017 жылдан бастап мемлекеттік деңгейде бақыланатынын айтты.

– 2018 жылдан бастап кез-келген аймақтың федералды орталықпен байланысы бірнеше бағытта болады. Бастысы, әрбір аймақтың бюджетінің қалыптасуына басымдық беріледі. Бұл фактор аймақтың дамуы және қаржылық тәуелсіздігінің деңгейін көрсетеді, – дейді ол.

Дмитрий Журавлев Қазақстанның да осы мәселелерді қолға алатындығына күмәнім жоқ дейді. Себебі Ресейде мен Қазақстанда шағын, моно қалаларды дамыту үрдісі бір мезгілде жүрді. Қазір көрші елде қолға алынып жатқан аймақтың федералды орталықпен байланысы туралы бастамалар шағын қалаларды дамытудың жалғасы екен.

Облыстың көшін сүйреуден гөрі утопия жобаларға қаржы сұрау жеңіл

Біздің елде донор аймақтардың жағдайы 2017 жылдан сыр бере бастады.

Экономист-қаржыгер Бейсенбек Зиябеков бюджет теңгерімсіздігін жою үшін кейбір жергілікті аймақтардағы бизнес-субьектілерді бағдарлама бойынша қаржыландыруды азайтқанын айтты. Нәтижесінде салық жүйесі тағы да орталықтандырылды.

– Бұл жолғы өзгерістердің бенефициары – экономикасы әлсіз аймақтар болып қала бермек. Нәтижесінде салықтан түскен табыс барлық аймақтарға тең бөлінеді. Бұл жолы тағы да дотациялық аймақтарды бюджет трансферті арқылы қосымша қоректендіреді. Облыс әкімдеріне экономикалық көрсеткіш маңызды емес. Облыстың көшін сүйреуден гөрі утопия жобаларды қаржыландыру жеңілірек, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Бейсенбек Зиябеков осы кезге дейін реципиент аймақтардың қатарының көбейіп кетпеуі үшін біраз тірліктің басы қайырылғанын айтады. Болашағы жоқ ауылдарды анықтайды. Болашағы барын сақтап қалып, жоғын жауып тастайды.

– Моно қалаларды дамыту үшін бағдарлама қабылданды. Ол бойынша 27 шағын қаланы қамту керек еді. Бірақ оны жүзеге асыратын нақты тетік болмады. Мүмкіндікті шашыратып алдық. Қаржы анда кетті, мұнда кетті. Нәтижесі аз болды, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Осы тұста, экономист Ресейде де шағын қалаларды дамытуға арналған бағдарлама болғанын айтты. Олар бұл бағытқа 1,5 млрд рубль бөлген. Біздің теңгемен есептегенде 7-8 млрд теңге. Ал Қазақстанда 1 жылға 34 млрд теңге, 3 жылға 120 млрд теңге бөлінді. Бізде тіркелген моно қала – 27 болса, Ресейде – 300.

– Үкімет бөлген қаржы мақсатты түрде жұмсалса, 27 қаланың инфрақұрылымы 90 пайызға жаңаруы тиіс еді. Ресей осы бағдарлама негізінде реципиент аймақтардың донорлық мәртебе алуын сатыға бөліп, кезең-кезеңге жүйелеп жатыр. Ал біздің елде донор аймақтардың реципиенттер қатарына қосылуының өзі проблема. Бұл әкімдердің рейтингіне әсер етеді, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Экономикадағы дағдарыс дамуға тежеу жасады

Үкіметтің әдемі қиялын әлдебіреулердің тәбеті бұзып кетіпті. Нәтижесінде ел ішінде "Моно қала деген майшелпек" деген қанатты сөз пайда болыпты.

– Экономикадағы дағдарыс дамуға тежеу болды. Алайда, соған қарай қаражат бөлінгені рас. 48 бірдей қанатқақты, "якорлы" жоба құрылды деп жаһанға жария еттік. Бірақ есеп берген министрліктің өзі соның тек 14-інің ғана жүзеге асырылғанын жариялады. Жартысы сол жобалық күйінде қалған. Егер, олардың өнімдері керек болмаса, пилоттық жобаларды жүзеге асырудың қажеті қанша, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Әкімдер неге шағын және орта бизнесті дамытуға білек сыбана кіріспей отыр? Оның себебін әрқайсымыз білеміз.

Бізде мемлекет тарапынан жәрдем тегін берілмейді. Бизнесіңді бастап, қаржы алатын болсаң, міндетті түрде бірнеше пайыз "шапкасы" бар. Содан қолыңа тиген азын-аулақ қаражатқа жеке ісіңді бастау мүмкін емес. Бұл түсінікті мәселені ашық мойындау қиын. Сөйтіп келіп, "неге жеке кәсіп ашудан ел қашқақтайды?" деген сұрақты өзімізге-өзіміз қойып жүрміз.

– "Шапкасын" да беріп, құжаттарын да түгендеп, тіркетті делік, бизнесмендерді алда күтіп тұрған тағы бір қорқыныш – тексеру. Қолдау көрсеткеннен кейін оның қайда жұмсалып жатқанын бақылау – мемлекеттің міндеті. Бірақ бізде тек қылмыскерді ұстауға құрылған бағытты ұстанып, тексереді. Қайткенде кәсіпкерден кілтипан тауып, тек тықсыруды көздейді. Бизнесмендердің мемқолдауға ықылас таныта қоймауының себебі осы. Кәсіпкерлерде үміт емес, "ертеңгі күні жұмысымыздан бір ши тауып, басымызды шырғалаңға сала ма?" деген күдік басым. Кәсіпкерсің бе, сенен міндетті түрде қате тауып, ауызбастырық алу керек. Сондықтан да бизнесмендер мемлекетпен байланысқысы келмейді, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Менталитетті өзгертпесек, іс алға баспайды. "Кімдердің менталитеті өзгеруі тиіс, бизнесмендердің бе, әлде әкімдердің бе?" деген сауал туындайды.

Бұл – белгілі сарапшы, экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябековтың пікірі. Тек жекелеген моноқалаларды таңдап алып, соларға басымдық беру біздің әлі де жоспарлы түрде жұмыс істей алмай отырғанымызды көрсетті. Жоспарлы жұмыс істей алмау жүйеге айналды.

– Басындағылар өз менталитетін өзгертуі тиіс деп. Оң қолымен бағдарлама жасап, сол қолымен оның жүзеге асуына кедергі жасай беретін болса, бәрі тек қағаз жүзінде қала береді. Қазір моноқалалар туралы бағдарламаның нәтижесін Жаңа өзен мен Кентау көрді. Жаңа өзенге қандай себеппен назар аударылғаны белгілі. Ал Кентау – КСРО кезінен өндіріс ошақтары бар қала. 1990 жылдары талан-таражға түскен жоқ. Ал өзге қалалар туралы үкіметтік деңгейде аз айтылады. Жұмсалған миллиардтардың қайтарымы аз болды. Себебі осы бағдарламаға жауапты тұлға белгіленген жоқ, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Үкіметтің ендігі шешімі елдің болашағын айқындайтыны белгілі болып қалды.

– Бізге осы күнге дейін қолданыста болған экономикалық модельден бас тартуға тура келетін шығар. Бұл өте күрделі. Бірақ қалған өңірді сақтаймыз деп қолдағы барды құрбандыққа шалып жіберуге болмайды. Үкіметке, шындап ойланатын, әкімдерге рейтингтен те маңызды мәселелермен айналысатын кез келді. Донор аймақтарды, бюджеттің алақанына қарап бейімдеу мемлекетті банкротқа ұшыратады, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Қазақстан аймақтарының даму бағыты қандай болу керек?

Саясаттанушы, публицист Артур Нығмет "Ұлт TIMES" республикалық қоғамдық-саяси апталығының 2012 жылы 12 шілдеде жарияланған сараптамалық мақаласында кез-келген мемлекеттің табысты дамуы – аймақтық саясаттың тиімділігіне тәуелді деп жазды. Себебі аймақтарды дамыту билікті орталықсыздандырып, жергілікті өзін-өзі басқару институттары мен өзге де демократиялық институттардың нығаюын көздейді. Бірақ біздің елімізде саяси бостандықты күнделікті қажеттілік ретінде пайдаланарлықтай тұрғылықты халықтың саяси мәдениеті жете ме, оған икемі бар ма, қазіргі билік әлі күнге анықтай алар емес.

Қазіргі таңда көптеген шетелдік мемлекеттерде орталықтан басқару әдісі әлсіреп, биліктің аймақтарға бөлінуі белең алды. Өңірлік дамудың тиімді тетігі ретінде "орталық – аймақ" қатынасын басшылыққа алуға болады. Бұл қатынас аймақтық саясаттың ерек қасиеттерін қалыптастырып, басқарудың өзге де тәсілдері мен құралдарын қарастыруға мүмкіндік береді, – дейді Артур Нығмет.

Жапонияда аймақтық дамудың басты тетігі ретінде жер көлемінің шағындығы мен ұлттық территорияны кешенді түрде пайдалануын айтуға болады. Жапондық тәжірибенің басты ерекшелігі – әр аймақтың дербестігіне баса мән беруінде болып отыр. Өңірлер нақты әлеуметтік даму бағдарламасын қабылдау кезінде өздерінің дербестігін мүлтіксіз пайдалана білді. Еуропалық одақ (ЕО) мемлекеттеріне жүргізілген сараптама бұл елерде ұлттық ерекшеліктерді сақтап, аймақтарды дамытудың жолға қойылғанын айқындады. ЕО аймақтардың әлеуметтік қуаты мен дамуға ынталылығын күшейте отырып, бюджеттік-қаржылық тепе-теңдікті құрып алды.

ЕО елдерінде инновациялық қызмет пен ғылыми-техникалық прогрестің қарқынмен дамуы ішкі жалпы өнім көлемінің 90 пайызға дейін өсуіне ықпал етті. Еуропа экономикасының бәсекегеқабілеттілігін арттырып, дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ететін инновациялық жобаларды қолдау Еуро одақтың экономикалық стратегиясының басымдық берілген бағыты болып отыр. Инновациялық әлеуеттің айырмашылығын ескеріп, одаққа қосылуға үміткер мемлекеттерге экономикалық стратегиясын өзгерту ұсынылды. Бұл өзгерту мемлекеттің көмегімен инновациялық кәсіпорындарды қолдау болады.Салықтық жеңілдіктерді, заңдарды жетілдіруді көздейтін "білімге негізделген экономиканы" дамытуды қарастырады, – дейді Артур Нығметов.

АҚШ пен Канада, Австралия секілді дамыған ірі мемлекеттерде де Қазақстандағыдай өте өзекті проблемалар жетерлік. Олардың қатарына еңбектің жер бөлінісіне икемделіп, аймақаралық кооперациялардың күшеюін, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің жақындауын, тозығы жеткен өндіріс пен аграрлы аудандардың қайта құрылуын, ірі қалалар мен өндірістік агломерациялардың шектен тыс өсуін, пайдалы қазбалары мол шеткері жатқан аудандарды игеруді, қала мен ауыл арасындағы көші-қонды реттеуді, инфрақұрылым жүйелерін жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық жүйелерді жаңартуды, облыстардағы экологиялық ахуалдың жақсаруын, т.б. жатқызуға болады. Бұл елдердегі өңірлер проблемасын шешу жолдары үнемі үлгі етуге келе бермейді. Бірақ, өткеннен сабақ алып, тығырықтан шығудың тың жолдарын іздестіргенде мұның бір пайдасы болары анық.

Әлдебір мемлекеттің тәжірибесін көшіріп, жетістікке тез жетем деу түбірімен қате түсінік. Әлемдік тәжірибенің жақсысы мен жаманын сұрыптап алу керек. Себебі дамудың баршаға ортақ әмбебап үлгісі жоқ. Тек өзара ұқсас ұстанымдары ғана бар. Сол себепті, кез-келген батыс немесе шығыс мемлекеттерінің тәжірибесі мен бағытын айна-қатесіз көшіріп, асығыстыққа жол беру – елімізді тығырыққа тіреуі мүмкін, – дейді Артур Нығметов.

Бағдарлама қабылданды: Нәтиже қандай?

Мұндай құжат біздің елде "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы" деген атаумен 2014 жылы 28 маусымда қабылданды. 2018 жылы бағдарламаны қаржыландыру – 177 611 млн, 2019 жылы – 343 963 млн теңге деп көрсетілген.


Өңірлерді дамытуға әр эылдары бөлінген қаржы / ҰЭМ сайтындағы мәліметтер бойынша дайындалды

Экономист-қаржыгер Бейсенбек Зиябеков біздегі кемшілік бағдарламалар арасындағы сабақтастық байланыстың жоқтығында деген ойға басымдық береді. Осы құжатқа дейін ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010, шағын қалаларды дамытудың 2004-2006 жылдарға, елді аумақтық дамытудың 2015 жылға дейінгі бағдарламалары қабылданған. Бірақ нәтиже аз болды.

Донор, реципиент өңірлер КСРО кезінде де болған. Бірақ ол кезде әрбір колхоз-совхоз жыл соңында жылдық табысының белгілі бір пайызын орталыққа жарна ретінде аударатын. Ол қаржы дотациялық өңірлердің шығынын жабатын. Бұл тәсіл ескірді. Көршіміз Ресейде 2016 жылдан бері донор және реципиент аймақтардың табысы мемлекеттік деңгейде жан-жақты талдана бастады. Реципиент аймақтарды донор аймақ дәрежесіне көтерудің барлық мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Бір ғана мысалды айтайын. Бұрын ішімдік түрлеріне салынатын салықтың 60 пайызы федералды бюджетке, 40 пайызы аймақтарға бөлінетін. 2017 жылдан бастап федералды бюджетке бөлінетін үлес 10 пайызға төмендеді. Сондай-ақ реципиент аймақтардың донор аймаққа көтерілу тетіктері ретінде шағын және орта бизнесті (ШОБ) салықтан босату мүмкіндіктері айтылып жатыр. Осылай, РФ 2025 жылға дейін донор аймақтардың санын 12-ден 20-ға дейін көбейтуге жан-жақты кірісті, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Ал бізде, үкімет мүшелері "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының" өздері сеніп қалған елесінен әлі айыға алмай жүр.

Қазақта "ауруын жасырған – өледі "деген сөз бар. Донор аймақтардың қатары азайып, олардың мүмкіндігі барларының өздері шаршай бастады. ШОБ-тың жабылуы немесе көлеңкеге кетуі барлық аймақта байқалып жүр. Үкімет реципиент аймақтардың жағдайын жеке талдап, оларға қолдау беру арқылы донор қалаларды шаршатпауға болады, – дейді Бейсенбек Зиябеков.