Кредиті кешірілетіндердің тізімі жасалды

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова хабарлады. Ведомство өкілінің айтуынша, несие бюросына 2,2 млн адам туралы деректер берілген. Проблемалық несиелер қоры екінші деңгейлі банктер мемлекет есебінен кредиттері өтелетін 507 мыңға жуық адамды анықтаған.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, банктер мен микро қаржы ұйымдарына ақшалары аударылып қойған. Жақын уақытта қарыздар өтеледі. 5-ші қыркүйекке дейін банктер мен қаржы ұйымдары жарлықтағы талаптарға сәйкес келетін азаматтарға кредиттері кешірілетіні туралы хабарлама таратады. "Бұл үшін халыққа ешқайда барудың қажеті жоқ. Несие ұйымдары барлық жұмысты өздері орындайды" деп атап өтті С.Жақыпова.

"Қазгидромет" ауа райына байланысты Елордалықтарға ескерту жариялады

Синоптиктердің болжамынша, 30 тамызда Бас қалада дауыл соғады және бұршақ жауады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

"Ескертудің ықтималдығы 85-90%" деп жазылған ресми хабарламада.

Назарбаев сыйлығының иегерлері марапатталды

Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы екі адамға берілді. Бірі – МАГАТЭ-нің бас директоры болған, марқұм Юкия Амано, екіншісі – Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Юкия Аманоның МАГАТЭ басшысы лауазымында халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға және ядролық атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласына үлес қосқанын атап өтті. Лассина Зербоның да осы салаға қосқан үлесі аталды.

Ахметов полигоннан зардап шеккендерге Семейден орталық ашуды тапсырды

Биылғы жылдың шілде айында Шығыс Қазақстан облысында Семей полигонынан зардап шеккен халыққа жүргізілген медициналық-әлеуметтік оңалту жұмыстарын талдауға комиссия құрылған. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, аймақта мүгедектерге, оның ішінде балаларға арнайы әлеуметтік қызметтерін ұсынатын 17 ұйым жұмыс істейді. "Семейде орналасқан осындай екі орталықта 18 жастан жоғары 553 адам әлеуметтік оңалтудан өтіп жатыр" деп хабарлады әкімнің орынбасары.

Әкімдік қазіргі таңда өңірде мүгедек азаматтарға арналған оңалту орталығының құрылысын салу бойынша жобаны Ұлттық экономика министрлігіне жолдапты. Облыс әкімі Даниал Ахметов жобаны жүзеге асыруға көп уақыт кетеді деп отыр. Жобасы әзірленіп, қаржысы бөлінгенше 3 жылдан 5 жылға дейін мерзім кететінін айтқан әкім оңалту орталығын Қарағайлыдағы жеке пансионаттан ашу жолын ұсынды.

1-ші қыркүйек демалыс күні жұмыс істейтін мұғалімдерге ақы төлене ме?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетовтың "Ашық диалог" порталындағы блогына осындай сұрақ келіп түсті. Өтініш авторы М.Жұмағалиев министрлік, білім беру басқармалары мен бөлімдері, мектептер білім беру ұйымдарының қызметкерлерін демалыс күні жұмысқа тартуға қатысты бұйрық шығаруға міндетті ме екендігін сұраған. Портал қолданушысы демалыс күні жұмыс істеген мұғалімдерге ақы қалай төленетіні туралы да түсіндіріп беруді өтінген.

Министрдің жауабында қызметкерлерді демалыс күні жұмысқа тартуға жұмысшының жазбаша келісімі керектігі жазылған. Демалыс күнгі жұмысы үшін қызметкердің еркіне сәйкес басқа бір күні демалыс беріледі немесе жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді.

"Қызметкерді демалыс күні жұмысқа тарту мәселесі мәжбүрлеусіз еңбек келісім-шартына отырған қос тараптың өзара келісімі арқылы шешілуі тиіс. Егер жұмыскер жұмысқа шығудан бас тартса, еңбек тәртібін бұзған болып есептелмейді. Сәйкесінше ешқандай құқықтық жауапкершілікке тартылмайды" делінген Еңбек министрінің жауабында.

Жүргенов атындағы өнер академиясында жаңа ректор

Бұл қызметке бұған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болған Ақан Әбдуалиев тағайындалды. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында 2018 жылдың қараша айынан бері ректоры болған Асхат Маемировтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен жұмыстан босатылған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда қанша автокөлік бар. Қазақстан автобизнес қауымдастығының хабарлауынша, елімізде барлық типтегі 4 566 198 көлік пен тіркеме бар. Олардың 3 755 890 данасы немесе 82,2 пайызы – жеңіл автокөліктер. 446 475 ауыр жүк көліктері болса, 241 259 тіркеме мен жартылай тіркеме, 63 058 мототехника мен 59 516 автобус бар. Автокөліктердің көбі елдің оңтүстік-шығысында екен. Көлік маркалары бойынша Қазақстанда ең көп көліктердің көшін ВАЗ/Lada (757 960 дана) бастап тұр. Екінші орындағы Toyota маркалы көліктердің саны – 487 453 авто. Одан кейінгі орындарға Audi – 224 мың авто мен Mercedes-Benz (190 мың) орналасқан.

24.kz: 1 қыркүйекте Президенттік жастар кадр резервіне тіркеу басталады. Тіркеу онлайн платформада жүргізіледі. Іріктеу бірнеше кезеңнен құралған. Үміткерлер алдымен тест тапсырып, кейін эссе жазады. Бұл арқылы қатысушылардың ой өрісі, грамматикасы мен көшбасшылық қасиеттері бағаланады. Онлайн сыннан сүрінбей өткендер бейнежазбалар арқылы өз жобаларын қорғайтын болады. Іріктеу соңында эксперттік комиссия әр үміткермен жеке кездесу өткізеді. Ең көп балл жинаған қатысушылардың кандидатурасы Президенттің Жастар кадрлық резервінің Ұлттық комиссия отырысында белгілі болады. Тағы бір айта кетерлігі, үміткерлерді іріктеу жүйесінде халықаралық стандарттар пайдаланылады. Бұл дегеніміз, комиссия қатысушының аты-жөнін білмейді, тек арнайы код арқылы таңдайды деген сөз. Ол сандар әр кезеңде ауысып отырады.

Тengrinews.kz: Нұр-Сұлтан әкімі қанша жалақы алады? "Сұхбат" бағдарламасы кезінде қала басшысы елордаға ауысқанынан қарамастан жалақысы өзгермегенін айтты. Батыс Қазақстан облысында ол 762 000 теңге айлық алатын. Жалақым өзгеріссіз қалды, алайда еңбек өтіліне байланысты көбейіп отырады. Онда жаңа ештеңе жоқ. Жұмыс тура сол сияқты, алайда елордада жүктеме көбірек" деді Көлгінов.