Loading...

Бұрханбұлақ – Жоңғар Алатауындағы Қора өзенінің аңғарында орналасқан Орта Азиядағы ең биік сарқырама. Құздан аққан тау суының биіктігі – 168 метр. Ал көзге көрінетін үш құлама судың биіктігі – 114 метр. Төртінші құламаны соқпақ жолмен жоғары шыққанда ғана аңғаруға болады.

Сарқырама Алматы облысы, Текелі қаласынан жоғары орналасқан. Алматы қаласынан – 400 шақырым, ал Талдықорғаннан 130 шақырым жерде орналасқан. Текелі қаласынан Қора шатқалына көлікпен жүретін жол жоқ, дегенмен жаяу жетуге болады. Көлікпен Өскемен трассасынан 30 шақырымдай жүріп, оңға Қапалға барар жолға бұрылып 25 шақырымдай жүру керек. Қапал ауылына жетпей тау жаққа қарай бұрылу қажет. Әрі қарай асфальт бітіп, соқпақ жол басталады. 

Жолды білмейтіндер карта көрсеткен бағытпен жүргені жөн, болмаса жол білетін адаммен бірге барыңыз. Әйтпесе таудың арасында адасу қиын емес. Тау бөктерінде шопандар, жылқышылар, омарташылар жүреді. Олар да туристерге қуана-қуана жол сілтейді.

Тауға бұрылған жолдан сарқырамаға дейін – 55 шақырым жол. Жап-жақын көрінгенімен жол қиын. Бірде құлдилап еңіске түсіп, бірде өрге көтерілу керек. Жолдың ең қиын бөлігі Қора шатқалына түскенде басталады. Бес-алты шақырымға ғана созылса да тік құлама көп. Тауға қарай жолдың өзі ұзақ уақытты алады. Тау ішімен жоғары-төмен жүретіндіктен кез келген машина жолға жарамай бермейді. Асты биік жол талғамайтын көлікпен барған дұрыс. Әйтпесе жолда қалып қойып, басқа көліктерді бөгеуіңіз мүмкін. Өйткені Бұрханбұлаққа барар жол біреу ғана.

Қора шатқалы басталған тұста ирелеңдеп аққан өзен көрінеді. Алып жартастарды бойлай бұралаң тау жолымен төмен түскенде бар сұлулығын бұғып жатқан табиғатқа тамсанбауға болмайды. Өзенді жағалай жүріп діттеген Бұрханбұлаққа жетеміз. 3 000 метр биіктіктегі Безсонов мұздығынан бастау алатын Қора өзені 100 шақырымдай жолды өткеріп Жаркент қаласының тұсында Үсек өзеніне құяды. 

Аңыз бойынша ертеде осы таулы өлкені анасы мен оның жалғыз ұлы мекен еткен деседі. Ана баласын өз өмірінен артық жақсы көріп, көзінің қарашығындай қорғаған. Әрбір ана секілді ол да ұлына байсалды, жуас әйел жолықса екен деп тілеген. Бірақ жас Бұрхан тәкаппар, айтқанға көнбейтін, еркіндікті сүйетін Қора деген сұлу қызға ғашық болады. Мұны анасы біліп қойып Бұрханға Қорамен кездесуге тыйым салады. Екі жастың бірге болғанын қаламай, тауда биік қамал тұрғызып, сонда ұлын қамап қояды. Алайда жас жігіттің қызға деген махаббатының құдыреті сонша тұтқыннан қашып шығады. Қамалды бұзған су Қорамен түйісіп, бірге аға бастайды. Қанша уақыт өтсе де екеуі бірге өмір сүреді. Ал анасы өмірінің соңына дейін жалғыз ұлын жоқтап өтеді. Сарқырама жанындағы "Ананың көз жасы" деген бұлақтың атауы осыдан шықса керек. 

Тағы бір аңыз нұсқасы мынадай: монғолдар Будда мен оның мүсіндік бейнесін "Бұрхан" деп атаған. Бұл мекенде ертеректе монғолдар көшіп қонған болуы әбден мүмкін. Жер-жерді, тау-тасты аралап жүрген монғолдар сарқыраманың көз сүйсіндірер сұлулығы мен қуатына таңдай қағып, оны "Будданың бұлағы" атаған екен. Қора шатқалы басталар тұста тас бетіне қашалған будда бейнесін көруге болады. Қора өзенінің Қараталға құяр тұсында көне Будданың мүк басқан мүсіні бар деседі. Бірақ оны көзбен көрмедік.

Теңіз деңгейінен 2 000 метр биіктікте орналасқан сарқырама мен Қора өзенінің арасы шамамен бір шақырымдай. Өзен жағасына тоқтап, Бұрханбұлаққа жаяу жеттік. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан алып құздан жерге құлаған тонна-тонна судың тамшылары, қалың тозаңдары үстіңізді су қылмай қоймайды. Алыстан гүрілдеп естілетін бұлақ дауысынан айналадағы дыбыстар естілмей қалады. 168 метрден төгілген судан құз жартасты мүк басып, сарқыраған суға күн сәулесі түсіп кемпірқосақ секілді түрлене түседі. 

Сарқырама суы салқын болса да ағыс астына түсіп суға шомылатын туристер көп. Бұрханбұлаққа жазда келген жөн. Маусым-шілдеде мтау шыңындағы мұздықтар еріп, таудан жылға боп Бұрханбұлаққа қосылады да, су арындап құздан жерге құлдилап ағады. Бұл жерге күзде де, қыста да келуге болады. Жылдың қай мезгілі болса да сарқырама сұлулығын жоғалтпайды.

Қора шатқалының климаты құбылмалы, күн шығып тұрғанда кенет жаңбыр жауып кетуі мүмкін. Бір күнде әртүрлі ауа райын байқауға болады. Соған сай шатқалдың табиғаты да түрлі түске боялады.

Сарқыраманы алыстан тұрып та тамашалауға болады. Сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қиядан құлаған су жартастарға соғылып, жан-жаққа шашырайды. Жақын тұрған адамдар сарқырамаға түспей-ақ суға малшынып шығады.

Қора шатқалын ну орман десе артық емес. Шатқалдың төменгі жағы жапырақты, ал жоғарғы жағы қылқанжапырақты болып келеді. Бұл жерде бүлдірген, қойбүлдірген, қарақат, итмұрын сынды жидектермен қатар, алманың бірнеше сұрпы өседі. Аяқ астына қарағанда саңырауқұлақтың да бірнеше түрін кездестіруге болады. Шатқалдан аңқыған шөптердің иісі мұрынды жарады. 

Бұрханбұлаққа келгенде қайда қонам десеңіз екі жол бар: біріншісі – шатырда түнеу,  екіншісі – бұлақ маңындағы эко-кемпинг лагерге қону. Лагерьде шағын үйлер бар. Үш мезгіл тамақ пен жатын орын бір адамға – 14 000 теңге, төрт жасқа дейінгі балаларға тегін. Лагерь "виа ферратамен" айналысу қызметін ұсынады. Бұлақ ағып жатқан құзға өрмелеп шығуға болады. Жартасқа өрмелеуге арналған құрал-жабдықтың бәрі сол жерде. Құлап кетемін деп алаңдауға еш негіз жоқ. 

Бұрханбұлақ биіктігімен ғана емес, әсем табиғатымен, жан тебірентер тыныштығымен адамдарды баурап алады. Мұнда үш айдан бері лагерь құрып жатқан адамдарды кездестірдік. Интернет те, байланыс та жоқ. Тау арасындағы 55 шақырым жол 6-7 сағатты алса да, айналадағы сұлулықты көргенде шаршау сап басылады. Адам мен табиғат жақындасатын, қалада күйбең тіршілікке ілесіп ескере бермейтін нәрселерді түсінетін жер. Бұл жерде шынымен демалып, табиғаттан күш-қуат алуға болады. Бір сөзбен айтқанда әр адам көзбен көріп, табанымен басатын табиғаттың ғажайып туындысы.