Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев бүгін Мәжіліске "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызметтегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Астаналық журналистер бұл заң жобасынан басқа сұрақтарын қою үшін Ерболат Досаевты қатты күткен еді. Өйткені, тура бір апта бұрын, 14 мамыр күнгі Мәжіліске шақырылған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков кейбір сарапшылардың пікіріне қатысты "Қазақстанда сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де теңге құнсызданбайды" деп, сенімді түрде айтқан болатын.

Орынбасарына қарағанда төраға "сарапшылар неге девальвация туралы көп айта бастады, сайлаудан кейін теңгенің құнсыздануы мүмкін бе?" деген сұраққа нық сеніммен "жоқ" демеді, бірақ, "теңге құлдырайды" деп те айтпады.


Ерболат Досаев Мәжілісте / Сурет kapital.kz сайтынан алынды

– Сарапшылар өз ойын айтуға құқылы. Мен алдыңғы жылдардағы қатені қайталағым келмейді (...). Сондықтан, болжам жасамай, тек айтарым, болып жатқан өзгерістерді ескергенде, қазіргі курстық саясат ойға қонымды, яғни, болып жатқан оқиғаларға сай. Мұнай бағасының құбылуына қатысты өзгерістерге жауап беретін курс, – деді Досаев журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Ол сондай-ақ, Қазақстанда теңгенің 2015 жылдан бері еркін айналымда екенін еске салды. Бүгін валюта айырбастау пунктерінде бір доллар 379 теңгеге сатылып жатыр.

– Сондықтан, 4 айдағы 4,9% инфляция дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Ал, әрбір сарапшы осы оқиға (Девальвация бола ма, жоқ па? – Авт.) туралы өз ойын айтуға құқылы. Бұл – тек олардың ғана пікірі, – дейді Досаев.

Үй ішінен үй тікпек. Ұлттық банк жаңа агенттік ашуды көздейтін заң жобасын таныстырды

Айтқанымыздай, Ерболат Досаевтың Мәжіліске келген миссиясы – жаңа заң жобасын таныстыру.

– Заң жобасында екі ауқымды бағыт қамтылған. Бірінші бағыт – қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құру, – деді Досаев.

Досаевтың айтуынша, заң жобасына сай 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық банк ішінен қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі Агенттікті құру көзделген. Ұлттық банк сияқты жаңа Агенттік – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын ұйым және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылмақ.

Мамандармен қамту үшін Ұлттық банк қызметкерлер штатын қайта бөліп, 500 маманды жаңа агенттікке ауыстыруды көздеп отыр. Агенттікті құруға республикалық бюджеттен 10 млрд теңге жұмсалады. Бірақ, Ерболат Досаев "Республикалық бюджеттен ақша алсам да, үнемделген қаражаттан бюджетке ақша бермеймін" дейді.

– Қаралып отырған заң жобасына сәйкес, жаңа өкілетті орган құрылып, Ұлттық банктің біраз жұмысы соған беріледі екен, яғни, Ұлттық банк штатын қысқартады. Ал, содан үнемделген қаражат республикалық бюджетке өте ме? – деді Досаевқа сұрақ қойған депутат Омархан Өксікбаев.

– Ұлттық банктің тапқан пайдасы болса, оны үкіметке береміз. Ал, үнемделген қаражаттан республикалық бюджетке бермейміз, – дейді Досаев.

"Ұялмай салыңыз!" Нығматулин банктер төлейтін айыппұл өте мардымсыз екенін айтты

Ерболат Досаев таныстырған заң жобасының екінші бағыты – бұл реттеу мен тұтынушылық кредиттеу нарығындағы жүйелі проблемаларды жою. Досаевтың айтуынша, "Халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол берген банктердің кредитеттеу жүйесіне қатысты тиісті реттеу мен қадағалау құралдарын енгізу керек".


Қазақстанда 30-ға тарта екінші деңгейлі банк бар / Сурет ашық дереккөздерден алынды

– Қазір тұтынушылық кредиттердің өсімі реттелмейтін секторға айналды. Оған онлайн кредиторлар, кредиттік серіктестер жатады. Сондықтан, қарыз алушылардың құқықтары бұзылады. Заң жобасында банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеу жүйесін енгізіледі, – деді Досаев.

Заң жобасында тұтынушылардың құқықтарын бұзған және Қазақстанның өзге де заңдарын орындамаған қаржы инститтурарына айыппұл салу көзделіп отыр. Бірақ, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді аяп отыр ма, әлде, төлеуге мүмкіндігі жетпейді деді ме, айыппұл көлемін небәрі 37 мың теңге көлемінде бекіткен. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нымғатулин бұған мүлде қарсы шығып, заңның екінші оқылымына дейін осы бапты зерттеуді тапсырды.

Бұл мәселеге бірінші назар аударған депутат Аманжан Жамаловтың айтуынша, егер екінші деңгейдегі банк Қазақстан Республикасының заңнамалары анықтаған құқық бұзушылықтарды жою туралы Ұлттық банктің бекіткен талаптарын орындамаса,әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Банк құқық бұзушылықты тағы қайталаса,ұсынылып отырған заң жобасында банктерге 15 АЕК (1 АЕК = 2 525 теңге, 15 АЕК = 37 875 теңге) айыппұл салуды көздейді.

"Қандай негізде қайталанған құқық бұзушылыққа 15 АЕК көлемінде айыппұл салынғалы отыр", – деген депутат сұрағына Ерболат Досаев "Сарапшылар осы 15 АЕК айыппұлды ойға қонымды деп тапты", деді.

– Жалпы, ойланып қарайықшы, – деді сөзге араласқан Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

– Банктер үшін 15 айлық есептік көрсеткіш дегеніміз ақша ма? Шамаман 30 мың теңгенің айналасы. Банк үшін түк емес, солай ма? Тіпті, 50 айлық есептік көрсеткіштің өзі банк үшін қиналатын ақша емес. Оның үстіне, бұл қайталанған құқық бұзушылыққа салынатын айыппұл болып отыр. Сондықтан, Ерболат Асқарбекұлы, ұялмаңыз, заң жобасының екінші оқылымына дейін құқық бұзған банктерге адамның ойына қонымды айыппұл салыңыз.

Ұлттық банк Нұр-Сұлтанға қашан көшеді?

Журналистер ғана емес, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин де бүгін Ерболат Досаевқа осы сұрақты қойды.


ҚР Ұлттық банкінің ғимараты / Сурет ашық дереккөздерден алынды

Ерболат Досаевтың айтуынша, жаңадан құрылған Агенттік Алматы қаласында жұмыс істеп қалады, ал, Ұлттық банктің өзі жуық арада Нұр-Сұлтан қаласына көшуге ниетті.

– Жаңа агенттік Алматыда қалатыны анық. Ал, тиісті заңдар қабылданғаннан кейін Нұр-Сұлтанға көшуге ниеттіміз. Қазір Ұлттық банк осы мәселені жан-жақты қарап жатыр, нақты жауап дайын болғанда, хабарлаймыз, – дейді Досаев.

Досаев Ұлттық банкке елордадан жаңа кеңсе керек екенін, бірақ ЭКСПО-2017 көрмесінен қалған ғимараттарға бармайтынын айтты.

– Өйткені, онда Астана халықаралық қаржы орталығы орналасқан, олар өз алдына, біз бөлек болғанымыз дұрыс. Жақын арада көшу ойымызда бар, сондықтан, инфрақұрылым мәселесін қарау керек.