Америкада тегін оқуға ауыл баласына да жол ашық
If you don't know English, you don't have any chances
Тіл білмейтін адамның, әрине, шет елде оқуға мүмкіндігі жоқ. Тегін де, ақылы да. Тіл, әсіресе ағылшын тілі, білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, әлемнің рейтингті оқу орындарында білім алуға жол ашады. Талпынсаң грант та, стипендия да аласың, жатақхана да тегін беріледі. Ал оған қол жеткізудің жолдары қалай?
Америка, Еуропа және Қытайдың сізге ұсына алатын мүмкіндіктерімен танысып көріңіз. Рет-ретімен.
Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл
Ағылшын тілі немесе басқа шет тілі мектеп бағдарламасында терең оқытылатын, одан қалса, арнайы курстар мен репетитордың көмегіне жүгінетін қала баласы үшін аса қиынға соқпайды. Полиглот болу ауыл баласы үшін ауыр. «Ақпараттық-талдау орталығы» акционерлік қоғамының зерттеуіне жүгінсек, ауылдың 9 сынып оқушысы қаладағы қатарласының білімінен 4 балға, 11 сынып оқушысы – 7,33 балға артта қалып отыр. Бірақ, зерттеу орталығының мамандары бұл көрсеткіш ауыл баласы қабілетсіз дегенді емес, оларға терең білім беретін мұғалімдердің тапшы екенін білдіреді дейді.Білім министрлігі бекіткен орта білім стандарты ауылға да, қалаға да ортақ. Бірақ арада көзге көрінбейтін үлкен кедергі бар. Соның салдарынан ауыл мектебінің түлегі тіл үйренуге кемінде бір жылын, тіпті, екі-үш жылын жоғалтады.
11 жыл ауылда оқыса да, Германияда білім алған Серік Солдатхан қалаға келгенде немісше бір ауыз сөз білмегенмін дейді.
"Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Бұлақсай орта мектебінде 11 жыл оқыдым. Ауылымызда жүзге жетпейтін түтін бар, сыныпта жалпы, мектепте де бала саны аз болатын. Неміс тілі оқытылған жоқ, ал ағылшын тілі бағдарламада болғанмен, ұстаз тұрақтамады. Сөйтіп, 2007 жылы 11 сыныпты тауыстым. Ауыл оқушысы болсақ та, Ұлттық бірыңғай тестілеу Астана қаласында, яғни, қала балаларымен қатар өтті. Тестіні ойдағыдай тапсырған соң, Агротехникалық университеттің грантына түстім. Бірақ, қалаға келгенде немісше бір ауыз сөз білмедім", – дейді Серік.
"Университетте неміс тілін таңдап, азын-аулақ ақшамды үнемдеп, ақылы курсқа бардым. Яғни, тілді толығымен университет қабырғасында жүріп үйрендім. Қалаға, жаңа ортаға үйренген соң уақытың реттеле бастайды. Жатақханада немесе қала аралаумен өтетін бос уақытты тиімді пайдаланайын деп, "Wiedergeburt" (немістердің қоғамдық бірлестігі) курсына жазылдым. Курстармен қатар, кітап оқи бердім. Осылайша, бір жарым жыл ішінде неміс тілін бір адамдай меңгердім"
Ауылдан кеткеннен кейін тура екі жылдан соң Серік Еуропада білім аламын деген шешімге келген. Дортмунд қаласындағы университеттердің біріне оқуға түсіп, машина жасау маманы атанып шықты.
Сондықтан, шетелге барып, білім алғысы келетін түлектер үшін бірінші кеңес – уақытты жүйелеп, тіл курсына жазылу керек. Курстан тыс, әлеуметтік желіге кететін уақытты интернеттегі тегін тіл сабақтарына жұмсаған абзал.
Ал Америкаға жол IELTS бен TOEFL-дан басталады
Ал, АҚШ-та білім алу үшін өзіңіз қалаған оқу орнының талабына сай осы екі емтиханның бірін тапсырсаңыз жеткілікті. Мысалы, IELTS емтиханынан Қазақстандағы ағылшын консулдығында немесе сертификатталған халықаралық мектептердің бірінде тапсыруға болады. Бағасы – 50 мың теңге айналасында. Шама келгенше бір-екі апта ерте жазылып қойған дұрыс, өйткені, орын болмай жатады.
Бірінші күні ауызша, екінші күні жазбаша емтихан тапсырасыз. Жауабы екі аптада дайын болады. АҚШ-қа бару үшін IELTS емтиханынан ең азы 6.0 балл, TOEFL iBT-дан 60 баллдан жоғары баға алуыңыз керек. Бұл – бакалавриатта оқу үшін. Ал магистратураға баратын болсаңыз алғашқысынан 7.0 балл, екіншісінен 100 баллдан артық жинауыңыз тиіс. Екі емтиханнан да керекті балл алған соң, ары қарай қамдануға болады.
IELTS пен TOEFL емтихандарынан басқа, Американың оқу орындары талап ететін тағы бір – SAT емтиханы бар. Оны АҚШ-тың өз талапкерлерімен қатар, шетелдіктер де тапсырады. Бұл сынақтан АҚШ-тан басқа, 175 елде өтуге болады. Қазақстанда да.
Жалпы 3 сағат 45 минутқа жалғасатын емтихан талапкердің ағылшын тілінде мәтін оқуын, есеп шығаруын және жазбаша білімін тексереді. Ақылы. Бір рет өте алмасаңыз, тағы бірнеше рет тапсыруға болады.
Он-лайн да мүмкіндік бар. АҚШ-та Sat тапсыру $45 (бүгінгі валюта бағамы бойынша 1 доллар –310 теңге). АҚШ-тан басқа елдерге континенттік қосымша сомалар бекітілген. Еуразия елдері үшін $38 қосылады. Яғни, барлығы $45 + $38 = $83.
Бір емес, бес университет таңдауға болады
Ағылшын тілімен қатар, шетелдік университеттерді де зерттей беру керек. Алғашында қазақ, орыс тілдерінде, тіл меңгерген соң ағылшын тілінде мол ақпарат жинауға болады. Ең алдымен мынаны есте сақтаңыз: АҚШ-қа оқуға барамын деген адам кемінде 1,5-2 жыл бұрын қамдану керек. Ағылшын тілінің емтиханы мен құжат жинау процесі осы 2 жылға кіреді.
Екіншіден, бір емес, бес, тіпті, он оқу орнын таңдап қойыңыз. Бұл ретте АҚШ-тың университеттерін ғана таңдап, колледждерін менсінбей кетуге болмайды. Таңдаған оқу орындарының тең жартысы колледж болса, тіпті жақсы. АҚШ бір қадам болсын жақындай береді. Себебі, Қазақстандағыдай емес, АҚШ колледжерінің беделі жоғары әрі екі жылдан кейін университеттің үшінші курсын жалғастырып оқуға болады.
Тағы бір маңызды фактор бар: алдымен Амерканың ең үздік 30 тіпті, 50 университетінің тізімін жазыңыз. Бұл оқу орындары сіз таңдаған университеттердің қатарына қосылмау керек. Себебі, Американың үздік университеттері мемлекеттік грант пен стипендия тағайындамайды. Яғни, Америкада жоғары білімді тегін алу үшін үздіктер қатарына жатпаса да, студентке грант, стипендия, жатақханадағы орынмен қатар, сапалы білім бере алатын, бірақ рейтингісі 50-ден төмен университеттерді таңдау керек.
Барынша көп оқу орнын таңдағанның артықшылығы бар
Қараңыз, Қазақстанда аттестатыңыз бен тест қорытындысының тұпнұсқасын құжат тапсырып отырған негізгі университеттің қабылдау бөлімі алып қалады. Сол университеттің қабылдау бөлімінде отырып, таңдау пәні сәйкес келетін төрт ЖОО мен төрт мамандықты таңдай аласыз. Бірақ басқа мамандыққа бақ сынау үшін құжаттың түпнұсқасы керек, ал ол грант нәтижесі шыққанша, негізгі университеттің қабылдау комиссиясында жатады.
АҚШ-та олай емес. Сіз қатарынан бес және одан да көп университетке құжат тапсыра аласыз. Және құжаттарыңыздың түпнұсқасын емес, нотариус бекіткен көшірмелерін жібересіз. Бұл жерде біріншіден, уақыт ұтасыз. Бір университет сізге шақырту жібере ме, жоқ па, белгісіз, ал бірнеше университеттен шақырту келеді деген үміт басым.
Ол жақ тиянақтылықты жақсы көрді
АҚШ-тың жоғары білім орындарына оқуға түсу үшін мына стандартты құжаттар қажет:
- Төлқұжат көшірмесі
- Бұған дейін алған біліміңізді растайтын құжат
- Мектеп аттестаты немесе дипломдағы кредиттердің аудармасы мен нотариус арқылы бекітілген транскрипті
- Ұсыныс хат
- Банктегі есепшотыңыздың көшірмесі
- Тіл сынақтарының сертификаты (IELTS, TOEFL, SAT, GRE)
Бұл құжаттарыңыз университеттің сайтындағы талапқа сай толтырылу керек. Құжатыңыз қашалықты тиянақты болса, қабылдау комиссиясы өтінішті соншалықты тез қарайды.
Бүкіл ақпарат университет сайтында
АҚШ-тың кез келген университеті студентке қандай мүмкіндік, қандай мамандық, қандай бағдарлама ұсына алатынын алдын ала нақтылап қояды. Ол әр университеттің сайтында тұр. Жалпы, Америкадағы оқу туралы материал шаш етектен. Біз нақты бір бағыты бойынша жол сілтеп отырмыз. АҚШ университеттерін топтастырған сайт та бар. Осы сайттағы университеттер арасынан "стипендиясы барын" іріктеп алуға болады. Құжат тапсырғанда да тек стипендиясы бар университеттерге тапсырған абзал. Өйткені, АҚШ-та білім алуды кез келгеннің қалтасы көтере бермейтіні анық. Әр университеттің сайтын терең зерттеп, талабына сай келдім деген университетке ғана өтініш тастау керек.
Америка университеттерінің бакалавриатын күзгі семестерден бастау үшін құжатты сол жылдың қысы бастала сала, көктемнен кешіктірмей тапсыру керек. Ал, халықаралық студенттердің дерегі бір жыл бұрын қабылданады. Өтініш беру үшін оқу орнының арнайы порталына тіркелесіз де, құжаттарыңызбен қоса, университеттің үлгісін толтырасыз. Дәл сол порталдан өтінішіңіздің статусы мен қаралу процесін бақылай аласыз.
Шамамен 3-4 айдан кейін құжат тапсырған оқу орындарынан жауап келе бастайды. Біреуі қабылдандыңыз десе, біреуі, "қапаланбаңыз" деп жұбату хат жібереді. Солардың бірін таңдап, оқимын деген растау хат жібересіз. Сізді таңдаған, сіз таңдаған университет жеке куратор бекітеді де ендігі процестердің бәрін кураторыңызбен онлайн талқылап отырасыз.
Дәл осы куратордан грантта білім алудың жолдарын тәптіштеп сұрап аласыз. Кураторға қаржылық жағдайыңызды баяндап, қосымша жеңілдіктер сұрау – оқуға түсу процесінің бір бөлігі деуге болады. АҚШ-тағы кез келген университет шетелдік студенттерге жеке-жеке көңіл бөледі және әр студенттің жағдайын қарап, оған тегін немесе арзан білім ұсынады.
Мысалы, Миссури штатындағы Мэривилл университеті. Шетелдік студенттерге арналған 10 стипендиясы, яғни гранты бар. Бұл университет былтыр студенттеріне қаржылай көмек көрсету үшін (стипендия мен гранттар осының аясында) 99 млн доллар жұмсаған.Оқу орны студенттеріне мемлекеттік, федералдық және жекеменшік бағдарламалар аясында қаржылай қолдау көрсете алады.
Мұнда бакалавриатқа күндізгі бөлімге оқуға түскен студент 6000-14 000 доллар арасында стипендияға ие болады. Ал, қосымша тағы 10 түрлі стипендия бар. Біріншісі – президенттік стипендия. Халықаралық студенттер, яғни, шетелдік студенттердің бәрі қатыса алады. Ұтып алса, төрт жылғы ақысы, жатын орны мен ішіп-жемі түгел төленеді.
Студенттің GPA көрсеткіші (Grade Point Average – аттестатыңызбен дипломыңыздағы бағалардың орташа балы) – 3,75, ал SAT сынағы 27/1290 болуы керек. Биыл осындай стипендия алып үлгеру үшін 2017 жылдың 1 желтоқсанына дейін құжат тапсыру керек.
Қалған стипендиялардың талабы мен көлеміне қысқаша тоқталсақ
Қамқорлық стипендиясы. Шетелдік студенттердің бәрі қатыса алады, алса, оқу ақысы төленеді. Талап – GPA – 3,75; SAT – 27/1290.
Доктор Дональд атындағы стипендия. Халықаралық студенттердің бәрі қатыса алады, оқу ақысы толық төленеді, жатақхана мен тамағы тегін. GPA – 3,25; SAT – 23/1040
«Киберспорт» стипендиясы. Шетелдік студенттердің бәріне арналған. Жылына 2000 доллар беріледі. «Аңыздар лигасы» («Лига Легенд ойыны») мен «Құйын батыр» (Герои Бури) жарыстарынан сынақ алынады.
Мультимәдениет стипендиясы. Оқу ақысының жартысы төленеді. Шетелдік студенттерің бәрі қатыса алады. Талабы – университет кампусында инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға үлесін қосуы керек.
Мелисса Брикей атындағы стипендия. Бұл стипендияға АҚШ-тың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласының Де Ла Саль орта мектебін не осы қаладағы мемлекеттік және жекеменшік мектептерді тәмамдаған студенттер ғана қатыса алады. Оқу ақысы мен жатын орны үшін 8000 доллар беріледі.
Өнер мен дизайн стипендиясы. Жылына 500 доллардан бастап 5000 доллар көлемінде. Шетелдік студенттер құжат тапсыра алады. Бұл гранттың келесі құжаты 2018 жылдың 1 наурызына дейін қабылданбақ. Талап – студент портфолиосын ұсынуы тиіс.
Ән мен би саласындағы стипендия. Шетелдік студенттер қатыса алады. Грант иегерлері оқуға түскеннен кейін іріктеліп, жылына 2000 долларға дейін стипендия ала алады.
Инновациялық стипендия. Жылына 3 000 доллар стипендия тағайындалады. Бірақ, бұған тек АҚШ-тың тұрғылықты студенттері қатыса алады.
Тағы бір мысал ретінде Пенсильвания Штатындағы гуманитарлық Dickinson College оқу орнын таңдап көріңіз. Бұл колледжің IV ғасырға жуық тарихы бар. Шетелдік студенттер үшін 6 түрлі стипендиясы бар. Бәрі де ақшалай. Және алғашқы оқу жылында студенттер кампусынан жатын орын береді.
Қамқорлық стипендиясы. Шетелдік студенттердің бәрі қатысып, жылына 7500 доллар көлемінде стипендия ала алады.Университет бағдарламасындағы ең қиын пәндерден жоғары балл жинаған студенттер қатыса алады.
Кафдра деканының стипендиясы. Жылына 5000 доллар стипендиясы бар. Университеттің тыныс-тіршілігіне белсенді қатысқан және қиын пәндерден жоғары ұпай жинаған студенттерге беріледі. Стипендияға шетелдік студенттер де құжат тапсыра алады.
Джон Дикинсон атындағы стипендия. Стипендия көлемі - 20 000 доллар. Шетелдік студенттердің бәрі қатыса алады. Осы стипендияны аламын деген студент оқу бағдарамасының қиын пәндерінен ең азы 4.0 (А) балл жинау керек. SAT емтиханы бойынша 1350 балл жинап, колледжде жан-жақты білім деңгейін байқатуы қажет.
"Ұлттық марапат" стипендиясы. Бұл стипендияны колледждің негізін қалаған Джон Дикинсон мен Бенджамин Раштың атындағы ортақ грант деуге болады. Стипендия көлемі – 2000 доллар. Қиын пәндердегі бағасы жоғары шетелдік студенттердің бәрі қатыса алады.
Сондай-ақ 15000 доллардан тұратын Бенджамин Раш атындағы жеке стипендия бар. Бұған да шетелдік студенттер қатыса алады. Ең қиын пәндерден 4.0 (А) балын алған және SAT тестінен 1350 балл жинаған студенттер бағын сынаса болады.
Джон Монтгомер атындағы стипендия 10 000 долларды құрайды. Бұл стипендия қиын пәндерден ең жақсы баға алғандар мен белгілі бір салада таланты бар жастарға арналған.
Фулбрайт бағдарламасымен де тегін оқуға болады
Айта кету керек, АҚШ-та магистрлерге арналған Фулбрайт (Fulbright Graduate Student Program) программасы бар екенін көп адам біле бермейді. Ол арқылы бір тиын төлемей-ақ қайта ай сайын 1500-2500$ стипендия алып оқуға болады. Ол туралы нақтырақ мына жерден оқып біле аласыз.
Білім іздесең, Еуропаны да байқап көр
Америкадай емес, Қазақстан жастарыне Еуропаның университеттеріне тегін оқуға түсу оңайырақ. Өйткені, Еуропаның оншақты еліндегі мемлекеттік университеттер шетелдік студенттерді өз жастарымен тең қойып, тегін білім береді. Көбіне ортақ талап – сол елдің мемлекеттік тілін білу керек.
Мысалы, Чехия мемлекеті. Егер сіз чех тілін өте жақсы меңгерген болсаңыз, осы елдің кез келген мемлекеттік университетінде тегін білім ала аласыз. Бірақ, Чехияның ірі қалаларында студент жатын орнын өзі табады.
Германияның талаптары да жеңіл. Неміс тілінен емтихан тапсырып, өз еліңіздегі университетте кемінде 2 жыл білім алуыңыз керек. Немесе, Германияның университетінде бір жыл дайындық курсын оқу міндетті. Бірден айта кетейік, Еуропа университеттері тегін білім алатын студенттің өзінен кітапхана, спортзал тағы басқа қызметтер үшін бір реттік жарна алады. Германияның мемлекеттік оқу орындары студенттің есепшотындағы белгілі бір соманы бір жылға бұғаттайтыны да содан.
Болгария мен Норвегия да шетелдік студенттерді қуана қарсы алады. Оның үстіне, бұл елдердің мемлекеттік университеттері ағылшын тілінде білім беретін бағдарламалар ұсынады. Бірақ, екі елдің де мемлекеттік тілін білу міндетті.
Десе де, бір қарағанда оқу тегін болғанмен, Еуропаның көп университеттері жатахқана бермейді. Сондықтан, бұл елдерде өмір сүру арзан ба, қымбат па, соны зерттеп алған соң ғана құжат тапсырған абзал. Еуропадағы университеттер де құжатты онлайн қабылдайды.
Еуропада тегін оқуға мүмкіндік беретін басқа гранттар
Мысалы, Ұлыбританияда Chievening, Германияда DAAD, ал Еуроодақ қаржыландыратын Erasmus Mundusбағдарламалары.Қытайда да тегін оқу бар
Соңғы уақытта Қытайда оқып жатқан және оқығысы келетін жастарымыздың саны артып келеді. Қытайда тегін білім алуға ниетті түлектер болса, оның да жолдары бар. Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі мен Қазақстанның Білім министрлігі арасындағы келісім, сондай-ақ, Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметаралық келісімі аясында тегін оқуға болады. Білім министрлігінің сайтында Қытайда бакалавриат, магистратура мен доктарантура бойынша білім алу бағдарламасының конкурсы жарияланған.
Студентке қойылатын негізгі төрт критерий бар:
- Қытай тілінің HSK сертификаты
- Аттестат немесе дипломы
- Академиялық кезең аяқталған уақыттағы оқу үлгерімінің бағасы
- Егер магистратура мен докторантурада оқимын десе, Қытайда білім аламын деген мамандығы бойынша Қазақстанның дипломы.
Осы критерийлерге сай талапкер еркін, қазақ немесе орыс тілдерінде шетелге баруының мақсатын жазып, Білім министрлігінің сайтындағы нұсқауға сай, Қытайда тегін білім ала алады. Екі елдің министрліктері арасындағы келісім бойынша биыл 39, ШЫҰ үкіметаралық келісіміне сай 16 грант бөлініп отыр.