Жол жүру ақысын электронды төлеу жүйесі 2016 жылдың тоғызыншы қарашасында енгізілген. Ал қала маңы биыл 29 шілдеде электронды төлем жүйесіне толық қосылды.

Қоғамдық көлік жүйесінің басынан дау неге арылмады

Көпшілік бұрыннан дағдыланған жол ақысын қолма-қол төлеу қатар жүретін. Ақша жүрген жер даудан арылған ба? Жиналған жолақы қаржысы қазынаға жеткенше жырымдалып жоқ болатын.

Оқи отырыңыз: Жол-көлік оқиғасында автобус жолаушысына өтемақыны кім төлейді?

Жүйені ұйымдастырушы компания Astana LRT бір жобадан соң бір жобаны жасап әлек. Бүгінге дейін олар нәтиже бермей келген еді. Бұл жолы бәрі өзгеше болады дейді олар.

Бірінші қаңтардан бастап...

– Айлық қағаз абонементтер мен жыртып беретін орама жол жүру билеттері жойылады. Бірақ дәстүрлі, жол ақысын қолма-қол төлеу жүйесі қалады, – дейді Дәурен Нұрәлиев.

Нақтылап айтсақ, Astra Plat көлік картаңыз болмаса, жол ақысын қолма-қол төлейсіз. Ал сізге билетті жүргізушінің қасындағы консольдан шығарып береді. Осылайша, билет сатылғаны жүйеде тіркеледі.

Оқи отырыңыз: Алматы автобустары неге кешігеді? Көлік холдингі түсініктеме берді

Кондуктор деген әзірге қалады. Толық электронды жүйеге көшкенде ғана, кім төледі, кім төлемеді деп бақылап жүреді.

Автобустарды түнімен дайындап жатыр

– Бүгінге дейін жолаушылар желісіндегі автобустардың 70 пайызы валидатор құрылғысымен жабдықталды. Жаңа автобустарда электронды төлем құрылғылары орнатылса да, оны лицензиялауымыз керек. Тек содан кейін ғана олар төлем жүргізе алады. Алайда, автобустардың қатынау жиілігін азайтпау үшін жаңа автобустарды валидатор істесе де істемесе де линияға шығару керек болды. Осы уақытқа дейін кейбір автобустарда болса да валидатордың істемей тұрғаны содан, – дейді Төлем жүйелері департаментінің директоры Дәурен Нұрәлиев.

Оқи отырыңыз: "Сергек" камераларына түспеудің амалдары (видео)

Айтуынша, уақыт аз қалды. Жабдықтау түнімен жүріп жатыр.

Автобуста валидатор істемесе тегін жүруге болады

– Бірақ ол үшін қалтаңызда Astra Plat картасы болуы тиіс. Astra Plat картасын көрсетіп, тегін жүре бересіз. Ал болмаса қолма-қол ақшаға билет алу керек. Бұл электронды картаны қолданудың артықшылығы, – дейді Дәурен Нұрәлиев. – Жаңа жылдан бастап, барлық автопарктер хаттамамен танысып үлгерді. Хаттамаға сәйкес, валидатор істемей қалса, не электронды төлем қабылдау қызметін көрсете алмаса, ол автобус маршруттан алынып тасталады.

Оқи отырыңыз: Lada жеңіл көлігін сатып алушылар саны артты. Қазақстанда қандай көліктер құрастырылады?

Валидатордың істемей қалуы автопаркке тиімсіз болады

– Әр жүргізушінің өзінің жеке логині мен паролі бар. Жұмысқа келгенде логині мен паролін теріп, валидаторды қосады да қызметіне кіріседі. Ал кешке тоқтаған кезде, біз жүйе арқылы, қанша билет сатылды, қандай тарифпен төленді – бәрін көріп отырамыз, – дейді Дәурен Нұрәлиев.

Осылайша, мониторинг жасау арқылы валидатор желіден ажыратылса, оны да көруге болады.


Astra Plat көлік картасының бағасы 400 теңге / Фотоны Астана LRT ұсынды

– Жүргізуші валидаторды өшіріп, тиын-тебенді қалтасына салып алғысы келді делік. Мысалы, ресми түрде қызметін аяқтап, валидаторды жауып тастап, жүре беретін де жағдай болады. Ол кезде валидатор жұмыс істемейді. Валидатор жұмыс істеу үшін ауысым ашық болу керек, – дейді Дәурен Нұрәлиев.

Айтуынша, ендігі жерде әрбір автопарктегілердің өздері валидатор істеп тұр ма, жоқ па деп қадағалайтын болады. Өйткені, мүдделі. Өзгерістің артықшылығы осы.

Билет алмасаңыз, айыппұл төлейсіз

– Astra Plat картасын алмай, валидатор істемейді деп, жол жүру ақысын төлегісі келмейтіндер де болады. Мұндай жағдайда, әкімшілік кодекстің, 622 бабы бойынша екі еселенген АЕК көлемінде (бір айлық есептік көрсеткіш 2269), яғни 4338 теңге айыппұл салынады, – дейді Дәурен Нұрәлиев.

Дифференциалды тариф жүйесі әзір енгізілмейді

– Алдағы уақытта оған да келеміз. Себебі, дифференциалды тариф жүйесін енгізу үшін біз алдымен техникалық тұрғыда толық дайын болуымыз керек. Яғни, жұрт Astra Plat картасын толтыру үшін сенделмей, өзіне ыңғайлы тәсілмен көлік картасына жолақы бірліктерін жүктей алатын кезде ғана, дифференциалды тарифті енгізу туралы ойлана бастаймыз, – дейді Дәурен Нұрәлиев.

Әлеуметтік әлсіз топтар үшін

– Зейнетақы кітапшасын көрсеткендерге жолда жүру тегін. Кітапшасын көрсетіп атаулы жеңілдігі бар көлік картасын алса да болады. Ол тегін. Бүгінде 69 мыңға жуық адам сондай көлік картасын алды. Егер зейнеткерге арналған Astra Plat картасын аламын десеңіз, Қ.Мұнайтпасов, 14 мекен-жайына, орталық кассаға баруыңызға болады, – дейді Дәурен Нұрәлиев.

Мектеп оқушыларына

Балалар картасы – мектеп оқушыларына арналған тариф. Жол жүру ақысы 40 теңге. Әр мектептегі арнайы бекітілген адам арқылы оқушыларға Astra Plat картасы тегін беріледі. Ал жоғалтып алған жағдайда 400 теңгеге сатып алады. Мектеп оқушылары ол үшін фотосуреттерін алып Қ.Мұнайтпасов, 14 мекен-жайына, орталық кассаға барып, атаулы Astra Plat карталарын сатып алады.

Astra Plat картасы істен шықса...

Иә, бұл карталардың да істемей қалатын кезі болады. Өйткені, оның ішінде электронды чип бар. Сонда зауыттан шыққан кездегі ақау болуы мүмкін. Кейде картаны бүктеп иә ұқыпсыз пайдаланған жағдайда чипке зақым келуі де мүмкін. Немесе күннің сәулесінде қалып, не суға түссе де істемей қалуы мүмкін.

Механикалық зақым болса, Astra Plat картасы ауыстырылмайды. Ал егерде зауыттан шыққандағы ақау болса, айырбастауға міндетті. Ол үшін Астана қаласы, Қ.Мұңайтпасов көшесі, 14-тегі мекен-жайға баруыңыз керек.

Astra Plat картасына бірліктерді қалай жүктейді?


Astra Plat көлік картасын сатып алатын RTVM терминал / Фото Dixinews.kz сайтынан алынды

– Қазір карталарға ақша жүктеу үшін арнайы RTVM терминал, қала бойынша мамандандырылған кассалар бар. Одан басқа агенттік нүктелерін ашу үшін жұмыстанып жатырмыз. Қазпоштада, дүкендерде, онлайн ақша аудару және Astana LRT сайтындағы жеке кабинетке тіркеліп, кіру арқылы, картаңыздың номерін жазып, ақша аудару жағы қарастырылып жатыр. Бұйыртса, 2018 жылдың бірінші жартысында онлайн ақша жүктеу үшін төлем терминалдары желісін де іске қосамыз, – дейді Дәурен Нұрәлиев.

Айлық жол жүру тарифі қандай?

Қала ішінде айлық жол жүру тарифі – 7500 теңге. Бірден үш айға төлесеңіз арзанға шығады – 20 мың теңге.

Қала маңында айлық жол жүру тарифі – 9500 теңге.

Балаларға қала ішінде айлық жол жүру ақысы – 1500 теңге. Бірден үш айға төлесеңіз – 4000 теңге.

Балаларға қала маңында айлық жол жүру ақысы – 2000 теңге.

Айлық жол жүру тарифтерін әр айдың 25-нен келесі айдың 15-не дейін толтырып отыруға болады. Тариф ағымдағы бір айға ғана жарамды болып есептеледі.

Astra Plat көлік картасын қайдан алуға болады?

Көлік картасын алмағандар кассалардан және RTVM терминалдарынан сатып алады. Ал картаға ақшаны QIWI и Касса 24 терминалдары арқылы да құюға болады.

  1. Темір жол вокзалы. Вольфган Гете, 1;
  2. "Северный" Сауда үйі, Ш.Қосшығұлұлы, 9;
  3. "Орбита" Сауда үйі, В.Петров көшесі, 1, екінші шағын аудан;
  4. "Встреча" Сауда үйі, Абылай хана, 31;
  5. Біліктілік орталығы, Қ.Мұңайтпасов көшесі, 14, төртінші шағын аудан;
  6. Халықаралық аэропорт;
  7. "Думан" ойын сауық орталығы, Қабанбай батыр даңғылы, 4;
  8. "Asia Park" ойын сауық орталығы, Қабанбай батыр даңғылы, 21;
  9. "Апрель" дүкені. Республика даңғылы, 4;
  10. "Апрель" дүкені. Қ.Мұңайтпасов көшесі, 20-а;
  11. ЦУМ. Бейбітшілік көшесі, 9;
  12. "Жаннұр" Сауда орталығы. Абай даңғылы, 48;
  13. Сарыарқа даңғылы, Мед. Академия жағында;
  14. Сарыарқа даңғылы, жолдың Мед. Академияға қарама-қарсы бетінде;
  15. Сарыарқа даңғылы мен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында;
  16. Сарыарқа даңғылы мен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында, "Хабар" арнасының жанында;
  17. А.Бараев көшесі, БЦК жағында;
  18. А.Бараев пен Ш.Иманбаев атындағы көшелердің қиылысында;
  19. А.Кравцов көшесі, "Жастар" Сауда үйіне қарама-қарсы бетте;
  20. Жастар шағын ауданы, "Жастар" Сауда үйінің қасында;
  21. Министірліктер үйі;
  22. Д.Қонаев көшесінің бойындағы Министрліктер үйі;
  23. Мәңгілік ел даңғылы бойындағы Министрліктер үйі;
  24. Достық көшесінде, "Москва" тұрғын-үй кешеніне қарама-қарсы бетінде;
  25. Төлем жүйелер Департаментінің кеңсесі. Қ.Мұнайтпасов көшесі, 14. (Сағат 9.00-ден 18.00 дейін. Үзіліс 14.00-15.00. Сенбі, жексенбі, демалыс күндер);
  26. Арнайы кассаларда:

Нажимиденова 10/1. Жұмыс уақыты сағат 10.00-19.00. Үзіліс 14.00-15.00;

Темір жол вокзалы. Тәулік бойына.

Қ.Мунайтпасова 14 09:00-19:00

Қабанбай батыр даңғылы, 5.

"Астана" циркі. Жұмыс уақыты сағат 10.00-20.00. Үзіліс 14.00-15.00.

Жолаушылар төлеген жол ақының 20 пайызы кассаға түспейді

Дәурен Нұрәлиевтің айтуынша, арнайы консалтинг компания зерттеу жүргізіп, 850 мың адамның елордада қоғамдық көлік қызметін пайдаланатынын анықтаған.

– Енді қараңыз, біз қоғамдық көлік қызметіне жүгінетін адам саны мен күнделікті түсетін қаражатты салыстыра келе көлеңкелі экономика көлемін жобаладық. Сол кезде түсетін ақшаның 20 пайызы кассадан тыс өтетіні белгілі болды, – дейді ол.

Кондукторлар қалады

– Барлық жолаушы Astra Plat картасын пайдалануға көшсе де. кондукторлар қалады. Бірақ тек кеңесші ретінде ғана. Жүргізуші әрі көлік жүргізіп, әрі жолаушыларды бақылап үлгермейді. Алаңдайды. Ақырында қызмет сапасы күрт төмендеп кетеді деп ойлаймыз, – дейді Дәурен Нұрәлиев.

Компания осылайша, қоғамдық көлік төңірегіндегі проблемалардан құтылуды көздеп отыр. Мәселен, осы жылдың бірінші шілдесінен 31 қазан аралығында көлік бақылау инспекциясы 150 кондукторды әкімшілік жауапкершілікке тартыпты. Нәтижесінде, 1,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Автобуста жол жүру билетін бермесе, мына жерге хабарласыңыз:

Автобус жүргізушісі мен кондуктор дөрекілік танытса, билет бермесе, телефонға сөйлессе, маршрут схемасын өзгертсе, шылым шексе Astana LRTкомпаниясы жолаушылардан мына жерлерге хабарлауын сұрайды. Оларға шұғыл шара қолданылатын болады.

– Контакт-орталық (574-777);

– Telegram-bot@astrabus_bot;

– Компанияның Facebook-тегі ресми парақшасы.